Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ақтау әкімі Серікбай Тұрымовтың ақиқаты

Серікбай Тұрымовпен мен алғаш рет 2012 жылы Жаңаөзен қаласының әкімі қызметінде жүргенде таныстым. Ол тамыз айы болатын. Әкім үшін оңай күндердің болмағаны бет жүзінен бірден байқалды. Биылғы жылдың 10 шілдеден бастап Ақтау қаласының әкімі қызметіне кірісті. Ал енді үш жыл бұрын сұхбатында айтылған мақсат мәселелердің бүгінгі жайы мен алдағы жоспарлар жөнінде осы кездесу барысында білуге мүмкіндік алдым.

 

Бірі білсе, бірі білмес, сіз Жаңаөзен қаласында үш жыл әкім қызметін атқардыңыз. Сол жерде жинаған тәжірибеңізбен сіз бүгінгі қызметте жүрсіз. Жаңаөзен оқиғасынан кейін қаладағы әлеуметтік жағдайдың төмендегені баршамызға мәлім. Туындаған мәселелерді шешу мақсатында қандай жұмыстар қолға алынды?

Өздеріңіз білетіндей, Жаңаөзен қаласында болған жағдайдан кейін біршама қиын мәселелер туындады. Зардап шеккен азаматтардың барлығына түрлі көмектер көрсеттік. Мемлекет, облыстық әкімшілік тарапынан Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге үлкен көмек көрсетілді. Қуанышқа орай, барлығы белгіленген бағдарламаға сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылғаннан кейін көптеген мәселелер өз шешімін тапты деп есептеймін. Бүлінген жеке коммерциялық нысандарды қайта қалпына келтіру ең үлкен мәселе болды. Сонымен қатар, ол нысандарды қалпына келтіріп қана қоймай, жұмыстың қайтадан әрі қарай жүргізіліп кетуін қамтамасыз ету де қиындықтар туғызды. Себебі жеке нысан болғаннан кейін оған мемлекеттен арнайы қаражат бөлінбейді. Сондықтан осы мәселе төңірегінде қиындықтар болады. Соған сәйкес біздің үкіметтің тапсырмасымен арнайы қоғамдық қорлар ашылып, солар арқылы жұмыстар жасалынды. Одан кейін зардап шеккен адамдардың  жағдайларына көбірек көңіл бөлініп, қайтыс болған, ауыр түрде материалдық шығынға ұшыраған азаматтарға көмектесу де қолға алынды. Бізге «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамының көмегі зор болды. Қала әкімшілігімен бірлесе отырып бізге барлық мәселелерде қолдау көрсетті. Жараланған азаматтарды емдету, оларға жұмыс беру, қайтыс болған азаматтардың отбасымен байланыс орнатып, оны әрдайым бақылауда ұстап отыру жұмыстарымен айналысу кезінде ықпалы зор болды дей аламын. Сонымен бірге, облыс басшысы Алик Айдарбаевтың өзі тікелей зардап шеккен адамдардың отбасына көмек беру, жағдайын жақсарту жөніндегі арнайы қор ашып, тиісті қаражаттар бөлініп, сол арқылы көп мәселелерді шештік деп есептеймін. Сонымен бірге, Жаңаөзен қаласының жағдайын жақсартуға, әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіруге, қала жолдарын жөндеуге үкіметпен арнайы бағдарлама қабылданды. Олардың ішінде «Кешенді жоспар», «Моноқала» бағдарламалары бізге үлкен көмегін берді. Сол уақытта бағдарламалардың жасалуы әлеуметтік жағдайды арттыруға, халықтың көңіл-күйін көтеруге көп үлесін тигізді. Сол оқиғадан кейін үкіметпен арнайы бағдарлама қабылданды. Ол бағдарлама жергілікті кәсіпкерлердің жағдайын жақсартуға арналған әлеуметтік бағдарлама болатын. Оған сәйкес «Самұрық-Қазына» әлеуметтік қоры 2 милилардтан аса қаражат бөлді. Бірақ ол қаражат екінші деңгейлі банктер арқылы төленді. Осы орайда түсінікті болу үшін айтатын болсам: кәсіпкерлерге келетін болсақ, біз оларға жұмыс орындарын қайта қалпына келтіріп бердік, алайда, оның ішіндегі бүлінген заттарды алып берген жоқпыз. Өйткені, материалдық шығынға ұшыраған кәсіпкерлерге үкіметтің қаулысы бойынша пайызсыз несие берілді. Олар сол несиені алып, заттай шығындарын қайтадан қалпына келтірді. Көрсетілген көмектің нәтижесінде олар бір жыл көлемінде жұмыстарын әрі қарай жалғастырып әкетті. Оларға  пайызсыз несие көп көмек болды деп айта аламыз. Сол кезде жиырма сегіздей дүкен зардап шекті, олардың қатарында Sulpak, Atlant, Frond дүкендері бар. Олар 2012 жылдың қазан-қараша айларына дейін қайта қалпына келтіріліп, жұмыстарын жалғастырып алып кетті. Үкіметпен қабылданған бағдарламалардың арқасында көптеген жұмыстар жасалып, оң нәтиже берді. Бұл оқиға әкімшілік үшін үлкен мәселе тудырғаны рас. Олай дейтін себебіміз, біз халықпен тікелей жұмыс жасаймыз. Соған сәйкес барлық мәселе бойынша азаматтар бізге келіп тұрды. Пәтер, оқиға соңындағы орын алған жағдайлар, материалдық шығын, т.б. мәселелер бойынша жауапкер болдық. Оның барлығын біз бірлесіп шешуге тырыстық. Соның арқасында барлық мәселелердің оң бағытқа жүруіне қол жеткіздік деп есептеймін. Әрине, ел болғаннан кейін мәселе болмай тұрмайды. Мен осы кезде де Жаңаөзендегі барлық мәселе шешімін тапты дей алмаймын. Әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Тіршілік барда мәселе болады.

