Париж Олимпиадасында еліміздің намысын 25 спорт түрінен 80 адам қорғайтын болды
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевты қабылдады.

Фото: olympics.com
Министр Мемлекет басшысына Қазақстан спортшыларының Франция астанасында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға дайындығы жайында есеп беріп, лицензиялық жарыстардың қорытындысы туралы баяндады.
«Қазақстан 25 спорт түрінен 92 жолдама иеленді. Парижге 80 спортшы барады. Министрлік тарапынан спортшыларға жасалып жатқан жағдайлар, спортшылардың жеке жоспары, Олимпиада формасы туралы айтылды. Президентке ұлттық құраманың Олимпиадаға дейінгі оқу-жаттығу жиындары жайында ақпарат берілді», – деді Ермек Маржықпаев Президент қабылдауынан шыққаннан кейін.

Фото: t.me/aqorda_resmi
Айта кетейік, өткен аптада жазғы ойындарда Қазақстан туын кімдер алып шығатыны мәлім болған еді. Бұл мәртебелі істі Парижде боксшы, әлем (2023 жыл) және Азия (2022 жыл) чемпионы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет, Азия (2017 жыл) және Азиада (2014 жыл) чемпионы Ольга Сафронова атқармақ.
Биылғы жазғы Олимпиаданың 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасында өтетіні белгілі. Онда әлемнің 200-ге жуық елінен баратын 10 мыңнан астам спортшы 32 спорт түрінен бақ сынайды. 329 медаль сарапқа салынбақ.
