Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Қазақша ұл есімдері (А-Ә)

АБАЙ - қазақ есімі, ел ағасы. Абай есімінің мағынасы әр түрлі: абайлағыш, байқағыш, ойшыл деп түсінігі бар. Бұл есім қазір халық арасында жиі қойылады.

АББАС - араб тілінен алынған — қатал, қатыгез, жауынгер. Түрлері - Ғаббас, Қаппас, Қапбас.

АБЗАЛ - араб тілінен алынған - ардақты, аса қадірлі, ең құрметті.

АБЫЗ - араб тілінен алынған — күтуші, қорғаушы, сақтаушы. Жаңа мағынасы — ғалым, білімпаз. Түрлері — Хафиз, Қапыз. Біріккен тұлғалы есім — Абызбай.

АБЫЛАЙ - араб тілінен алынған есім - абыл, әбіл — ата, әке. Әбділмәмбет деген есімнің қысқарған түрі.

АБЫЛҒАЗЫ – араб тілінен ғазы — жауынгер, әскер, яғни жауынгердің, әскердің атасы, әкесі.

АҒАБЕК – көне түркі тілінен алынған аға + бек. Жас жағынан немесе лауазым жағынан үлкен, жоғары бек.

АҒЗАМ - араб тілінен алынған — зор, ең ұлы.

АҒЫН – қазақ есімі - ағыны қатты, лек, екпін.

АДАЙ –көне түркі тілінен алынған - балапан. Бала, сәби, перзент деген ауыспалы мағына береді.

АДАМ - көне еврей тілінен - қызыл, жирен түсті ер адам (балшықтан жасалған кісі, пенде). Біріккен тұлғалы есімдер — Адамбек, Адамбай.

АДЫРБАЙ - қазақ есімі — адыр — биік, дөң, қыр + бай.

АЖАРБЕК - қазақ есімі - ажар — әдемі, шырайлы, көрікті, келісті + бек. Яғни аса көрікті, өте әдемі, келбетті.

АЗАМАТ – араб тілінен алынған - ұлылық, даңқ, нағыз ер жігіт, саналы адам.

АЗАТ - иран тілінен алынған - ерікті, еркін, тәуелсіз адам. Біріккен тұлғалы есімдер - Азатбай, Азатбек.

АЙӘДІЛ - қазақ тілінен - ай + араб тілінен - әділ. Әділ, адал, шыншыл.

АЙБАР – қазақ есімі — айбат, айбын. Бұл есім сәбиге айбатты, айбынды болсын деген мақсатпен қойылады. Сыйлап, құрметтеп айту түрі — Айаға, Айеке, еркелетіп айту түрі — Айбаржан, Айке, Айкеш, Айкен.

АЙБАС – қазақ есімі — ай + бас, ай сияқты ашық, жарқын жүзді адам.

АЙБАТ - қазақ есімі - айбар, қаһар, айбын. Бұл есім сәбиге батыл әрі батыр, айбынды болсын деген мақсатпен қойылады.

АЙБЕК – қазақ есімі - ай + бек — берік, мықты. Сәби ғұмырлы, беделді болсын деген тілекпен қойылған есім.

АЙБОЛ – қазақ есімі - ай + бол — айдай айқын, жарық бол деген мағыналы есім.

АЙБОЛАТ – қазақ есімі - ай + болат - болады — менін айым болады.

АЙБЫН – қазақ есімі. Мағынасы айбар, айбат, батылдық.

АЙҒАЛИ – қазақ тілінен алынған - ай + араб тілінен - ғали — биік, жоғары. Бала әрдайым жоғары мұратқа ие болсын деген тілекпен қойылған болса керек.

АЙДАН – қазақ тілінен алынған - ай + дан — қосымша. Бұл есім бала айдан да жарық, көркем болсын деген тілекпен қойылған.