Әңгімеміздің бағытын ауыстырсақ. Сіз осы қызметке 10 шілдеден бастап кірістіңіз. Жұмысыңызға қаланың тыныс-тіршілігін білгеніңіз үлкен көмек болған шығар. Ақтау қаласында да мәселелер жоқ емес. Бүгінде көпшілікке қол жетімді болған әлеуметтік желілерде қаланың тазалығы, көгалдандыру және қоқыс шығару мәселесіне қатысты сын пікірлер айтылуда. Осы мәселелерге қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

Иә, шынымен де ондай мәселелер бар. Бұндай мәселелер тек Ақтауда ғана емес, барлық жерде бар деп ойлаймын. Біз жүйелі түрде қарауымыз керек. Мәселе неден туындап тұр дегенге келейік. Бізде қоқыс шығарумен айналысатын кәсіби оперативпен айналысатын мекеме бар. Алайда біз оларға «неге алмай жатырсыңдар» немесе «алыңдар» деген сияқты қысым көрсете алмаймыз. Біз бұл мәселенің не үшін, қалай туындап жатқанын анықтауымыз керек. Оны анықтамаған жағдайда ол мәселенің шешімін табу қиын. Өзіңіз де білесіз, барлық санитарлық тазалық, көгалдандыру және қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпкерлер үкіметтің қаулысымен бәсекеге қабілетті ортаға жіберілді. Кәсіпкерлерді дамыту үшін, жұмысқа жүйелі түрде араласуы үшін бәсекелестік керек. Бұрын олар МКМ (Мемлекеттік коммуналдық мекемеде) болатын. Мемлекеттік коммуналдық мекеме мемлекеттің тікелей қарауындағы мекеме. Біз оны қаржыландыра аламыз, жабдықтандыра аламыз және адам күшімен көмектесе аламыз. Ал қазір жеке мекемелер бар. Олар өзінің пайдасына жұмыс жасайтындар. Соған сәйкес, дұрыс талап қойылмаса және келісім-шарт нақты болмаған жағдайда жұмыстарының сапасы төмен болуы мүмкін. Сондықтан мәселені алдын алу үшін біз жан-жақты қарастырып жатырмыз. Бұл жерде тарифтің де мәселесі бар. Себебі, жұмысты ұсынатын біз, конкурс өткізетін біз және көптеген тарифтерді бекітетін қалалық әкімдік. Қандай қалада болмасын, жылу, су, т.б. мәселелер бізге, яғни әкімшілікке келіп тіреледі. Қанша жерден бәсекеге қабілетті ортаға жібердік дегенмен, оған біз жауап береміз. Сондықтан біз барлық жағынан қарауымыз керек. Қалаға әкім болып келгеннен кейін мен, біріншіден, бұл мекемелердің базасымен таныстым, қандай техникасы бар, қандай мүмкіншіліктері бар, қаржылық жағдайы қандай және т.б. хабардар болдым. Әрине, біз олардың базасын жаңарту жолдарын қарауымыз керек. Алайда қаржылық жағынан көмектесе алмаймыз. Қазір көп жерлерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, жылу орталығына және су жүйесіне байланысты да мәселелер орын алуда. Қысқы дайындық мәселесімен айналысатын арнайы штаб бар, сонымен жұмыс жасап жатырмыз. Қыс мезгілінде қалада жылуды МАЭК береді. Оны тек қана негізгі трассаларға ғана емес, үйлерге де беретін, қадағалайтын ПГС бар. Бұл жерде негізгі жұмысты атқаратын – ПЖС-лар. ПЖС - қаладағы су, жылу, кәріздермен айналасатын мекеме. Осы арқылы туындаған мәселелер жөнінде де оларға көмек беруге көптеген мүмкіндіктер жасап жатырмыз.

