«Бұл оп-оңай!» Жәнібек Әлімханұлы Дэвид Бенавидесті жекпе-жекке шақырды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы америкалық сұмдық нокаутер, тіпті Канелоның өзі сескенетін, жеңілу дегенді білмейтін Дэвид Бенавидесті жекпе-жекке шақырды.

27 жастағы Дэвид Бенавидес шаршы алаңға суперорта салмақта шығып жүр. 28-0 деген рекорды бар. 24 рет нокаут жасаған. Майк Тайсон оған «Мексикалық құбыжық» деген ат қойған.
Бенавидес – WBC уақытша чемпионы титулының иегері. Соңғы жекпе-жекте америкалық боксшы Деметриус Андрадені нокаутқа жіберді.
Жәнібек енді осы Дэвидтің деңгейіне көтерілгісі келеді екен.
«Бенавидес, егер мықтылармен төбелескің келсе, кел, солай жасайық! Біздің жекпе-жек жоғары деңгейде өтеді. Өзің де, жанкүйерлерің де білесіңдер. Егер салмақ келтіре алмасаң, мен 168 фунтпен де шығуға дайынмын. Бұл оп-оңай!», – деді қазақстандық боксшы.
