Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Өмірдің кейбір сәттері

Еріктің балалық шағы Торғай даласында өтті, қалаға көшіп келгенге дейін қанша уақыт болса да туған жерін аңсайды да тұрады. Бірақ, кім шынында туған жерін өз еркімен тастап кетеді дейсіз? Тұрмыс тауқыметі оны да басқа жерлестері сияқты ауылынан кетуге мәжбүр етті. Көңілге медет ететіні жылына бір рет ауылына барып, туған жерінде аунап-қунап қайтады.

Әріден бастайық, Ерік жас күнінен ілім-білімге жақын болды, әке-шешесі оның жоғары білім алуына жағдай жасады. Жалпы, сол уақыттағы үлкендер балаларының оқуға түскенін, білім алғанын қалайтын еді. Мектеп бітірген соң жұрт қатарлы қалаға кетті, қала болғанда Торғай өңірінің жастары Қостанай мен Целиноградқа (Ақмолаға) кетер еді, берісі Арқалық түсінікті, бірақ, ол отбасындағы педагогтар дәстүрін жалғастырғысы келмеді, кішкентайынан қозы-лақ арасында өскендіктен болар веттехник мамандығын қалады.

Сөйтіп, Қостанайға оқуға түсті, оны тәмамдаған соң, «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заман келіп, қалада әр істің басын шалып жүріп қалды. Әкесі бірақ, әуелде ұлының қалада жүруіне қарсы болмаса да кейін ауылға алдыртты.

Ерік кейін Қостанайда өзі жолықтырған Сәуле деген қызға үйленді. Шыны керек махаббат сезімі болған жоқ. Заман, уақыт деп жүріп Ерік уақытын өткізіп алды, ал, мұғалім мамандығына ие болған Сәуле «Көк етікті кездеспей, көне етіктіні менсінбей» жүре бергенше, осы менің мүмкіндігім ғой деп 27 жасында Еріктің етегінен ұстады.

Отбасылық тұрмыс басталды, жетіспеушілік, бірінен соң бірі екі қыз бала – Сәния мен Жания дүниеге келді. Бұл уақытта Еріктің әкесі қайтыс болды, өзге бауырлары өздерін күйттеп әркім өз жолымен кетті.

Еріктер анасымен бірге отбасын алып Қостанайдың шетіне көшіп келді. Жұрт қатарлы тұрмыс кешті, веттехник деген мамандық қажет болмай қалды, әйтеуір жаман салдамасымен такси жүргізушісі болып нәпақасын тауып жүрді. Келіншегі жұмысқа тұрды. Бір жақсысы жалақысы мардымды. Азын-аулақ қаражаттарына сеніп шаһарға біржола көшіп алды, бір жағынан қыздарының болашағын ойлады. Күнделікті күйбең тірлік.

«Құдайдың көзі түзу болсын» деген сол болар, келіншегі Сәуле мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып, бәрінен бұрын балалардың қуаныштары қойнына сыймайды. Ерік болса, басқа жұмысты артық көріп, такси қызметінде жүре берді.

Әдеттегі әдетімен келесі тапсырыстан келе жатқан Ерік аялдамада қолын көтеріп тұрған қызды байқап қалды. Қолында әйдік сөмкесі бар. Жалпы, Қостанайдың такси қызметі ол уақытта аса қатты дами қоймаған кез. Алдын ала хабарласып, бәлен уақыт күтіп отырасың. Мына қарындас сондай бірдеңе болған-ау деп ойлап үлгеріп, бағдаршамнан кері бұрылып, Ерік оның тура алдына тоқтай қалды. Қарындас: «Саламатсыз ба? Вокзалға ала кетесіз бе?» деді, Ерік қыздың жүзінен біртүрлі ұяңдықты байқады және расында, уақыты бар, «неге воказалға дейін апарып тастамасқа?» деп ойлады.

Ерік үнсіздікті қаламайды, әдетте әр жолаушымен әңгімелесіп жол қысқартады. Қарындастың есімі Зүлфия екен. Қызылорданың тумасы, Қарағандыдағы медицина институтын тәмамдапты, кейін осында шақыртумен келіпті. Орналасып жатқан түрі екен, қаланы онша білмейді. Бірақ, расында қала мен облыста медицина мамандарының қат екенін білетін Ерік Зүлфияға разы болды. Өзге қалада, туыс-туғансыз, өз еркімен жұмысқа тұру қыз балаға оңай емес қой?

