Мазмұнға өту
Обложка сообщества Общество

Айнұр Темірханқызы: «Көмекке мұқтаж балалар өмірінің сапасын жақсартқым келеді»

Айнұр Темірханқызы, «Ниет» қайырымдылық қорының президенті

Қорды құрудағы біздің мақсатымыз – көмекке мұқтаж балалар өмірінің сапасын жақсарту. Біз негізі басты 4 категорияны қамтимыз. Олар: мүгедек балалар, жетім балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан балалар. Яғни қордың негізгі бағыты осы балалаларға көмектесу десек болады. Өкінішке орай, қазіргі кезде барлық категория бойынша көмек сұраушылар көп. Бірақ ең көп көмек сұрайтындар мүгедек балалар мен аз қамтылған отбасындағы балалардың ата-анасы деуге болады.

Біріншіден біз көмек сұраушыларға ақша бермейміз, біздің ұстанымымыз - қаражатпен қолма қол емес көмек көрсету. Яғни біз өзіміздің қайырымдылық бағдарламаларымыз арқылы көмекке мұқтаж балалардың ата-аналарына сертификаттар тапсырамыз. Балалардың базадағы номиналы бойынша сертификатпен (қандай қайырымдылық бағдарламасын таңдауына байланысты) азық-түлік тауарларын, оқу құралдарын, супермаркет желілеріндегі балалар асортиментіндегі тауарларды сатып алуға болады.

«Азық-түлік себеті» бағдарламасы арқылы әлеуметтік көмек қажет ететін балаларға аты-жөні жазылған сертификаттар беріледі. Бұл ірі сауда орындарынан сапалы азық-түлік мен жасөспірімдердің салауатты тамақтануына қажетті өнімдерді сатып алуға мүмкіндік береді.

«Мектепке жол» бағдарламасымен мектеп құралдарын сатып алуға арналған баланың аты-жөні жазылған сертификат беріледі. Осы сертификатты алған ата-ана баласының шығармашылығына, мектебіне қажетті құралдарды қаладағы супермаркет желілерінен сатып ала алады.

Ал «Менің балаларға арналған сыйлығым» бағдарламасы бойынша балалар дүкендерінің желілерінде ойыншықтар, киім және аяқ киім, жаңа туған нәрестелерге арналған тауарларды сатып алуға сертификат түрінде көмек көрсетіледі.

Біздің қордың қызметі әрқашан ашық көрсетіледі. Қайырымдылық жасаған әрбір адам немесе ұйым біздің қызметкерлермен байланысып, өздері аударған қаражат немесе көрсеткен көмегі бойынша толық есепті біле алады. Ал өзіміздің әкімшілік шығындарымыз Қордың қамқорлық кеңесі тарапынан толық қаржыландырылады.

Сондай-ақ, біздің Қор әр мұқтаж балардың жынысына, ұлтына, дініне, денсаулығына, біліміне, сондай-ақ ата-анасының (қамқоршыларының) әлеуметтік жағдайына немесе басқа да факторларына қарамастан көмектеседі.

Сұхбат Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында жүзеге асырылатын «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» әлеуметтік жобасы үшін дайындалды.

0
0
697

Осы тақырып бойынша