АЙДАР - қазақ тілінен алынған есім. Балалардың төбесіне қойылған шашы. Ал айдарлы сөзі «мықты, күшті, зор» деген мағынада қолданылады. Біріккен тұлғалы есімдер — Айдархан, Айдарлы, сондай-ақ синонимдік есімдер — Кекіл, Тұлымхан.

АЙДАРҒАЛИ – араб тілінен айдар — күшті + ғали — биік, жоғары. Бұл есімнің бірінші нұсқасы Хайдарғали болу керек. Бұл есімнің бірінші сыңарын хайдар «арыстан» деп білсек, екінші сыңары араб тілінен — ғали - Әли. Сонда Хайдарғали арыстан Ғали, батыр Әли деген мағынаны білдіреді. Түрі — Айдаралы.

АЙДАРХАН – қазақ сөзі - айдар, араб сөзі - хайдар + қазақ сөзі - хан, яғни арыстан, жаужүрек хан деген мағынаны береді.

АЙДОС – қазақ есімі - Айдын досы.

АЙДЫН - қазақ есімі — айбат, айбын, каһар, күш-қуат, айқын, ашық, жарық. Біріккен тұлғалы есім - Айдынғали.

АЙЖАРҚЫН – қазақ есімі. Ай және жарқын сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы есім.

АЙЖАРЫҚ - ай және жарық, қазақтың сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы есім. Бала ай жарығындай болып, шапағаты басқаға тисін деген тілекпен қойылған есім.

АЙЖАС - ай және жас, қазақ сөдерінен жасалған біріккен тұлғалы есім. Өмірге жана келген сәбиді жаңа туған жас айға теңеп қойылған есім.

АЙЗАТ – қазақтың сөзі ай + иран тілінен алынған зада — «бала» сөздерінен жасалған есім. Ай сияқты аса әдемі, көрікті бала деген мағына береді.

АЙҚЫН – қазақ есімі. Мағынасы әйгілі, белгілі, нақты.

АЙМАҒАМБЕТ - қазақ сөзі - ай + араб сөзі мохаммад — мақтаулы. Айтмақамбет, Аймухамбет деп те айтыла береді. Қысқарған түрі — Аймаған, Аймат.

АЙМАҚ - қазақ есімі — өлке, қиыр, атырап, айнала, маңай, төңірек.

АЙМҰРАТ – қазақ сөзі - ай + араб сөзі морад - мақсат, тілек. Ай сияқты айқын, жарық тілегім, мақсатым деген ниетпен қойылған есім.

АЙНАБЕК – біріккен қазақ сөздері айна + бек. Пәктіктің, тазалықтың, адалдық пен шынайылықтың бейнесі.

АЙНАН - араб тілінен алынған гайнан — шын, дұрыс, тура.

АЙРАТ - араб тілінен алынған - құрметті, қадірлі.

АЙСА – көне еврей араб есімі. Ғайса — Қазақ, қырғыз, өзбек тілдерінде Ғайса, Қиса, Иса түрінде кездеседі.

АЙСАУЫТ - ай және сауыт қазақ сөздерінен біріккен көне есім. Айдай айқын, ай сияқты жарқырап мәңгі тұрсын деген тілекпен қойылған.

АЙСҮГІР – қазақ есімі. Ай және сүгір — әскер, жауынгер сөздерінен жасалған көне есім.

АЙТАҚЫН - араб тілінен алынған эйдь — айт мейрамы, иран тілінен алынған акун — өлең шығарушы, жыршы. Айт мейрамы күні туған балаға осындай ат қойылатын. Біріккен тұлғалы есімдер - Айтбай, Айтжан, Айтбек.

АЙТАН - қазақ сөздернен біріккен ай + тан. Таң сөзінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген нұсқасы, яғни жарық, жарқыраған ай.

АЙТАС - ай + тас қазақ сөздерінен жасалған есім. Бала өмірі ай сияқты жарқын және тас сияқты мықты, берік болсын деген тілекпен қойылған есім.

АЙТЕМІР - ай және темір қазақ сөздерінен жасалған есім. Бала айдағы темірдей мықты әрі берік болсын деген тілекпен қойылғаны байқалады.