Дегенмен, сырын аша қоймайды екен Зүлфия, әне-міне дегенше вокзалға да жетіп қалды. Ерік: «қарындас, өзге қаладансыз, бәлкім менің такси қызметім керек болып қалар, телефонымды жазып алыңыз» деді. Өзі де Зүлфияның телефонын сұрап алды.

Зүлфия осындағы медицина мекемесіне орналасқан соң, көтерме қаражатын алды. Обалы нешік, шақырушы тарап пәтер берді, жалақысы жақсы қызмет ұсынды. Тек, әзірге жақын ортасы жоқ демесеңіз, қала ұнады, адамдары ақжарқын. Әсіресе, автобусқа мінгенде сондай әдепті, ортасынан кіріп, алдынан шығады. Жаңа өмірге көндіге бастады. Бірақ, оның ойынан екі нәрсе кетпейді. Бірінші, қалай анасын осында көшіріп әкеледі, ағасының түрі анау, арақтың соңынан кетіп, бала-шағасына қарамайды, анасы бірақ соның қолында. Екінші, оқу, оқу деп жүріп, тұрмыс құрар уақытын өткізіп алыпты. Күйеуге шығу керек, бірақ, өзі ұнататын, құлай сүйген жігіті жоқ.

Зүлфия бірде жұмыстан кешірек келіп, үйде телевизор қарап отыр еді, телефоны шыр ете қалды: «Алло, Зүлфия саламатсыз ба? Қалыңыз қалай? Мен келіп тұрмын» деді Ерік. Содан соң: «жүр, көлікпен қыдырып қайтайық» демесі бар емес пе? Бір жағынан үйде құр телевизор көруден зерігіп кеткен Зүлфия: «несі бар, қаланы арайық» деді. Ерік Зүлфияға қаланы аралатты, қызықты жерлерін көрсетті. Зүлфияға қаланың көрікті жерлері ұнаған сияқты, бастысы Ерікке сенімділігі артты.

Ерік ретін тауып Зүлфиямен хабарласып жүрді, соңыра жиі келетінді шығарды.

Дегенмен, Сәуле бәрін сезетін сияқты, тура Шерлок Холмс дерсіз, тіпті Зүлфияның қайда жұмыс істейтініне дейін біліп алды. Ең қызығы, Зүлфия олардың учаскелік дәрігері болып шықты. Бірақ, оның түсінбейтіні Зүлфия әйел-баласы бар Ерікті қалай ұнатып қалды? Сәуле талай рет Зүлфияның алдына келсе де, оқталып айтайын десе де, ішіндегі нәрестенің болашағын ойлап, дұрысы эмоцияға берілудің артық екенін түсініп, ләм-мим демеді. Оны сезетін, білетін, түсінетін Ерік жоқ, өз әлемінде өмір сүреді.

Ал, Зүлфия бақыттың құшағында еді, өзі ұнатқан, өзі қалаған жігітпен уақытын өткізеді, хабарласпай кетсе оны іздейтін болды. Бірақ, жүрегі құрғыр бірнәрсені сезеді. Өйткені, бір сәт сыртқа шығып кетіп телефонмен күбірлесіп жатады не біраз уақыт көрінбей қалады.

Алайда, Зүлфия Ерікті құлай сүйді. Оның ыстық құшағын қалайды, оның әрбір қимылы мен сөзі, іс-әрекеті көз алдына келе береді.

Бірақ, бақыт ұзаққа созылмады, әдемі кештердің бірінде Ерік: «Зүлфия кешір мені, мен өтірікшімін, мен сені алдап жүрмін, менің отбасым бар» деді, Зүлфияның басынан суық су құйып жібергендей болды, бірақ, өзінің күмәні бар еді, ол шынға айналды.

Ия, уақыт зымырап өтіп жатты. Кейін Ерік пен Сәуле Астанаға көшіп кетті, бір жағынан Ерік бұл шешімге өзім келдім деп ойлағанмен, тоқ етерін атқанда шешімді қабылдаған Сәуле болатын. Сәуле күйеуінің көңілдесін бір қалада көруді қаламады.

