Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Қазақ тарихындағы әйгілі балалар

Қазақтың ертеректегі тарихында бала кезінен сөз бастап, жауға шауып, дүйім елге атағы жайылған тұлғалар болған. Әйгілі жеткіншектер бертінгі тарихта да, осы күндері де көптеп ұшырасады. Балаларды қорғау күні (1 маусым) қарсаңында біз солардың біразы туралы айтып өткенді жөн көрдік.   

undefined 

Қазыбек би
undefined

1667-1763 жылдары өмір сүрген Қазыбек бидің бала кезден танымал болғанына қатысты тарихи дерек бар. Сол дерек бойынша, ол 14 жасында Тәуке ханның бек және билеріне еріп, ойрат қоңтайшысы Цэван Рабданға барады. Сонда қазақ билері коңтайшының алдында сөз таба алмай күмілжіп тұрғанда, Қазыбек былай деген екен: «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын, ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең, жөніңді айт, бермесең, тұрысатын жеріңді айт!»

Бала Қазыбек осы сөзінен кейін жау қолынан 90 тұтқынды босатып алып, «Қаз дауысты» деген атаққа ие болыпты.

Исатайдың Жақиясы
undefined
Атақты Исатай батырдың баласы Жақия да тура өзіндей ержүрек болған. 1811 жылы дүниеге келген ол да әкесі бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, елге ерте даңқы шыққан. Өзінің шағын жасағы болыпты. Солармен бірге берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды екен. Бірақ бір күні жау қолына түскеннен кейін ол сонау Финляндияға жер аударылып кете барыпты. Содан кейін Жақиядан хабар болмаған. Исатай Тайманұлының үзеңгілес досы, ақын Махамбет Өтемісұлы оған «Баласы Исатайдың Жақия-ды, Жақия жауды көрсе, ақияды» деп өлең жолдарын арнапты.   


Аппақ Байжанов
undefined
Аппақ Байжанов (1824-1887) – Қарағанды көмірін алғаш ашушы. Ол осы қазба байлықты 9 жасында тапқан. «Аппақ жанында қос тазысы бар қой жайып жүреді. Кенет отардың бір шеті дүр ете қалады. Қараса, суыр қашып бара жатыр екен. Қос тазысы тұра қуғанмен, іні таяу жер болғандықтан, суыр зып етіп кіріп кетеді. Сол күні күн кешкіріп қалып, іннің аузын таспен бекітіп кетіпті. Ертесінде келсе, қап-қара тастар шығып жатыр дейді. Әлгі тасты бояу деп ойлаған бала ауылына әкеп көрсетеді. Үлкендер де не екенін таппай дағдарады. Сөйтіп тұрғанда жай тас екен деп, отқа тастай салады. Біраз уақыттан соң әлгі тас жана бастапты. Қарағанды көмірін тапқан сол бала Аппақ Байжанов болып шығады», – деп жазған e-history.kz.

 

Нұрлан Санжар
undefined

1951 жылдың 28 қазанында туған Нұрлaн Санжар (Сегізбaев) «Менің атым Қожа» фильміне түскенде 12 жасқа таяған еді. Яғни «Қазақфильм» киностудиясы бірнеше буын көріп өскен бұл тамаша туындыны 1963 жылы түсірді.  

Нұрлан Санжар осыдан кейін киноға түспей кетеді. Тек 2008 жылы екі фильмде ойнаған. Олар – «Қош бол, Гүлсары» және «Менің де атым Қожа».

Ол екі мамандық бойынша жоғары оқу орындарын бітірген. Олар – орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі және кинодраматург. Бірнеше фильм мен сериалға сценарий жазған. Бүгінде философия ғылымдaрының кaндидaты, Қaзaқстaн кинемaтогрaфистер одaғының мүшесі, Қaзaқстaнның еңбек сіңірген қaйрaткері.      