АЙТҚАЛИ – араб есімі эйдъ — айт мейрамы, ғали — жоғары, биік деген мағынаны білдіретін сөздерінен жасалған есім. Бала келешекте ең кұрметті, жоғары мөртебелі болсын деген ұғымда қойылып отырған.

АЙТУАР - қазақ ай және туар сөздері арқылы жасалған есім. Балаға бақыт, ырыс тілеуге байланысты қойылып отырған.

АЙТУҒАН – қазақ есімі. Ай туған мезгілде дүниеге келген балаға осылай ат берілген.

АЙТУДЫ - (қараңыз: Сарман).

АЙШУАҚ – қазақ есімі. Ай сияқты сәулелі, жарық, көнілі шуақты болсын деген тілекпен қойылған есім.

АЙШЫҚ – қазақ есімі. Туған ай бейнесіндегі өрнек, сән.

АҚАЙ - қазақ ақ және ай деген екі сөзден бірігіп жасалған есім. Ата-ана баласын айдай аппақ, таза, кіршіксіз, адал болсын деп ырмандап қойған есім.

АҚАН - иран тілінен алынған аһен — темір.

АҚАТ - араб тілінен алынған әхәд— бір, бірлік, жалғыз, жалқы. Тұңғыш балаға берілетін есім.

АҚБАЙ - қазақ ақ және бай сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы есім. Бұл есім бала адал, ак ниетті болсын деген ниетпіен қойылған.

АҚБЕРДІ – қазақ сөзінен ақ немесе араб сөзінен хәққ — сый, тарту + қазақ сөзі, берді; яғни ағынан берді. Еркелетіп айтылатын түрі — Ақтай.

АҚБОЛАТ – қазақ сөзінен ақ + иран сөзінен болат - құрыш. Бала саф құрыштай берік, мықты болсын деп қойылған есім.

АҚЕДІЛ - өзен атына байланысты қойылған есім. Мұндай есімдер әдетте бала өзен жағасында туған ағдайда қойылған.

АҚЖАН - қазақ есімі адал, таза адам, ак көңіл жан. Ақмұқан, Ақжол, Ақтанлақ сияқты есімдердің еркелете айту түрі.

АҚЖАРҚЫН - ашық жарқын жүзді, шат-шадыман.

АҚЖОЛ - өмірге алған бағыты, ашық, айқын, жолы сара, таза деген мағынаны білдіреді.

АҚЖІГІТ – қазақтың ақ және жігіт сөздері арқылы жасалған есім. Мықты, қайратты азамат деген мағынаны білдіреді.

АҚҚОЗЫ - қозы сияқты сүйкімді, әдемі, көркем болсын деп, қозыға балап қойылған есім.

АҚНАЗАР - есім құрамындағы ақ сөзі арабтың хак «әкім, пайғамбар» деген сөзінін тіліміздегі өзгерген түрі. Назар араб тілінен алынған нәзәр — қарау, көзқарас, көз салу, ықылас, ілтипат. Демек бұл есім құдіреттің назары, ілтипаты деген мағынаны білдіреді. Хақназар, Қақназар деп те айтылады.

АҚПАНБЕТ - ақпан — февраль айының қазақша аты; бет кісі аттарына қосылатын қосымша. Ақпанда туылған балаға осындай ат қойылған.

АҚСҰЛТАН - есім құрамындағы ақ арабтың хақ «әкім, әмір» сөзінің тіліміздегі өзгерген нұсқасы. Алсұлтан арабтың солтан «әкім, билеуші, мемлекет басшысы» деген сөзі.

АҚТАҢ - ертеде таң атып келе жатқанда туған балаға осындай есім берілген.

АҚТІЛЕК - бала бақытты болсын, ата-ананың ақ ниет, тілегі орындалсын, деген мақсатпен қойылған есім.

АҚҚОЖА - қазақ тілінен ақ — таза, адал, немесе араб тілінен хак — әкім, әмір. Қожа араб тіліненХоджа — мырза, үйретуші, ие. Адал үйретуші деген мағынаны білдіреді.

