Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Мәжілісмен Темір Қырықбаев азаматтардың бұғаттаудан қорғайтын әлеуметтік шоттарын енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың айтуынша, ай сайынғы 300 мың теңгеге дейінгі түсімдерге қатысты өндіріп алу шаралары қолданылмауы тиіс, деп хабарлайды Yvision.kz.

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға әлеуметтік шот енгізу және шоттары бұғатталған азаматтарға қолдау көрсету шаралары туралы сұрақ қойды. Бұл мәселе «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында көтерілді.

Депутаттың сөзінше, соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде шамамен 38 миллионнан астам шот бұғатталып тұр.

"Мен азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және өндіріп алушылар мен борышкерлер құқықтарының теңгерімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасына қорғалған әлеуметтік шот немесе арнайы банктік шот ашу туралы ұсыныс бердім. Мұндай шотқа айына 300 мың теңгеге дейінгі сомадағы түсімдерге өндіріп алу шаралары қолданылмайды. Сіз азаматтарға айына 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасына қалай қарайсыз және шоты бұғатталған азаматтар үшін сіздің агенттік қандай тәсілдер қарастыруда?",- деген сауал қойды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, былтыр аталған заң қабылданғанда кірісі төмен азаматтарды қорғау үшін оларды қорғайтын нормалар кеңейтілді. Атап айтқанда, қаржы ұйымдары бірқатар әлеуметтік табыстарды ала алмайды. «Бұғатталған шоттар бойынша сіз айтқан мәліметке байланысты шараларды қарастыруға болады. Әр шот бойынша қоғамның әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істегенде банктермен ерекше жұмыс жүргізіледі. Оларға толық көмек көрсету – біздің басты мақсатымыз. Тағы қабылдауға болатын шаралар жайлы қарастыруға дайынбыз», - деді агенттік төрайымы.

Осы тақырып бойынша

Мәжілісмен Темір Қырықбаев азаматтардың бұғаттаудан қорғайтын әлеуметтік шоттарын енгізуді ұсынды - Yvision.kz