Музыкасы азалы. Әбдіжаппар Әлқожаның қамалғаны жанына қатты батыпты
Әншілер Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлінің мұндай дау-жанжал, қамалу дегендерге еті үйреніп кеткен сияқты. Ал олардың әріптесі Әбдіжаппар Әлқожаның бұл жағдай жүрегін жаралағандай.

Ол қамаудан шықққан соң Instagram-ға киімін өртеген видеосын жариялады. Ырымда бұл бар жамандық осымен кетсін дегенді білдіреді. Сосын оған «Көк бөрі» деген әннің сөзін қосып қойған.
Ол мынадай:
«Күйін кештім мен бүгін
Көкбөрілердің жаралы.
Адым сайын аңдыған
Қақпаннан сирақ қанады.
Арландарым атылып,
Бөртелер кезді даланы.
Айналамның барлығы
Шибөрі болып барады».
Байқағанымыз, Әбдіжаппар осы жазбасымен бәле-жаланы қуып қана отырған жоқ. Әлдебіреулерге өкпелі екені білініп тұр.
Сонда кімге? Айналасындағыларға дейін десең, оны біреу соны жаса деп арандатпаған шығар. Ал полиция ерсі әрекеті үшін ұстады.
Иә, қазіргі адамдарда «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» (Сұлтанмахмұт Торайғыров) дейтін ұстаным жоқ болып тұр. Мына кейіпкеріміз де бұл жағынан осалдық танытып отыр. Битке өкпелеп, тонын отқа жаққанның кері ме деген де ой туады.
Істі болғаны жанына батқанын құп көреміз. Бірақ бұған айналасын кінәлағаны дұрыс болмапты. Желі қолданушыларының да басым бөлігі сондай ойда.
Айта кетейік, Әбдіжаппар Әлқожа 6 шілдеде 10 күнге қамауға алынған еді. Сол күні оның жиені жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені үшін ұсталған. Ал әнші осы жағдайға араласуға барған. Тәртіп сақшыларымен ерегіскен. Өзі мас болған екен. Сол әрекеті үшін қапаста он күн отырып шықты.