Ерік әр уақыт ой үстінде жүреді, отбасын қимайды, бірақ, Зүлфияны шын жақсы көріп қалған сияқты. Бір сәт ой жетегінде кете беремін дегенде, қиылыстан ұрған көліктің соққысы ғана есінде қалыпты. Шүкір, көрер күні бар екен. Бірақ, қатты зақым алды, ендігі өмірі арбаға таңылумен болды. Сәуле кешірді, дұрысы үш баланың болашағы үшін түсінуге тырысты. Дегенмен, араларында айтылмаған бірдеңе қалған сияқты.

Үйде отыра беруден шаршаған Ерік бір уақыт автобусқа отырып, сыртқа шығып келеді. Сондай күндердің бірінде автобусқа мініп, жайғасқаны сол еді, 13-14 жасар қыз баланың: «Әке-ана, бері тұрыңыздар» деген сыңғырлаған әдемі дауысын естіп жүрегі зырқ ете қалды. Бұл Зүлфияның дауысы ғой, Еріктің көзі қарауытып кетті!

Ерік 13-14 жылдан кейін Зүлфияның дауысын естимін деп тіптен ойламаған еді. Дұрысы, бұл Зүлфияның дауысы емес, оның қыз баласының дауысы еді, бірақ, бұл дауысты бірден таныды. Өйткені, талай естіген, құлағына сондай жағымды Зүлфияның дауысынан айнымайтын дауыс еді. Және, бастысы, Зүлфияның қызы тура оның аузынан түскендей екен. Қатты толқып кеткен Ерік мүгедектерге арналған орында өзін қоярға жеп таппады, сезім ба әлде әсер ме білгісіз, есінен танып қалыпты. Мүгедектіктен кейін жалпы оған толқуға болмайтыны түсінікті. Ал, автобус іші әсте абыр-сабырға айналды. Бір жолаушы: «Дәрігер бар ма?» деп көмек сұраса, енді бірі: «терезені ашыңдар» деп жатыр.

Зүлфия өз көзіне өзі сенбеді, бұл Ерік қой, оны автобус ішінде, мына жағдайда көремін деп кім ойлаған? Сөйткенше болған жоқ жедел жәрдем көлігі де келіп үлгерді. Көзін ашқан Ерік енді Зүлфияның дауысын ғана емес, оның бейнесін де көріп тұр. Өзінің осындай пұшайман күйге түскеніне назаланған Ерік көз жасына ерік берді, еңкілдеп жылап жатыр. Ел аң-таң, ер жігіттің қоғамдық көлік ішінде жылағаны тіпті ерсі көрінеді екен. Жедел жәрдем қызметі қызметкерлері Ерікті көлікке отырғызып, алып кетті, Зүлфия үндеместен кері бұрылып, қызы мен күйеуінің қасына келіп тұрды....

Зүлфия бүгін демалыс күні болған соң қызы мен күйеуімен бірге саябақ аралауға шыққан еді, әсіресе оған Ботаникалық бақ ұнайды, адамды сергітеді, тыныштандырады. Жолдасымен және қызымен қыдырғанды ұнатады. Саябақ және Қостанай саябағын еске түсірер еді, сол саябақта емес пе жолдасы Азаматпен танысып жүргені.

Ол былай болған еді. Зүлфияның көз алдынан өмір өткелдері өтіп жатыр. Ерік оны тастап кеткен соң, өзіне өзі келе алмай, көзінің жасын бұлайтын жері баяғы саябақ болатын. Ерік расында оңбаған, бірақ, Зүлфия оны қалай жақсы көріп қалды? Несімен өзіне баурап алды? Бірақ, бұдан да маңыздысы ішіндегі бір айлық нәрестені не істемекші? Елге ұят, бірақ, Зүлфия батыл шешім қабылдады. Не де болса өзі үшін туып алуға шешім қабылдады әлде алдыртып тастаса ма екен? Қалай ғана алданып қалды? Сансыз ойдың жетегінде отырғанда көзінен жастары еріксіз парлап жатты? Қысқаша айтқанда, өз әлемінде отыр Зүлфия, ол қиял әлемі ме өкініш әлемі ме өзі де түсініп болмайды. Бірақ, ешкімге барып мұңыңды шақпайсың, көз жасыңды сығып алып, қатал өмір-өзенге қарсы жүзе бересің?

