Шыңғыстау алтыны
Осы тақырыптың алды-арты зерттеулер: "Найман & Арғын. Аралас тарих" https://yvision.kz/post/888335; "Тобықты - Арғынның бір бұтағы" https://yvision.kz/post/892097; Елатан - Тобықты https://yvision.kz/post/892334; Жандос-Жігітек батыр https://yvision.kz/post/892702; Ер Мамайдың алдында шаһид болдым, өкінбен! https://yvision.kz/post/893577
Сонымен, Шыңғыс ханның қаһан көтерілген жері Шыңғыстау екені туралы куәліктер көп. Хорезмшахқа аттанарда Шыңғыстауда отырғаны да шын. Мәуреннахрды түбегейлі басып аларда қалың қол Шыңғыстаудан шыққаны туралы деректер көп. Ақселеу Сейдімбеков: «Абайға әкесі: Шыңғыс хан Бұқарды шабарда екі рет қыстаған», - деуі содан. Ауызша әңгімеге дес берсек (ауызша историография тегі жазбашадан мықтырақ, өйткені бұрмалау жоқ), бұл өңірде (Шыңғыстауда) бүгінгіге дейін (Шыңғысханның) қыстауы, орда тігуі, оның орны, жорыққа аттанарда үңгірге кіріп алып бірнеше күн бойы өзімен-өзі сөйлесейтіні (Тәңірімен болар, Е.М.) туралы небір аңыз-хикаяны айтып тауыса салмаймыз».
Аңыз-хикая ғана емес, Шыңғыстауда Шыңғысхан Тәңірімен тілдескені туралы моңғол деректері де жазады. Улан Баторда шыққан "Монголын нууц товчоо" - "Моңғолдың құпия шежіресінде" (УБ, 1990, 103-б) бала Темірші (Темуджин) меркіттерден құтылғанда Хан тауына тығылып, жасырынып, жалбарынған екен: Қас жауымнан қорғаштап, / Қалқан болған тірегім, / Баурына келіп тығылған, / Жетіміннің бірі едім. / Оу, қасиетті Хан тауым! /Әрбір атқан таң сайын / Басымды келіп иемін. / Тау ием, саған мәңгілік /Табынумен өтейін. / Табыңып жүр деп өзіне, / Ұрпағыма келешек / Аманат етіп кетейін...", деп тоғыз мәрте бас иіп, тағзым еткен екен. Аталған еңбектің "моңғолша тұпнұсқасы" сақталмаған, алғашқы нұсқасы қытай тілінде
Шежірелі қарт Ниязбек Алдажаровтың жазғанында да: «Тау Шыңғыс атанып, ана биік – Хан биігі атанған. Содан бері жеті ғасырға жуық уақытта талай уақиғалар өткен көрінеді, оның көптеген тарихи куәсі бар. Мысалы, әр жерде кездесетін табиғи емес обалар мен қорымтастар адам қолымен жасалған. Ал енді, Шыңғыс тауының күнбатыс жағында Шаған өзенінің бойында Қоныр әулие деген үңгір бар. Бір кісі еркін сиятын есік сияқты қуыстан ішке кірсеңіз, іші сарай сияқты. Асты қойтас, қуыс төмендей береді, ар жағы су. Сол су Шаған өзенімен жер асты байланысты болу керек. Қоңыр әулиенің алды жыпырлаған таңбалы тас бейіт. Олар ертедегі қырғынның куәсі».