АҚШОРА – қазақ сөзінен ақ және көне түркі тілінен алынған шора — мырза, бек, шонжар. Ақсүйек деген мағынаны береді.

АҚЫЛБАЙ - араб тілінен алынған ахл + бай. Ақылға бай деген мағынада. Еркелету тұлғалары — Ақылжан, Ақылтай, Ақыш.

АҚЫЛБЕК - ақылды, сергек болсын деген тілекпен қойылған есім.

АҚЫН - иран тілінен алынған ақун — өлең шығарушы, жыршы. Біріккен тұлғалы есімдер — Оразақын, Әлақын, Нұрақын, Байақын, Тұрдақын.

АҚЫНЖАН - бала ақын болсын, ақынжанды болсын деген тілекпен қойылған есім.

АҚЫРАП - араб тілінен алынған ахраб — шаян. Октябрь айына сәйкес зодиак белгісі. Сол айда туған балаға қойылатын есім.

АЛАЙ - көне түркі тілінен— отряд, бөлім, рота, батальон, полк.

АЛАУ - шымқай қызыл түс.

АЛБАТ - араб тілінен алынған албат — түс, түрлі-түсті әң, түр.

ӘБДУӘЛИ - араб тілінен алынған уали — әкім, әмір, басқарушы, үкімет уәкілі.

ӘБДІ - араб тілінен алынған — мәңгі, шексіз.

ӘБДІБАЙ - араб тілінен алынған ғабд + қазақ сөзі бай. Яғни мәңгі бай.

ӘБДІБАҚИ - араб тілінен алынған ғабди + бахи - мәңгі, мәңгілік, яғни мәңгі жасаушы, ұзақ өмір сүруші пенде, адам.

ӘБДІБАҚИТ - араб тілінен алынған ғабд + бахит - бақыт. Мәңгі бақытты деген мағынаны береді.

ӘБДІБЕК - араб тілінен алынған ғабд + қазақ сөзі бек, яғни қашанда күшті, мыкты, берік.

ӘБДІҒАЗИЗ - араб тілінен алынған ғабд + ғазиз — қадірлі, қымбатты.

ӘБДІҒАЛИ - араб тілінен алынған ғабд + ғали — қымбатты, қадірлі, сүйікті, яғни аса қымбатты, қадірлі, артық, қашанда сүйікті, сүйкімді. Еркелете қысқарту тұлғасы — Әбдеш, Әбікен.

ӘБДІҒАППАР - араб тілінен алынған ғабд + ғаффар — кешіруші. Кешірімді әміршінің, жаратушының құлы.

ӘБДІҒОЖА - араб тілінен алынған ходжа — мырза, мұғалім үйретуші ие.

ӘБДІЖАППАР - араб тілінен алынған джәббар — құдіретті, күшті.

ӘБДІЖӘМІЛ - араб тілінен алынған ғабд + жамил - сұлу, өте әдемі, сүйкімді; қайырымды ақкөңіл, сыпайы.

ӘБДІКӘРІМ - араб тілінен алынған ғабд + карим — қолы ашық, жомарт; ақкөңіл, кең пейіл, сүйкімді, әдемі.

ӘБДІҚАДЫР - араб тілінен алынған ғабд + қадир құдіретті, артықшылық, лайықты, басымдылық деген мағынаны білдіреді.

ӘБДІҚАЙЫМ - араб тілінен алынған ғабд + каим, мәңгі өмір сүретін, мәңгілік.

ӘБДІҚАИЫР - араб тілінен алынған ғабд + каир — жақсы, мейірман, мейірімді, жақсылық қылушы, қайырымдылық жасаушы.

ӘБДІХАЛЫҚ - араб тілінен алынған ғабд + халық, жұрт, қауым, ел, халықтың, елдің қызметшісі.

ӘБДІМӘЖИТ - араб тілінен алынған ғабд + мажит — күшті, атақты, даңқты. Атақтылардың, даңқтылардың қызметшісі.