Көгалдандыруға келетін болсақ. Негізі олар да бәсекеге қабілетті ортаға жіберілген. Сондықтан жаңа мердігер келгесін қиындау болып, мәселелер туындады. Осындай мәселелер келер жылы туындамас үшін, біз қазірден бастап жүйелі жоспар құруды қолға алып жатырмыз.

Сіз бұл конкурстың талаптарын халыққа жариялайсыз ба?

Әрине, барлығын айтамыз. Қандай конкурс, түрлеріне байланысты қанша қаражат бөлінді деген сұрақтарға жауапты сайттан алуға болады. Әртүрлі жағдайлар бар. Мемлекеттік қызмет болғандықтан, халыққа қызмет көрсетіп жатқандықтан, адам аз болсын, көп болсын, барлығы өз уақытымен орындалуы керек. Сонымен қатар, барлығы біздің міндетімізге кіретін болғасын, біз үлгеріп отыруға тырысамыз. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген жақсы сөз бар ғой қазақта, мендегі жағдай солай. Олай деуімнің себебі, Жаңаөзенде қанша жұмыс істеп, тәжірибе  жинасам да, адам өмір сүру барысында үйренеді екен. Ақтау - облыс орталығы. Оның үстіне Ақтау – Қазақстанның мақтанатын қалаларының бірі. Мұнда шет елден көптеген қонақтар келеді. Біз де соған лайықты болуымыз керек. Жүйелі түрде жүмыс істеп жатырмыз және әрі қарай жаңа қарқынмен жалғастыра береміз деп ойлаймын.

Өткен басшылықтың орынды босатқаннан кейін әкімшілікте қандай кадрлар тапшылығы байқалады ма?

Кадр мәселесі бар екені рас, қазір бізде 34 вакансия бар.

Негізгі қандай бөлімдерде?

Атап айтар болсақ, жер, ТКШ, кәсіпкерлік, спорт және т.б. бөлімдерде. Бізге бұйрық жоғарыдан келеді, оның бәрін орындайтын аппараттар, мамандар бар. Мен оларды өзгертемін деп айта алмаймын, себебі олардың өздеріне қойылған талабы бар, егер олар сол талаптарын орындаса, біз олардан басқа ештене күтпейміз. Командалармен жұмыс жасамаймыз, өйткені барлығы конкурспен болады. Әр адам өз жұмысын атқарады.

Сіз қызмет атқарып жатқан аймақта неге кадрлар тапшлығы байқалады, бұл мәселе қашан және қалай шешімін таппақ?

Бұл мәселе тек қана Ақтауда емес, Жаңаөзенде де болды, себебі бізде өндіріс орындары көп және мұнайшылар көп. Соған сәйкес, көпшілік халық өндіріс орындарына барғысы келеді. Ол салада жұмыс көп. Қазіргі таңда мемлекеттің арнайы бұйрығымен өндірістің имиджін арттыруға көп көңіл бөлінуде. Сонымен бірге жұмыс жасаушылардың атқарған жұмысына лайықты еңбекақы және кей кездері бонустар қарастыру қолға алынуда. Мемлекеттік қызмет көп адамның басына жазыла бермейді, сондықтан ол өте маңызды және жоғары жауапкершілікті қажет ететін қызмет. Біз өз қызметімізді ойдағыдай атқарып жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта барлық мәселелер өз шешімін табады деп сенемін. Мемлекеттің жасап жатқан жұмысын көрсететін – халық. Сондықтан халықтың сенімі артса, ол мемлекеттің жасап жатқан жұмысының жемісі деп ойлаймын. Вакансия туралы мәселені де алдағы уақытта шешіп, толықтырамыз деп ойлаймын. Кадрлармен жұмыс жасаймыз және жаңартуға бетбұрыстар бар.