Үңгір демекші, Ақселеу тағы былай деп жазады: «Тарихи еңбектердің біразында Шыңғыс әулетінің ұрпақтан ұрпаққа қалдыратын дерегі бойынша ұлы Хақан солтүстік ендіктегі 47-54 паралельдің аралығында Хан тауында ішінде жерленген. Бүл сілтеме осы Семей өңіріндегі Хан тауына, ондағы үңгірлерге алып келеді». Ақселеу Шыңғысхан жерленуі мүмкін үңгірдің атын да айтады – «Қоңыр Әулие», оның алдындағы, аузындағы жергілікті «Қалмақ бейіті» туралы да дерек келтіреді. Менің көргенім, Қоңыр Әулиеге кіре берістегі қорымдағы мұрде тастар - өңшен қазақ таңбалы. Жергілікті халық оны «Қалмақ тас», «Қалмақ бейіті» деп айтпайды. Қалмақ тастардың пошымы басқа, кейінгі қалмақтардікі екені белгілі, ондай тас үйінді қорымдар Шыңғыстаудың ішінде толып жатыр, 16-17 ғасырдан, жоңғар қалмақ заманынан қалған. «Қоңыр әулиенің алдындағы қорымдар, Шыңғысханды жерлеуге қатысқандардікі», - деп айтады біздің шалдар. Мен бала кезімде еуропалық, орыс ғалымдарының "Шыңғысханды жер қойнауына бергенде жерлеуге қатысқандардың бәрін қырған дегенді" оқып: "е, – үңгірдің алдында жатқандар солар екен ғой" ойлайтынмын. Қарттар (Бекшойын шежіре, Сәбит молда) Шыңғыс ханның Орда тауында жерленген деп айтып отыратын. «Тас қызылда» Жебе мен Сұпытайдың (Субедейдің) молалары да бар дейтін. Тас Қызыл деген Орданың кішкентай жотасы болса керек, бір барып көрсе болушы еді.
Әкем Шәуен Мәсәлімұлы өзінің «Тәңір Құтын іздедім» атты кітабында былай деп жазады: «Қарауылдан батысқа қарай Шыңғыстауды сағалап бет алсаңыз, тоқсан шақырымдай жерде, Шаған өзенінің бойында “Сарғалдақ” деген елдімекен бар. Бұл ХІХ ғасырда бес болыс Тобықтының Бұғылы-Шаған болысы болған, Жуантаяқ атанған атаның байырғы қонысы. Кеңестік дәуірде “Қызыл ту” кеңшарының орталығы болған. Осы Сарғалдаққа тоғыз-он шақырым қалғанда, Шаған өзенінің оң жағындағы жартасты төбенің күнгей бетінде орналасқан тау қуысы бар. Атақты “Қоңыр әулие” үңгірі деген осы. Бұл үңгірді жергілікті халық ежелден киелі орын деп есептеп, қасиеттеп келген. Келген адамның назарын бірден аударатын нәрсе, ол үңгірдің аузы мен өзен арасындағы кең алаңқайда жатқан тасбейіттер қорымы. Қына басқан зират үйінділерінде тасқа қашалған ру таңбалары бар. Арнаулы күмбез, үлкен ескерткіштердің болмауы бір мезгілде, үлкен шайқас-соғыс кезінде шейіт болған адамдардың жерленгеніне ұқсайды». Әкем үңгірдің іші-сыртын мұқият суреттей келе, «бұл үңгірдің жұмбағы көп», дейді. «Не себептен Қоңыр Әулие атанды екен? Алдында жатқандар қабірлер кімдікі?... Біздің тарихымызда жұмбақтар көп қой. Соның бірі, Шыңғыс хан бабамыздың қай жерде жерленуі. Болжам көп, соңғы кездерде Моңғолия әлде Қытайда табылды деп жүр. Мен ғалым емеспін, бірақ көңілімдегі бір нәрсе: осы жердің сол құпияға қатысы бар сияқты. Алдында жатқан бір мезгілде қайтыс болған (?) көп адамдардың мәйіттерін есепке алсақ, үңгір ішіндегі суға төнген жартастың арғы жағы құрлық болса Шыңғыс ханның осы жерге жерленуі әбден мүмкін сияқты. Оның үстіне осы өңірде бабамызға байланысты жер атаулары өте көп».