ӘБДІМАНАП - араб тілінен алынған ғабд + манап - ақсүйек, асылзада. Қысқартып еркелетіп айтылатын түрі — Әбдеш.

ӘБДІМӘЛІК - араб тілінен алынған ғабд + малик — патша. Патшаның қызметшісі.

ӘБДІНАСЫР - араб тілінен алынған ғабд + насыр жәрдем беруші, жеңімпаз.

ӘБДІНҰР - араб тілінен алынған - мәңгі жайнап, жасарып тұрушы.

ӘБДІРАҚЫМ - араб тілінен алынған рахим — қайырымды, мейірімді, рақымды, мейрімділікті, рақымы түсушіліктің құлы. Қысқарған түрі — Әбдірақ.

ӘБДІРАХМАН - араб тілінен алынған рахман — рақымды, мейірімді, кішіпейіл. Мейірімділіктің құлы. Қысқартылып Әбдірақ, Әбіш деп айтылады.

ӘБДІРАШИД - араб тілінен алынған рашид — саналы, ақылды, парасатты.

ӘБДІРӘСІЛ - араб тілінен алынған расул — елші, уәкіл, хабаршы. Синонимдері — Абдрасіл, Әбдрасыл.

ӘБДІРЗАҚ - араб тілінен алынған рәззак — өмірге ризық беруші. Синонимдері — Әбдіразақ, Әбдіраззақ.

ӘБДІСАМАТ - араб тілінен алынған самад — мәнгі, тұрақты, яғни мәңгі өмір сүруші. Синонимі — Әбсамат.

ӘБДІСАЛАМ - араб тілінен алынған сәлам — бейбітшілік, тыныштық. Тыныштықты, бейбітшілікті жақтаушы. Синонимі — Әбсалам.

ӘБДІСАТТАР - араб тілінен алынған сәттар — кешірімшіл, корғаушы; қорғау, қорған болу.

ӘБДІСЕЙІТ - араб тілінен алынған сейидь, — мырза, бастық, қожа, яғни, мырзаның пендесі, орындаушысы деген мағынаны білдіреді. Түрлері — Әбдулсейіт, Әбсейт, Әбусейіт, Әбшейіт.

ӘБДІХАЛЫҚ - араб тілінен алынған хәлк — жаратушы, жасаушы; халық, жұрт, яғни халыққа қызмет етуші.

ӘБДІХАМИТ - араб тілінен алынған хамид — мақтаулы, мақтауға лайық. ӘБДІШҮКІР - араб тілінен алынған шукран — құрметтеу, сыйлау, алғыс айту, мақтау, мадақтау. ӘБЕТ - араб тілінен алынған абад — мәңгілік, шексіздік, ұзақ өмір сүруші деген мағынаны береді. ӘБУ - араб тілінен алынған абу — әке.

ӘБУБӘКІР - араб тілінен алынған абу — әке + бикер — тұңғыш; кіршіксіз пәк, таза. Тұңғыштың әкесі деген мағынаны береді.

ӘБУҒАЛИ - араб тілінен алынған абу — әке + ғали биік, жоғары, зор.

ӘБУҒАЛЫМ - араб тілінен алынған абу - әке + ғалим — оқымысты, ғұлама. Көп білетін білімді деген мағынаны білдіреді.

ӘБУНАСЫР - араб тілінен алынған абу - әке + наср — жәрдем беруші, көмекші; жеңімпаз. ӘБУСАДЫҚ - араб тілінен алынған абу — әке + сәдик — адал, таза, шыншыл, адалдық, тазалық.

ӘБУТӘЛІП - араб тілінен алынған абу — әке + талиб — білім іздеуші; сұраушы; студент.

ӘБІЛ - арабтың әбу — әке деген мағынаны білдіретін сөзінің сөйлеу тілдегі айтылу формасы. Бұл сөз біріккен тұлғалы кісі аттарының сыңары ретінде жиі кездеседі. Мысалы: Әбілғазы, Әбілманап, Әбілтай, т. б.

