Тұлғааралық қақтығыс
Қарапайым халық, ел арасында ғана емес, ел ағаларының да арасында қақтығыстың бұл түрі түрлі келеңсіздіктер туғызып келеді.
Тұлғааралық қақтығыс екі немесе одан да көп адам бір нәрсеге келіспей, ортақ мәміле орната алмаған кезде пайда болады. Келіспеушіліктер көбінесе мақсаттар мен құндылықтардың, көзқарастар мен пікірлердің бір-бірімен тоғыспауынан шығады. Тұлғааралық қақтығыс адам өміріндегі кез келген сәтінде туындайтын қалыпты, жиі кездесетін құбылысқа айналды. Кейде мұндай келіспеушілік адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға септігін тигізгенімен, оны дұрыс шеше алмаған жағдайда кері әсер беруі де әбден мүмкін. Егер де жанжал шиеленісіп, ұзақ уақытқа созылса, адам күйзеліске ұшырап, моральдық денсаулығына зиянды болары анық. Мұндай жағдай тумас үшін қақтығысты барынша екі жаққа да тиімді етіп шешкен абзал. Ал дұрыс шешім қабылдау үшін тұлғааралық қақтығыстың нақты қай түрімен күресіп жатқаныңызды анықтап алуыңыз қажет.
Дау-дамайларды реттеу үшін көп жағдайда мынадай шешу стратегиялары қолданылады:
• Елемеу, қашу. Көбіне мәселе бір тарапты қатты толғандырмаған кезде, аса маңызы болмағанда қолданылады;
• Бейімдеу, ыңғайлану. Жанжалды жұмсарту керек болғанда, екінші тараптың жағдайы алаңдатқанда не қорытынды екінші тарапқа маңыздырақ болғанда жол беру;
• Келісім, компромисс. Екі тарапқа да тиімді ортақ шешім қабылдағанда, жақсы қарым-қатынасты сақтап қалу мақсатында ымыраға келу;
• Бәсекелесу, бақталасу. Өз дегенінен таймай, қақтығысты барынша жеңуге ұмтылу;
• Серіктестік. Мәселенің дұрыс шешілуі екі жаққа да қажет болғанда қолданылады.
Жанжалды шешудің жолын іздегенше, болдырмаудың амалын іздеген жөн екенін естен шығармаған жөн. Мәселенің алдын алу мүмкін болған жағдайда барынша бейбітшілікті сақтап, сабырға келіп, екінші тарапты да сабырға шақыруға тырысу қажет. Алайда қақтығыстың болмауы мүмкін емес болса, оны дұрыс әрі тиімді шешу әр адамның жеке ұстанымы мен бойындағы қабілеттеріне байланысты.
Жетекші: аға оқытушы Н.Б.Рушанова