Абай айтқан: қазақ маңғұлдан шыққан («маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ»), Шыңғыстау Шыңғысхан заманында Найманнның жері болған, Наймантау аталған, Арғын мен Найман ол заманда біріккен (Шәкерімнің жазғандай). Ал кейін Тобықты аталған ел Шыңғыс ханның жұрты, қазақ қазақ шыққанда аты өзгерген, заты өзгермеген. Тегінде, Шыңғысханның қазақтың аталарын біріктіргенде мақсаты не болды? Ел қылам деді. Бір-бірімен ертелі-кеш толассыз - жер дауы, жесір дауы, мен жақсы, сен жаман, мен күшті, сен төмен - бітпейтін бас-аяғы жоқ жанталас төбелесті, ұрысты, толаусыз майданды тоқтатты. Шыңғыспен бірге далалық терроризм дәуірі бітті. Ұлы Түрік қағанатының мұрагерлері бір қол астында бірікті, Ұлы Ұлыс қайта жаңғырды. Шыңғыс ханның ұлылығы осында. Қайта өзара рулық соғыс өршікпесін, қазіргі тілмен айтқанда трайбализмнің тамырына балта шабу үшін, Шыңғыс қаған ұсақ руларды да, ірі тайпаларды да өзара қойыртпақ араластырып жіберді, бір елдің көсемін екіншіге бас қылып қойды, ұлыс бектерін ауыстырды, құрама аламан (әскер-ел) құрды. Мысалға, жалайыр Мұқалының қол астына қоңырат, оңғыт, маңғыт, ұрұт, тайпаларын жиналды, Найман Қетбұғаның қарамағында керей, қыпшақ, татар тоғысты, тағысын тағы. Ұсақ аламандарда бір ондықтың, бір жүздіктің, бір мыңдықтың ішінде алуан түрлі тайпалардың инсандары бас қосты. Солай Шыңғыс қаған шашыраған киіз туырлықты далалықтарды бір шаңырақ астында біріктірді. Кейіннен Алтын Орда ыдырағаннан кейін қаннан өтіп сүйекке сіңген ескі ғадет, ескі сана қайта жаңғырды, тайпалық рулық жүйеге жаңа жан кірді. Бұл жүйе өлмеген-ді, бұның астарында - көшпелілік дәстүр, өмір сүру әдеті, малмен күн көру – демек экономикалық ілгектер жатты. Жер, жайылым тайпа-руларға тиесілі болды. Ақ Орда, Көк Орда, Қазақ Ордасы кезінде рулық бірліктердің тайпаларға байырғы не жаңа аттармен қайта бірігу үрдісі жалғасты, көшпелілік дәуір аяқталғанша тоқталған жоқ. Осы кезде Қият, бөріжігін тайпалары Тобықты атымен қайта жаңғыруы әбден мүмкін.
Бұл жорамал десек те, тарихи даму логикасына жүгінген, деректермен бекітілген.
Уақыт өте келе көшпелік өмірмен қоштасқаннан кейін рулық сана көмескіленді, жерлік, елдік санаға ауысты, ауызша историография ескі сананың қалдығын бүгінгіге жеткізді. Шыңғыстаулықтар Шыңғыс ханды ұмытқан жоқ. Тарихи сананы қатты өшіргішпен өшіру, өшіргіш емес сүргімен сүргілеу орыс бодандығы кезінде күшейген. Құнанбай, Абай дәуірінде Шыңғысты ұмытпаған жақсылар болды, ал қара халықты жадында ол бейне сөнуге тақағандай. ХІХ ғасырда Шыңғыстаудың батыс шетін саяхаттаған ізденімпаз полон Адольф Янушкевич қынжылып былай деп жазады: Я спрашивал многих людей, но и люди о нем (о Чингисхане) знают столько же, сколько мертвые камни. - Мен көптеген жергілікті адамдардан Шыңғысхан туралы сұрадым, бірақ олар ол туралы өлі тастардан артық білмейді екен. Бірақ осы кезде Құнанбай Абайға Шыңғыс туралы көп айтқан, осы жерде аққа отырғызылып көкке көтерілгені, Хақан сайланғаны, осы жерден Хорезмге аттанғаны туралы. Янушкевич тағы былай дейді: Бесписьменный киргиз на все вопросы о своем прославленном предке отвечает «ким биледы?» (кто же знает?). Вот тебе слава человека, который обратил в прах столько государств. – Хат танымайтын қазақ өзінің атақты бабасы туралы барлық сұрақтарға «кім біледі?» деп жауап береді. Міне, көптеген мемлекеттердің күлін көкке ұшырған адамның (жалған) даңқы.
