Қазақстанға чиптер дизайны индустриясын дамыту – стратегиялық міндет
Қазақстан цифрлық егемендікке бағыт алған кезеңде жартылай өткізгіштер индустриясын дамыту мәселесі күн тәртібіне шығуда. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында елімізде чиптер дизайны саласын шұғыл түрде қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрландыруды және жасанды интеллект экожүйесін дамытуды ұлттық басымдық ретінде айқындады. Алайда бұл мақсаттарға жету үшін микросхемаларды жобалау саласындағы отандық әлеуетті күшейту – шешуші фактор.
Бүгінде чиптер технологиясы тек смартфондар мен тұрмыстық техникада ғана емес, елдің қауіпсіздік жүйелерін, көлік инфрақұрылымын, мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз ететін негізгі элементке айналды. Жартылай өткізгіштер саласынсыз цифрлық тәуелсіздік туралы айту мүмкін емес.
Халықаралық тәжірибе де Қазақстан үшін маңызды бағдар бола алады. Мәселен, Сингапур микрочиптер дизайны индустриясын дамытуға 700 миллион доллар көлемінде қолдау көрсетсе, Қытай салықтық жеңілдіктер мен технологиялық парктер арқылы AI чиптерін әзірлеуге жағдай жасап отыр. Өз фабрикасы болмаса да, ARM мен NVIDIA секілді алып компаниялар әлемдік нарықты жаулап, триллиондық капитализацияға қол жеткізді.
Депутаттың сөзінше, Қазақстан да осындай бағытта дамуға толық мүмкіндігі бар, бірақ қазіргі ахуал күрделі. Елде микросхемаларды модельдеу және сынақтан өткізу зертханалары жеткіліксіз, білім беру бағдарламалары жүйеленбеген, саладағы инженерлер тапшы. Университеттер мен өндіріс орындарының байланысы да әлсіз. Соның салдарынан Қазақстан толықтай импортқа тәуелді болып отыр.
Бұл ретте депутат чиптер дизайны индустриясының дамуы елге бірнеше стратегиялық пайда әкелетінін айтады: ұлттық қажеттіліктерге бейімделген технологиялық шешімдер, мемлекеттік қауіпсіздікті күшейту, жоғары технологиялы жұмыс орындары, жаңа стартаптар легі және экспортқа бағытталған зияткерлік меншік өнімдері.
Осыған байланысты Үкіметке саланы дамытуға арналған кешенді мемлекеттік саясат әзірлеу ұсынылды. Оның ішінде университеттер мен колледждерде зертханалар ашу, ұлттық дизайн-орталығын құру, ғылыми жобалар мен стартаптарды қолдау, оқу бағдарламаларын енгізу, тестілеу инфрақұрылымын қалыптастыру секілді шаралар қамтылуы тиіс.
Депутат қабылданған шаралар туралы заңнамаға сай жазбаша ақпарат беруді сұрады. Оның айтуынша, дәл осындай базалық инфрақұрылым қалыптаспайынша, Қазақстанның тұрақты әрі шынайы цифрландыруы мүмкін болмайды.
Елдің технологиялық болашағы үшін маңызды бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қандай жауап табары алдағы уақытта белгілі болмақ.