ӘБІЛҒАЗИЗ - араб тілінен алынған ғазиз — күшті; сирек, бағалы; суйкімді, сыпайы, қадірлі.

ӘБІЛҒАЗЫ - араб тілінен алынған ғази — жауынгер, әскер.

ӘБІЛҚАЙЫМ - араб тілінен алынған кәю — мәңгілік өмір сұруші.

ӘБІЛҚАЙЫР - араб тілінен алынған хаир - мәңгі жақсылық, рақымдылық, жақсылық пен ізгіліктің әкесі, атасы.

ӘБІЛПЕЙІЗ - араб тілінен алынған фәйз — асыптасу, молшылық; жомарттық байлық; жеңуші, жеңімпаз. Жомарттықтың атасы деген мағына береді.

ӘБІЛҚАН – қазақ тілінде хан — әмірші. Әміршінің әкесі деген мағына береді.

ӘДИ - араб тілінен алынған ады — басшы, жетекші, қолбасшы, басқарушы.

ӘДІЛ - араб тілінен алынған ғадил — әділдік, шыншылдық, ақиқаттық, дұрыстық. Біріккен тұлғалы есімдер — Әділбай, Әділбек, Әділғазы, Әділхан, Әділжан, Жанәділ, Бекаділ, Нұрәділ, Жүмәділ, т. б.

ӘБІЛҚАСЫМ - араб тілінен алынған хасым — сұлу, әдемі.

ӘЖІБАЙ - көне түркі тілінен келген әжі — аға + бай. Бұл әжі сөзі біріккен тұлғалы кісі есімдерінің құрамында қолданылып, кейде қажы, әжі түрінде жиі кездеседі. Ондай біріккен тұлғалы есімдер — Әжібек, Әжіғали, Әжігерей, Әжімұкамбет. Еркелете қысқартып айту тұлғалары — Әжікен, Әжтай, Әжік.

ӘЗЕЛ - араб тілінен алынған азил — мәнгілік, өмірлік.

ӘЗЕРБАЙ - иран тілінен алынған азер — от + қазақ сөзі бай, яғни батыл, ер жүрек адам. ӘЗІЗ - араб тілінен алынған азизъ — қадірлі, қымбатты, құрметті, сүйкімді, аяулы, бағалы. Біріккен тұлғалы есімдер — Әзізбай, Әзізбек, Әзізқан, Әзізғали, Әзізғожа, Әзізәли, Әзізжан, Әзізсейіт. Еркелете қысқартып айту тұлғалары Әзізтай, Әзтай, Әзкен, Әзкеш. Түрлері — Ғазиз, Ғазис.

ӘЗІЛХАН - көне түркі тілінен келген азілу — мұрагерлік, рулық, тайпалық + хан.

ӘЗІМ - араб тілінен алынған азимь — ұлы, үлкен атақты; күш, қуат, құдірет. Біріккен тұлғалы есімдер — Әзімбай, Әзімхан, Әзімжан.

ӘКПАР - араб тілінен алынған акбар — ұлы, өте үлкен, зор, құрметгі. ӘКРАМ - араб тілінен алынған әкремь — құрметті, сыйлы, мархабатты, мейірімді, нағыз мырза. Біріккен тұлғалы есімдер — Әкрамбай, Әкрамбек.

ӘКІМ - араб тілінен алынған хаким — дана, данышпан, кемеңгер. Біріккен тұлғалы есімдер — Әкімбай, Әкімбек, Әкімғожа, Әкімжан, Әкімнұр, Әкімтай, Әкімхан.

ӘЛҒАЗЫ - араб тілінен алынған әлқаузын — жаугер, шерік, қосын.

ӘЛИ - араб тілінен алынған ғали — биік, аса зор, заңғар. Біріккен тұлғалы есімдер — Әлиайдар, Әлиасқар, Әлиахмет, Әлихан, Әлиақпар. Синонимдері — Ғали, Қали, Әлі.