 

Марат Көкенов undefined

«Менің атым Қожадағы» Сұлтанның рөлінде ойнаған Марат Көкенов те одан кейін киноға түспеген. Мектеп бітіріп, әскери борышын өтеп келген соң мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген. Содан да болса керек, ол туралы дерек аз. Кей деректе 1947 жылы дүниеге келіп, 1985 жылы қайтыс болған делінеді.  

 

Гүлнар Құрабаева

undefined 

Жалпы, «Менің атым Қожа» сол кездегі талай ұл-қыздың танылуына себепкер болды. Солардың бірі – Жанардың рөлін ойнаған Гүлнар Құрабаева. Ол да актерлік жолына түскен жоқ.

 Гүлнар Құрабаева Политехникалық институтты инженер мамандығы бойынша бітіріп, өз саласында еңбек етті.

Қaмбaр Уәлиев

undefined

1973 жылы түсірілген «Көксерек» фильмінде бас кейіпкер – Құрмаштың рөлін Қамбар Уәлиев орындады. Ол 1962 жылы дүниеге келген.

Актер «Көксеректен» бөлек «Шоқ пен шер», «Ән пәнiнен төрт», «Құрмaнғaзы», «Шaңырaқ» фильмдерінде ойнады. Әсіресе, жігіт шағында басты кейіпкерді сомдаған «Шаңырақ» туындысынан кейін қайтадан танымалдығы артты.

Қамбар Уәлиев мектеп бітіргеннен кейін инженер-механик мамандығын оқыған. Өмірінің соңғы жылдарында техникалық жөндеу орталығында жұмыс істепті.

Ол 2012 жылы қайтыс болды.     

 

Ермек Төлепбаев

undefined

Ермек Төлепбаев басты рөлде ойнаған «Алты жасар Алпамыс» фильмі 1976 жылы экранға шыққан. Ол кезде кішкентай актер алты жасқа да толмаған еді. Яғни Ермек Төлепбаев 1970 жылы 1 қaрaшaдa туғaн.

Ол сәл бұрынырaқ «Белый aвтомобиль» атты қысқaметрaжды фильмге түсіпті. Хaлық шaруaшылығы институтын, кейін Қaзaқ Мемлекеттік зaң aкaдемиясын тәмамдаған. Дінмұхаммед Қонaев aтындaғы гумaнитaрлық институттa, Экономикa aкaдемиясындa оқытушы болып істеген. Кейін бизнес сaлaсынa aуысыпты.

 

Мейрамбек Беспаев
undefined

1976 жылы дүниеге келген Мейрамбек Беспаев – қазір де әйгілі әнші. Ол жеке өнерпаз ретінде де, «МузАРТ» тобы арқылы да кеңінен танымал.

Ал енді оны бала күнінде атақты еткен Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әні екені бүгінде баршаға аян. Бұл ән ең алғаш 1989 жылы «Қара бала» деген атпен қағазға түсіпті. Кейін «Бозторғай» болып өзгерген. Оны Мейрамбек Беспаев алғаш рет 1991 жылы, яғни 15 жасында республикалық термешілер байқауы кезінде орындады. Сосын 1992 жылы жарыққа шыққан «Қоштасқым келмейді» фильмінде ойнады.    


Жамбыл Дүйсенов

undefined

«Бала Жамбыл» атанған Жамбыл Дүйсенов 5 жасында өлең жазып, 6 жасында жеке жыр кешін өткізген екен. 2003 жылы туған ол ең жас ақын ретінде рекордтар кітабына енген. Қазір 3 кітаптың авторы.

Жамбыл Дүйсенов мектепті 14 жасында алтын белгімен аяқтап, 18 жасында әл Фараби атындағы ҚазҰУ-ды халықаралық журналистика мамандығы бойынша ағылшынша бітірген.  

 

Жалпы, қазақтың тарихындағы әйгілі балалар бұл есімдермен түгесілмейді. Кішкентайынан танылған адамдар әлі де шығып жатыр. Бірақ оның бәрін бір материалда айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан бүгін осы тізіммен шектелдік.

0
0
1216

Осы тақырып бойынша

Қазақ тарихындағы әйгілі балалар - Yvision.kz