Бір мезгілде шашын кері қайырған, аққұбаша келген жігіт Зүлфияға тақап: «Қарындас, бәрі дұрыс па?» деді. Иә, ойдың жетегінде кетіп, саябақтағы өзгелерге мән бермеген екен. Зүлфия еріксіз күлімсіреген болды, сосын: «Рахмет, бәрі дұрыс» деді. Ал, мына жігіттің кететін түрі жоқ, керісінше: «Мен Сізді рөл ойнап отырған әртіс» деп ойладым деп әдемі күлкісімен бірден баурап алды да өзін таныстырды: «Есімім Азамат, кәсіби әртіспін, осындағы Қостанай қазақ драма театрында жұмыс істеймін» деді. «Расында келісті жігітті екен» деп Зүлфия ойлап үлгергенше болған жоқ, Азамат Зүлфияға қол орамалын ұсынды да: «Жасыңызды сүртіңіз» деді. Үнінде бір сенімділік һәм жылылық бар. Шын жаны ашыған адамның ишарасы. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген емес пе, екеуі манағы көз жасты ұмытып, шүйіркелесе кетті.

Бір жағынан Азамат үшін бұл жайт та қызық, саябақта не істеп жүрген қыз, үсті-басы таза, бірақ не үшін жылап отыр? Сан-тарау сұраққа жауап іздеген Азаматтың бір жағынан Зүлфияға қызығушылығы да артты.

Алматыдан жақында көшіп келген шығармашылық адамына жаңа ортаға бейімделу кішкене қиындау болып жүрген, сондай сәттерде өз ойымен арпалысып, саябақты аралайтын әдет тауып алған. Азамат таныстықтан соң, біраз шүйіркелескеннен соң: «Зүлфия, қарсы болмасаңыз мен Сізді шығарып салайын» деді. Зүлфия оның бойынан кісілікті, адамгершілікті байқап қалғандай, қарсы болған жоқ. Сөйтіп Азамат пен Зүлфияның таныстығы басталды, кейін ол достыққа ұласты, соңы махаббатқа айналды.

Зүлфия турашыл қыз еді, оны солай тәрбиелеген. Азаматпен көп сырласты, екеуі өзге қалада бір-біріне сүйеу болды, сыйласты, ұғынысты. Зүлфия басынан өткен оқиғаны айтып берді және оның реакциясын байқады. Егер, шын сүйсе бірге болады, уақытша ғана қызығушылығы болса, онда көзіме көрінбей кетер деп ойлады. Азамат жігіттің төресі екен, әйел затын сыйлауды білетін, өмірдің талай қиыншылығын көріп, өз жолымен, өз ойлағанымен жүретін талантты шығармашыл адамы. Және Зүлфияның ішіндегі нәрестені, болашақ сәбиді өз баласындай көретінін айтты. Отбасылы болды, көп ұзаматай қыз бала дүниеге келді. Есімін Аружан деп қойды. Қостанайдың аурасы ұнайды, екеуі де жақсы қызметте, дегенмен, шығармашыл адамы Азамат үшін Қостанай тарлық ете берді. Азаматтың: «Астанаға көшейік» дегенін Зүлфия қарсылықсыз мақұлдады, тек, бұл қалада Еріктің тұратынын білмеймін еді, тіпті ол туралы білгісі келмеймін.

Зүлфияның бәлен жылдан кейін Ерікпен мынадай жағдайда жолығарын кім білген? Бірақ, Зүлфияның ішкі сезімі алай-түлей. Алайда, ол кім Зүлфия үшін, ұмыту керек, иә қызының әкесі, дегенмен, Ерікті қызының тек биологиялық әкесі деп қабылдайды. Шындығында сол, ұмытады, Азамат қызының шын әкесі, өйткені Аружанды кішкентайынан тәрбиелеген, бірге өсірген.

Ал, Ерікті тіпті ешкім іздемейді де, ауруханаға түсіп, ондағылар ем-домын жасап, асты-үстіне түсіп бәйек болып жүр. Көңілі орнықты, дегенмен, манағы көрген түстей болған Зүлфия Астанада қайдан жүр? Іші тағы да алай-түлей, алайда, Еріктің проблемалары басынан асатын еді. Бәрін ойламауға тырысты, келіншегімен хабарласып, арнайы такси шақыртып, үйге жететінін жеткізді. Әйелі суық қана: «Жарайды» деп телефонды қоя салды.

