ІІМ түлектер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады
Мектеп бітіру кештері кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау қажеттігі туралы Ішкі істер министрлігі үндеу жасады.
- Қоғамдық тәртіп пен жол жүрісі қағидаларын сақтау маңызды. Мектеп бітіру кештерінде автокортеждер ұйымдастыру қауіпті және жол қозғалысына кедергі келтіруі, сонымен қатар апатты жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Мұндай әрекеттерге жол бермеу қажет. Жол қозғалысы ережелерін бұзу, дыбыс сигналдарын шамадан тыс пайдалану, жылдамдықты асыру әкімшілік жауапкершілікке алып келеді, - деді полицейлер.
- Көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлікті басқаруы 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
- Басқару құқығы жоқ адамға көлік тізгінін беру – 50 АЕК (196 600 теңге) айыппұлымен жазаланады.
- Көлік жолаушыларының кабинаның сырт жағына шығуына қатаң тыйым салынған. Бұл құқық бұзушылық үшін 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл көзделген. Сондай-ақ мұндай ережені бұзуға жол берген жүргізуші де 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Алкогольді ішімдіктерді ішу және мас күйінде қоғамдық орындарда жүруге ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабымен тыйым салынады және 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға негіз болады.
22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуы заңға қайшы және ҚР ӘҚБтК 442-бабының 1-бөлігі бойынша заңды өкілдерге 3 АЕК (11 796 теңге) айыппұл салынады.
Жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты бұзу 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР ІІМ баспасөз қызметі
