ТОП-6: 22-26 маусым аралығындағы жаңалықтарға шолу (БЕЙНЕ)
Енді рет ретімен айтар болсақ.
№1 . Лентасыз парад
Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 75 жылдығына арналған парадқа қатысу үшін Мәскеуге барды. Қазақстандықтар үшін парадтың өзінен бұрын Тоқаевтың георгий лентасын тақпағаны//басты жаңалық болды. Халық Қазақстан Президентінің қызыл-ала лентаны тақпай шыққанына және қызыл алаңда қазақстандық сарбаздар жүріп өткенде орнынан тұрып құрмет көрсеткеніне риза болып, сүйсінді.
№2. «Той тойлап жүретін уақыт емес»
«Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес». Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында кейбір азаматтардың пандемияға қарамастан той өткізуге рұқсат беруді талап етіп хат жазғанын айтты. Президент болса, қазір той қуалайтын емес, ой қуалайтын кез келді. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек деген пікірде.
№3. Біртановтың отставкасы және министрліктегі ауыс-түйіс
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі болып келген Елжан Біртанов денсаулығына байланысты өз еркімен жұмысынан кетті. Оның орнына Алексей Цой министр болып тағайындалды. Желі қолданушыларының бірі Біртановты қимай жатса, енді бірі «Мы ждем перемен» деп деп әндетіп отыр. Жаңа министр жұмысқа кіріскен алғашқы күні екі бірдей орынбасарын ауыстырып үлгерді.
№4. 42500 теңге беріле ме?
Төтенше жағдай режимі кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға төленген 42 500 теңге әлеуметтік көмек енді берілмейді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. ТЖ режиімі кезінде 4 млн 607 мың адам 42 500 теңгеден алды. Оған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының 322 млрд теңге активі жұмсалды.
№5. Ақтаудағы арыстан
25 маусым күні полицейлер Ақтау қаласының маңындағы Ақшұкыр кентінде емін-еркін жүрген арыстанды ұстап алды. Арыстан Қошқар ата елді мекенінде мамандардың бақылауында. Қазір жыртқыштың иесі іздестірілуде және оның Ақтауға қалай келгені анықталуда.
№6. Дәріханадағы кезек пен ауруханадағы орын тапшылығы
Осы аптада Қазақстанда пневмония дертіне шалдыққандар қатары күрт өсті. Ауруханада орын тапшы, дәріханаларда ұзын-сонар кезек. Елордада рецептсіз дәріні тек шектеулі мөлшерде сату туралы шешім қабылданды. Еліміздің кейбір өңірінде күшейтілген карантин режимі енгізіліп жатыр.
