Депутат Темір Қырықбаев: сәбіз экспортына шектеу фермерлерді тығырыққа тірейді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Базарбайұлы Қырықбаев ауыл шаруашылығы өнімдерінің, оның ішінде сәбіздің экспортына шектеу қою туралы Үкімет ұсынысына қарсы шығып, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, бұл бастама фермерлер мен кәсіпкерлер арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Себебі Үкіметтің мұндай шешімі қандай нақты экономикалық немесе стратегиялық мақсатқа негізделгені түсініксіз.
Экспортты жабу бағаны түсірмейді
Темір Қырықбаев бұған дейінгі тәжірибе экспортқа тыйым салу бағаның төмендеуіне әкелмейтінін көрсеткенін атап өтті. Керісінше, баға өсе береді, ал негізгі шығынды өнім өндірушілер көтереді.
«Делдалдар мен логистикалық тізбектегі басқа қатысушылар шектеуден зардап шекпейді. Себебі тауардың бағасы дүкен сөресіне жеткенше бірнеше есеге қымбаттайды», – дейді депутат.
Сарапшылар мен бизнес қауымдастығы да экспортты шектеу арқылы бағаны реттеу тиімсіз екенін ашық айтып отыр. Егер мемлекет ішкі нарыққа нақты қанша өнім қажет екенін айқындаса, фермерлер сол көлемді толық қамтамасыз етуге дайын.
Қоймалар толы, тапшылық жоқ
Қазақстан Картоп және көкөніс өсірушілер одағының дерегіне сәйкес, елдегі қоймаларда сәбіз бен картоп жеткілікті көлемде бар. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған «тапшылық бар» деген ақпараттың шынайылығына күмән тудырады.
Мысалы, тек Павлодар облысының өзінде 120 мың тоннадан астам сәбіз қоры бар. Қазіргі таңда оны тіпті келісін 80 теңгеден сату да қиын, себебі сұраныс төмен. Ал сәбіз – ұзақ сақталмайтын өнім. Экспортқа шектеу енгізу фермерлердің қолындағы өнімді өткізу мүмкіндігін одан әрі шектейді.
Нарықтардан айырылу қаупі бар
Депутаттың айтуынша, ойластырылмаған әкімшілік шешімдер қазақстандық фермерлердің шетелдік нарықтардағы орнын әлсіретеді. Жылдар бойы қалыптасқан логистика мен серіктестік байланыстар бір ғана шешімнің салдарынан үзілуі мүмкін. Бұл нарықты бәсекелес елдерге оңай беріп қоюға әкеледі.
Бұған дейін картоп, ет және пияз экспортына да осындай шектеулер қойылған, алайда олардан жүйелі қорытынды жасалмаған. Қысқа мерзімді әкімшілік тәсілдер әлі де басым болып отыр.
«Мұндай саясат ұзақ мерзімде фермерлердің өндірісті дамытуға деген ынтасын төмендетіп, елдің импортқа тәуелді болу қаупін арттырады», – деп ескертеді Қырықбаев.
Үкіметке қойылған нақты сұрақтар
Осыған байланысты депутат Үкіметтен үш негізгі мәселе бойынша жауап беруді талап етті:
экспортқа шектеу енгізу қандай нақты экономикалық және статистикалық есептерге негізделді;
бағаны тұрақтандыру үшін сауда үстемесін реттеу, логистика мен тұрақтандыру қорлары сияқты жүйелі тетіктер қарастырылды ма;
ішкі нарықты қамтамасыз етіп, артық өнімді еркін экспорттауға мүмкіндік беретін тұрақты әрі түсінікті модель әзірлене ме.
Темір Қырықбаевтың айтуынша, мемлекетке бір реттік тыйымдар емес, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сенімділік беретін тұрақты әрі болжамды ережелер қажет.
