Мәжілісмен Берік Бейсенғалиев банк заңнамасындағы реформалардың маңызын атап өтті
Дептутат Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев 5 қарашадағы ҚР Мәжіліс отырысында банктер мен банк қызметі мәселелері бойынша заң жобасы жөнінде былай деп пікір білдірді:

«Бүгінгі банк заңнамасының реформалары - бұл соңғы жылдары қабылданған қаржы секторын дамыту бойынша кешенді шаралардың жалғасы. Қарастырылып отырған жаңа заңда басқа да негізгі міндеттер шешіледі. Бұл нарыққа жаңа қатысушылардың келуі үшін жағдай жасау, бәсекелестікті арттыру, цифрлық қаржылық технологияларды дамыту және банктердің экономиканы қаржыландыруға қатысуы».
Сондай-ақ ол жаңа заңның жекелеген ережелеріне тоқталып өтті. Базалық лицензияны енгізу арқылы банк нарығына қол жеткізуді оңайлату көзделеді. Депутат мұның прогрессивті қадам екенін атап өтті.
Елдегі көптеген ірі микроқаржы ұйымдары қазірдің өзінде жеткілікті капиталды жинады және аймақтық банкке айналып, шағын және орта бизнеске несие бере алады.
Бізде "қаржылық ойыншылар" неғұрлым көп болса, бәсекелестік соғұрлым жоғары болады, ал бұл экономиканы несиелендіруге оң әсер етеді.
Реттеуші тарапынан банктер мен микроқаржы ұйымдары біздің азаматтарға ұсынатын қаржылық қызметтердің сапасына толық бақылау енгізіледі.
Бүгінгі таңда халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі өте төмен. Қарыз алушының қаржылық мінез-құлқына тәрбиесі, білімі, материалдық жағдайының деңгейі, ақшалай жинақтардың болуы әсер етеді.
Жаңа нормалар бойынша қаржы ұйымдары несие бермес бұрын кімге несие беретінін тексеріп, барлық тәуекелдерді бірден анықтауға міндетті болады.
Жарнама немесе жосықсыз тәжірибелер арқылы қосымша қаржы өнімдерін шектен тыс ұсынуға жол берілмейді.
Сонымен қатар, банктер комиссия мен төлемдерді қоса алғанда, қаржылық өнімдер туралы толық ақпаратты ашып көрсетуі керек.
Сондықтан мінез-құлықты қадағалауды енгізу- бұл банктерді бағалауда, сондай-ақ пайда көру пен тұрақтылық тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан да үлкен қадам.
Мәжіліс депутаты кредиттік алаяқтықпен күрес тақырыбына да тоқталды. Оның айтуынша, жұмыс топтарында депутаттар тарапынан алаяқтықпен күресті күшейту, соның ішінде онлайн несиелерді алып тастау мәселелері жиі көтеріледі.
«Әріптестер, VIII шақырылымның небәрі екі жылында біз сіздермен бірге азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған екі маңызды заң қабылдағанымызды атап өткім келеді», - деді депутат.
Біріншіден, өткен жылдан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие беру кезінде міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруді енгізу талап етілді.
Екіншіден, осы жылдан бастап кепілсіз несие алу кезінде қарыз алушының банкке жеке өзі келуі міндеттелді.
Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтарды ойланбай несие рәсімдеуден және алаяқтықтан қорғау мақсатында «Электрондық үкімет» порталы арқылы кепілсіз несие беру кезінде міндетті келісім алу талабы енгізілді.
Сонымен қатар, 24 сағаттық «суыту мерзімі» енгізілді. Бұған дейін кез келген қазақстандық онлайн режимде лезде несие рәсімдеп, қаражатты бірден шотына аудара алатын. Енді мұндай жеделдік болмайды — банк қаражатты тек «суыту мерзімі» аяқталған соң және қарыз алушының келісімі алынғаннан кейін ғана аударады.
Бұл мерзім азаматқа өз шешімін қайта қарауға немесе алаяқтардың құрбаны болғанын түсінсе, несиеден салдарсыз бас тартуға мүмкіндік береді.
Ең бастысы — енді банктер мен микроқаржы ұйымдары аталған талаптар бұзылған жағдайда, биометрия қолданылмаған немесе несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарту болған кезде, азаматтардың несиелерін сотқа дейінгі тәртіпте есептен шығаруға міндетті.
Аталған нормалар биылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енді. Бірақ қазірдің өзінде, реттеуші органның мәліметінше, алаяқтық несиелердің өсу қарқынының төмендегені байқалады.
Онлайн несие беру саласында нақты реттеу болмауы соңғы жылдары алаяқтықтың көбеюінің негізгі себептерінің бірі болған еді. Алайда бүгінде қабылданған нақты шаралардың арқасында жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстардың алғашқы нәтижелерін көреміз деп сенемін.
Сөз соңында жаңа заңның банк жүйесін нығайтуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталғанын атап өтіп, әріптестерін де осы заң жобаларын қолдауға шақырды.