Үйге жеткенше қала көшелеріне қарап отырды, таң қалып келеді, мына аудандағы үйлер осыдан жарты жыл бұрын болмаған еді ғой? Сөйтіп ой жетегінде үйіне қалай тез жетіп қалғанын да байқамай қалды. Ал Сәуле баяғы әуеніне қайта басты: «Ақша таппайсың, үш баланы қалай асыраймыз, үйіміз болса бір бөлме ғана, қалай пәтер аламыз, ана қақпас та шаршатты» деп енесін бір түйреп өтті. Не десін? Құлын мүшесі сау болса осы сөзді естір ме еді?

Сәуле аузы жыбырлап жүріп, шайын да әкеп үлгерді, ас үй ғана екеуінің бөлмесі сияқты, жалғыз бөлмеде олардан басқа үш қызы мен енесі де тұрады, ұзыннан көрпе төсеп бәрі жата кетеді. Балалар сабағын да сонда дайындайды, расында тарлық етеді.Сәуленің бар ойы пәтер алып үйін кеңейту. Біраздан соң: «Ерік сен білесің бе мына пәтерді кепілге қойып, екі бөлмелі үй алуға болады екен» деп манағыдай емес шайдан кейін қабағы ашылып, күйеуіне көзін төңкере қарады. Ерік: «Иә, не істеу керек екен?» деп қызығушылығын білдірді. Сәуле: «Банктің тексеруі бойынша егер, жалпы табысты бөлетін болсақ, онда жетпей қалатын түрі бар, сондықтан жасанды ажырасуымыз керек» деді. Ерік: «фиктивті ажырасуы несі» деп ойлады да, расында: «егер, үйіміз кеңейіп жатса онда неге солай жасамасқа?» деп көше жаққа көзін бұрып әкетті. «Тоңызатқыштың іші бос тұр екен» деп ойын тізбектеді. Сәуле: «Айтқандай, апаны да тіркеуден шығару керек, сонда, менің қаражатым жетіп қалар» деді. Әрине, егер, үй алуға пайдасы тиетін болса неге солай жасамасқа?

Сонымен, Сәуле «үй аламын» деген желеумен Ерікпен «фиктивный» ажырасты, анасымен бірге оны үйдің тіркелу құжатынан (прописка) шығарды. Көп кешікпен банк те құжаттарын мақұлдады. Біраздан соң Еріктің отбасы екі бөлмелі пәтерге көшіп алды. Дегенмен, пәтерге қол жеткізген соң Сәуле ендігі күні әңгір таяқты ойнататын болды. Әйелдің тілдегені жаман екен. Әр күн бір өнерді шығаруға айналды: «Кет, ақша таппайсың, пайдаң жоқ» деген сарындағы нотациялары жиілей берді.

Ерік төзіп ақ бақты, балалары мен анасы үшін үшін шыдайды, басқа амалы да жоқ. Алайда, Сәуле басқаша сайрай бастады.

Ерікке соңғы уақытта: «мынадай қорлыққа төзгенше үйден кетейін» деген ой маза бермей жүр. Қыздары қатты жақсы көреді, ал анасына тура қарай алмайтын жағдайға жеткен. Ыдыс-аяқтың сылдырлауы жиілей берді. Бәріне өзін кінәлі сезінеді: «қой бұлай болмас» деп, бір хостелмен хабарласып қойды. Киім-кешегін бір сөмкеге салып алды да көшіп кетті. Іші қатты пысса мешіт жаққа барып келеді. Кейде мешіттің ішіне де кіреді, бірақ, уақытының көбі терезеге қараумен өтеді. Әдеттегідей терезеден қарап отырса, бір таныс бейне кетіп бара жатыр. Иә, бұл түнеугүнгі Зүлфия ғой, сенер алар емес! Басына мың сан ой келді, осы күніне, мүгедек болып қалғанына, үйінен қуылып қуықтай жерде бәз-біреулердің арасында күн кешуіне өзін кінәлі сезінеді, соның өтеуі Зүлфияға жасаған жамандығынан ба екен? Терезенің ар жағынан жаңбырдың тамшыларымен бірге көзінен жасы да бірге домалап түсіп жатты!

0
0
705

Осы тақырып бойынша

Өмірдің кейбір сәттері - Yvision.kz