Ұлытау облысында жаппай қырылған жылқылардың кейбірінің иелері табылмай жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Коллаж: qaz365.kz-
Оның айтуынша, аталған өңірде 360 жылқы арам қатқан. Енді жергілікті билік олардың кейбірінің иелерін іздеп жатыр.
Сондай-ақ Сапаров 2023 жылы Ұлытау облысында мал азығын субсидиялауға 1,4 млрд теңге бөлінгенін, әкімдіктің жем-шөп жеткілікті деп есеп бергенін алға тартты.
Қазір бұл өңірде Ауыл шаруашылығы вице-министрі мен АШМ департамент директоры жүр екен.
Министр «жылқының осыншалықты қырылуына байланысты оның еті қымбаттап кетпей ме?» деген сауалға да жауап берді. Ол бұл салада баға өспейтініне сенімді.
«Қазақстанда жылқы етін өндіру ісі жақсы дамыған. Елде шамамен 4 млн жылқы бар», – деді Айдарбек Сапаров.