Келесі сұрағым салыққа байланысты болмақ. Елдегі ең бай қалалардың бірі - Ақтау қаласы. Осы күнге дейін аумақтардан келіп түскен ақпаратқа сай салық түсімі өткен жылдармен салыстырғанда азайып барады. Көбінесе үлкен және кіші бизнес өкілдері арыздануда. Салық салу тенденциясының төмендегені туралы және алдағы уақытта сіздің қалаңызда салық салу мәселесі туралы баяндасаңыз.

Салықтың мемлекеттік және жергілікті екі түрі болады. Әлеуметтік, табыстық, жер және меншікті түрлері осы жергілікті салыққа жатады. Қазіргі таңда Ақтауда жергілікті салыққа байланысты мәселелер жоқ. Ал мемлекеттік салықтың төмендеуі байқалды. Бұл мұнай бағасының құлдырауына байланысты. Сондықтан, бұрғылау жұмыстарының азаюы мұнайшылар жұмысының азаюына әкелді. Біздің жоспарымыз болашақта жергілікті салықтың  деңгейін түсірмеу. Қазіргі таңда сол үшін салық комитетімен жұмыс жасап жатырмыз. Облыс әкімінің тікелей бұйрығымен барлық жердегі шағын және орта бизнеспен айналасу, көмек беру және т.б мәселелерді қолға аламыз. Соның ішінде салықтың уақытылы төленуіне қатысты бұйрықтар енгізу және шағын-орта бизнесті дамыту жоспарда бар. Қазір бұл мәселелер 30% шамасында ғана дамып тұр. Бұл біз үшін алдағы уақыттағы ең өзекті жұмыстардың бірі.

Ақтаудың дамуы мұнай бағасына тікелей байланысты. Бірақ мұнайға ғана қарап отырмас үшін, басқа да амалдарды қарастырған жөн шығар. Осыған қатысты қандай жоспарлар бар?

Өте дұрыс айтасыз! Біз көбіне шикізат өніміне тәуелді болып отырмыз. Мұнай бағасы түссе, қиналып қалатынымыз да өтірік емес. Елбасының тапсырмасына сәйкес индустриалды бағдарламаға қазір көбірек мән беріп келеміз. Ақтау қаласында, өздеріңіз білетіндей, 2000 гектар ЕЭА бар. Біз көбірек инвестицияны жандандыруымыз керек. Екінші мәселе -  шағын және орта бизнесті дамытуымыз керек, сонда ғана мұнайға тәуелділігімізден арыламыз деп ойлаймын.

Ғаламтор желілерінде Ақтау қаласының экологиялық жағдайын көп талқылануда. Соның ішінде АЭС құрылысын жүргізу жоспарлары. АЭС салу туралы ойларыңыз бар ма және ескі орыннан қауіп-қатер төне ме?

Бұл өте жауапты, маңызды мәселе, сондықтан тиісті мамандардың айналысатын жұмысы. Мен қала әкімі болғандықтан, бұл мәселеге жай қарай алмаймын, алдағы уақытта тағы да танысып өту керек. Бұрынғы зауыт туралы, экология туралы әлеуметтік желілерде айтатынын білемін. Алайда бұл мамандардың ісі болғандықтан, солармен ақылдасуды қажет етеді. Бірақ елдегі АЭС-тың қай қалаларда салынатыны белгілі болды. Сіздер де хабардарсыздар деп ойлаймын. Сондықтан да алдағы уақытта Актауда АЭС салынуының  ықтималдығы аз екенін айтамын.

Мектеп салу мәселесі қазіргі таңда шешіліп келеді. Ал газбен қамтамасыз етуді толықтай қамтыдық. Қазір тек қана «Батыр» ауылында ғана газ бен су мәселесі шешілмей тұр. Ол да алдағы уақытта өз шешімін табады деп айта аламыз. Халықтың дамуы үшін әр мәселенің шешімін табуға тырысып жатырмыз. Жақында жаңа емханалар қолданысқа берілетін болады.

Кезекті сұрағым жеке өміріңізге байланысты. Ақтау әкімі қанша сағатың ұйқыға жүмсайды?

Қазір ұйықтау азайды, жұмысым өте жауапты болғандықтан, көп ұйықтамаймын. Таңертең  алты жарымда тұрып, сегізде жұмысқа барамын. Түскі он екіде де жұмыстар шығып тұрады.

Сұхбатыңызға рахмет! Қызметіңізге абырой, жұмысыңызға табыс тілейміз!

4
0
1200

Осы тақырып бойынша

Ақтау әкімі Серікбай Тұрымовтың ақиқаты - Yvision.kz