Құнанбаймен, Барақпенен сөйлескеннен кейін Adolf Michał Walerian Julian Januszkiewicz қайтадан күнделігін қолына алады. Парақтың басын полон әріптерімен қазақша айдарлап – «KURDYN BOYY, Құрдың бойы – 7 тамыз» деп, былай жазады: «Дорогой брат! Мы находимся среди Чингистауских гор. Они рядом с Тарбагатайскими (тем более Алатаускими) выглядят, как бараны, поставленные рядом с верблюдами, но если первые (Алатауские) захватили меня своим величием и разнообразным богатством своей щедрой природы, если вторые (Тарбагатайские) поражают путешественника своей дикой красотой, то (эти) для меня имеют свою, не менее чарующую, прелесть. Ведь к ним навеки приковано имя Чингисхана. И это одно, особенно в моих глазах, поднимает их вершины и окружает лучистым венцом какой-то таинственной силы и величия. ... (Здешние) казахи все, словно сговорившись, утверждают, что тут (были) зимние кочевья (Чингисхана), а султаны, казахская аристократия, в ряду своих предков-ханов с гордостью называют имя мощного владыки Азии. Султан (найманский) Барак, о котором я писал тебе в письмах, читал мне свою генеалогию, которую по моей просьбе приказал переписать для меня своему секретарю, исполняющему у него одновременно обязанности муллы, придворного, кухмистера и учителя сыновей. Генеалогия эта начинается от Адама, и далее, в череде веков, цепляя на своем развесистом древе имена патриархов, пророков, Магомета, калифов, Чингисхана, заканчивается на последнем хане Средней орды. Прочитав ее, он скромно сказал: «если правда, что тут написано, то мы в родстве с императором китайским, бухарским, турецким и российским». – И со мной, – добавил я, – поскольку я тоже происхожу от Адама». - «Құрметті бауырым! Біз Шыңғыстаудамыз. Бұл таулар Тарбағатаймен салыстырғанда (Алатауды айтпағанда) түйелердің қасындағы қойлар сияқты. (Алатау) мені өзінің жомарт табиғатының ұлылығымен және алуан түрлі байлығымен баурап алса, ал (Тарбағатай) саяхатшыны жабайы сұлулығымен таң қалдыратын болса, мен үшін (Шыңғыстауда) өзіңдік, олардан кем емес кербездік бар, себебі бұл таулар Шыңғыс ханның есіміне мәңгілік байланған. Осының өзі ғана олардың шыңдарын биіктетеді, керемет бір тылсым күш бұл тауды ұлылықтың нұрлы тәжімен қоршап тұрғандай... (Жергілікті) қазақтардың бәрі, келіскендей, бұнда (Шыңғысханның) қыстауы болғанын айтады, ал сұлтандар, қазақ ақсүйектері өздерінің ата-бабалары арасында Азияның қуатты билеушісінің есімін мақтанышпен атайды. Мен алдында хатта өзіңе (Найман) Сұлтан Барақ туралы жазғам, ол маған өзінің шежіресін оқып берді және менің өтінішім бойынша оны молда, кутуші, кухмистер және мұғалімнің міндеттерін қатар атқарушы хатшысына мен үшін көшіртіп берді. Бұл шежірелік генеология ағашы Адамнан басталады, содан кейін ғасырлар ағымында оның бұтақтарына түрлі патриархтардың, пайғамбарлардың, халифтердің есімдері, Шыңғысханның есімі ілініп, Орта Жүздің соңғы ханымен тәмамдалады. Оқып болғаннан кейін ол Барақ кішіпейілділікпен: «егер бұл жерде жазылғанның рас болса, онда біз Қытай, Бұқар, түрік және орыс императорларымен туыспыз» деді. «Менімен қоса, - дедім мен, - өйткені мен де Адамның ұрпағымын». Бұл жерде Янушкевич сөзбен ойнап отыр, латынша - super sermonibus ludere, орысша – игра слов, өйткені полондарда ең көп таралған есімдердің бірі Адам. Мен де "Адамнан таралдым" деп отырғаны содан.