ӘЛИАЙДАР - араб тілінен алынған ғали , хәйдәр - арыстан, яғни арыстандай күшті, қайратты Әли. Қыскартылып айтылатын түрі — Әлкей.

ӘЛИАСҚАР - араб тілінен алынған ғали — асқар, яғни құдіретті Әли деген мағына береді.

ӘЛІНҰР - араб тілінен алынған ғали + нур — көркі, ажары артық, әдемі деген мағынаны білдіреді.

ӘЛІБИ - араб тілінен алынған ғали + қазақ тілінен алынған би. Жоғары мәртебелі би деген мағыналы есім.

ӘЛІМ - араб тілінен алынған ғалым — білімді, білгір, дана; оқымысты, ғалым. Біріккен тұлғалы есімдер Әлімбай, Әлімбек, Әлімжан, Әлімқұл, Әлімхан т. б. Түрі — Ғалым.

ӘЛІШЕР - араб тілінен алынған ғали — жоғары, биік + шер — арыстан.

ӘМЕТ - араб тілінен алынған — мерзім, шек.

ӘМИН - араб тілінен алынған — адал, сенімді; кауіпсіз, игілікті.

ӘМІР - араб тілінен алынған — әкім, бастық; нұсқау. Біріккен тұлғалы есімдер - Әмірбай, Әмірбек, Әміржан, Әміртай. Синонимі — Міртай.

ӘМІРБЕК – көне түркі тілінен келген, дос, сүйікті жолдас. Біріккен тұлғалы есім — Әміржан.

ӘНЕС - араб тілінен алынған — анис — дос.

ӘНУАР - арабтың нұр сөзінің көпше түрі. Мағынасы — нұрлы, ең жақсы, жарық, жарқыраған. Біріккен тұлғалы есімдер — Әнуарбек, Әнуархан.

ӘПСАЛАМ - араб тілінен алынған гәфф + салам - қайырлы, бейбітшілік, тыныштық.

ӘПСАМАТ - араб тілінен алынған гәфф + сәмәд - ізгілікті, мәңгілікті.

ӘРІП - араб тілінен алынған әриб - қабілетті, білетін, білгір, түсінетін; дана, данышпан. Біріккен тұлғалы есімдер — Әріпбай, Әріпжан, Әріпқан.

ӘСЕР - араб тілінен алынған асир - әсер; ықпал; ескерткіш, белгі.

ӘСЕТ - араб тілінен алынған асад - арыстан; жылдың бесінші айына тән. Зодиак белгісі. Синонимдері — Арыстан, Хайдар, Шер.

ӘСКЕР - араб тілінен алынған гаскер — әскер, қосын, жауынгер. Түрлері - Әшкер, Ләшкер. Біріккен тұлғалы есім - Әскербек.

ӘУЕЗ - араб тілінен алынған ауыз - дауыс, дыбыс, үн. Біріккен тұлғалы есімдер — Әуезбай, Әуезбек, Әуезқан.

ӘУЕЛ - араб тілінен алынған ауел — алғашқы, бастапқы, бірінші. Біріккен тұлғалы есімдер — Әуелбай, Әуелбек, Әуелхан.

ӘШЕКЕЙ – қазақ есімі, әдемі ою-ернек, нақыс.

ӘШІМ - араб тілінен алынған — қадірлі, құрметті.

ӘШІМБАЙ - араб тілінен алынған хәшим + қазақ сөзі бай. Құрметті, қадірлі болсын деген тілекпен қойылған есім.

ӘШІМХАН - араб тілінен алынған хәшим + хан. Құрметті, қадірлі, мәртебесі биік адам болсын деген тілекпен қойылғаны байқалады.

ӘШІР - араб тілінен алынған ғашир — оныншы; мукарам айының оныншы күні туылған бала. Біріккен тұлғалы есімдер — Әшірбай, Әшірбек, Әшірәлі және т. б.

1
0
64804

Осы тақырып бойынша