Есім таңдау да өнер?

Әкемнің бала күннен бірге оқыған жолдасы бар - аты-жөні Нұрханов Сейітбек, Өзі ғылым жолына түскен, кезінде мажарлар (венгрлер) мен қазақтардың арасындағы туыстық туралы жазған адамдардың бірі, алғаш рет біздің елге Кеңес дәуірінде сол кісі арқылы мадиялар келген болатын. Әкеммен бірге мектепте қатар оқыған, кейін әкем ауылдағы жеті жылдық мектепті тәмамдаған соң, экстернмен тапсырып Торғайдағы Иванов мектебін орысша бітіреді. Таң қалам, білімнің қадірін қатты түсінген ғой, өз бетімен оқып, орысша үйреніп қана қоймай аталған мектепті аяқтаған соң Меңдіғардағы педагогикалық училищеге түседі. Біздің "ішкі жақ" деп аталатын өңірде (Қостанай жағын айтамын) оған түсу және аяқтау Университет білімін алумен парапар. Медіғараның білімінің жоғары болатын себебі - онда кезіндегі Расулия, Ғалия сияқты медреселерде діни біліммен қатар заманауы білім алған жәдитшілер, қазақ ортасына білім нәрін сепкен оқымыстылардың көп болуы. Әрине, олардың көбі кейін репрессияға ұшырағаны мәлім, бірақ қазақтың белгілі қайраткері, жазушы, тілмаш Спандияр Көбеев сияқты тірі қалғандары өз ұстанымдарын өзгерпестен, ағартушылықпен айналысқан. Міне, осындай кісілерден әкем - Қорған Әмірхамзин мен оның досы Сейітбек Нұрханов білім алады. Ал, енді Спандияр Көбеев кім дейтін болсақ, оның "Қалың мал" атты романның авторы екенін айтсақ та түсінікті деп ойлаймын.

Бірді айтып бірге кеттім.
Әңгімеміз есім таңдау туралы еді ғой.
Сонымен жетім бала Қорған елде қалады, ал досы Сейітбек арман, білім қуып одан әрі Алматыға кетіп, оқуын тағы жалғастырады. Елге әр келген сайын екі қабат әйелдерге, дұрысы олардың отағасыларына алдын ала мынадай өтініш айтатын: "Егер, ертеңгі күні ұл туса бәленше деп ат қой, қыз бала туса түгенше деп есім бер". Бұл - 1968-1971 жылдар еді. Сөйтіп, үшінші ағам туғанда жиналған туыс-туған, жолдас-жораға "Қазақта Абайдан кейін Мағжан деген мықты ақын бар, мына баланың есімін Мағжан деп қояйық, түбі оның ақталары анық" дейтін және оған ешкім қарсы келген де жоқ. 1969 жылы Сейдеғали көкем баласы - Байбарыс туды, оған да есімін қойған Сейітбек Нұрханов еді. Дәшті Қыпшақ даласынан шыққан Бейбарыстың құрметіне қойған болатын және ол кісі былай дейтін: "Бейбарыстың шын аты Байбарыс, бұрмаланып жүр, бұл бала солай аталсын". Сол заманның өзінде бізге Байбарыстың (Бейбарыстың) есімі таныс еді. Ал, 1971 жылы өзінің туған інісінің ұлы - Әлихан дүниеге келгенде, тағы да оның есімін таңдаған өзі болатын. Ол заманда Әлихан Бөкейхановтың атын атаудың өзі қылмыс сияқты еді ғой. Не деген даналық! "Ең болмаса ұлыларымыздың аты өлмесін" деген ойы екен ғой.

Қазір Өзіміз де қырықтың қырқасына шығып, бірнеше баланың әкесі болдық, сүт кенжеміз 28 қаңтар күні туды. Атасы Қорған немересі туғанда "құдайға мың шүкіршілік етіп, оның есімін азан шақырып қойып кетті, ұлт көшбасшысы Әлихандай болсын" деді. Сол уақытта әкем Қорған қатты сырқаттанып жатқан еді, бір аптадан кейін бақилық болды. Немересін көріп, маңдайынан иіскеп үлгеріп қалды. Адамда арман тауысылған ба, егер тірі болса әкеміз арамызда жүрер еді, алайда құдайдың бұйрығы солай болған шығар, оған шара бар ма?!
Тағы да әңгіме есімнен басталып, әке-аталарымызға ауысып кетті ғой, бірақ айтайын дегенім сол кісілердің қойып кеткен аттарына лайық болайықшы!
Ат қою да өнер ғой!
