Шет елдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарға қалай қарайсыз?
Бір болашақ, ортақ мақсат, өмірдің барлық қызығы мен қиыншылығын бөлісу. Басқа адамнан өз жан дүниеңді көру. Ал сол басқа адам басқа ұлт өкілі болса ше?
Өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып Қазақстанда қалатындар бар да, шет ел асып кететіндер бар. Осыларда айырмашылық бар ма? Көбінесе неліктен шет ел асып кететіндерді қатты сынап жатады, бұл қанымызға сіңген көре алмаушылықтан емес пе деген сауал туындайды. Ал еліміздегі аралас некелерді теледидардан көрсетіп жататынын бәріміз білеміз. Әсіресе, ұлттар достығы, Наурыз мерекелері қарсаңында. Аралас неке... Яғни әйелі немесе күйеуі өзге ұлт өкілі. Сонда ер адамдарға басқа ұлттан әйел алу ұлтқа жанашырлық болып табылады ма?
Жалпы өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, шет ел асып жатқан қыздарымыз көп екені белгілі. Мәселен,
«Елімізде жылына орта есеппен 100 мың неке қиылса, оның 20 пайызы аралас неке екен. Шетелдік күйеу балалардың басым бөлігі Франця, БАӘ, Түркия, Ресей, Қытай, Америка елдерінен екен. Ал қара көздерімізден туған жиендер ше? Олар кім болады? Ана тілінде сөйлейді ме? Анасының өзі қайын жұртының тілінде шүлдірлеп жүрсе, жиендерден не күтпекпіз? Тіпті ештеңе де!», - дейді qamshy.kz.
«Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда, аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті Сэм Харисон.
Белгілі ақын, қазақ тілінің, ұлтының жанашыры, Мұхтар Шаханов қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуына үзілді-кесілді қарсы екенін үнемі айтады. Ол тіпті желідегі парақшасында шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын азаматтықтан айыру туралы бастама көтерген еді.
«Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздары азаматтықтан шығарылсын. Адамның құқынан гөрі бізге мемлекеттің қауіпсіздігі маңызды. Қазақстанның тұтастығы, бүтіндігі, болашағы маңызды. Қолдауларыңызды сұраймын! Әр адамда әртүрлі ойлар болуы заңды. Бірақ бұл мәселеде дауласпай, қырық пышақ болмай шешейік. Осы күнге дейін өмір сүріп кеткен бабаларымыздың рухы мен болашақ ұрпағымыздың алдында жауапты шешуші тарихи қадам. Атам қазақ «Жиен ел болмас» деген нақыл сөзін жадыңыздан шығармаңыздар» - деп жазды ақын өз парақшасында.
Өзінің ұлттық идентификациясын жоғалтуға дайын болу - өзін құрметтемеудің белгісі, - дейді отбасылық психолог Ирина Анатольевна.
Ал сіз өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, шет ел асып жатқан қыздарға қалай қарайсыз?