Семейге келе Адамның баласы Әдөлп-Адольф өз ойын былай тұжырымдайды: «Чтобы предупредить пролитие чернил и крови, основываясь на предании казахов, которые, как наследники монгольского государства имеют право на лучшее знание и ясно утверждают, что зимняя резиденция была в их степях... ponieważ znajdują się tutaj góry Chingistau... поскольку здесь находятся Чингистауские горы». – Артық сия мен қанды бекер төкпек үшін айтарым: қазақтар манғұл мемлекетінің мұрагерлері екені (айдан) анық, және олар бұны жақсы түсінеді... Шыңғысханның қыстауы Шыңғыстауда болғаны да бұған дәлел... ponieważ znajdują się tutaj góry Chingistau..."
Мүмкін, Шыңғыстың батысын мекендеген қазақтар бабасын ұмытқан да шығар, "Хан Шыңғысқа", Қарауылға тақаған сайын "шыңғыстық сана" күшейе түседі. Мұхтар Әуезовтің «Шыңғыстау» атты әңгімесі бар, бас кейіпкерлері ескіні көксеген кәрі романтик шал мен оның баласы – сәбет заманының жерден алтын іздейтін прагматик геологы. Әңгіме былай басталады: «Базар хикаяшыл, тіпті қиялшыл қарт болатын... жол бойы сөйлеп келеді: Тау аты — Шыңғыс. Бұны атам заманнан атақты Шыңғыс хан мекен еткен. Биігінің аты — Хан. Ол, тіпті, өз қыстауының желкесінде тұр. Сонау көк тау – Орда. Шыңғыстың ордасын тіккен жері. Мінеки, аудан тұрған тау аты — Қарауыл. Қолбасы батырлары, нояндарының жортуылға шығатын биігі...». Баласы Медет «Базармен жауласып, оған қайшы кеп, тонап... химияны ет пісіруден білген, астрономияны космогония ертегісінен білген, тарихты лақаптан, ата санаудан білген, есеп ғылымын қой санынан білген сияқты әлсіздікті» мүсіркегендей болады. Идеологиялық шелуханы сырып тастап оқысан, мүсіркеуге тұратын қанатсыз бала Медеттің өзі. Әңгіменің соңында (оқиға бұрын «Отан соғысы» атанған, қазырғы тағылым бойынша Орыс – Керман соғысы) Шыңғыстауда алтын табылады, «социалистік реализм» заңы бойынша Медет - адам танудан алыстау, бірақ тау-кен ісің жақсы меңгерген инженер - жұрттың алдына шығып: «Шыңғыс, кәрі Шыңғыс, Отан ұран салғанда, алтыны мен асылын ала аттанды! Тыс байлығын беріп қоймай, қойынын да ашты, іш сарайын да беріп түр. Жауға қарсы жұмылған бірліктің бұл бір өзгеше балғын белгісі болсын, – деп сайрайды...
Шыңғыстауда орыстар соғыс кезіңде алтын қазғаның мен бала кезімде естігем, Қарауылда сыртында қой жайып жүргенде талай алтын іздеушілерден қалған жайдақ шұнқырларға айналған шурфтардың орнын көргем, ішіне кіріп алып, аяғымды көкке көтеріп жатып кітап оқығам... Шыңғыс хан туралы.
Шыңғыстаудың қазылмаған, табылмаған алтыны – ол оның зерттелмеген тарихы.
Жалғасы бар...

