Балқаш қаласы мен көлі және өңірдің туризмі туралы

Балқаш көлі мен қаласына, Бектау Ата тауларына барып келгенімді өткенде жазған едім, енді, көргендерім мен ойға түйгендерімді қағазға түсіруді жөн көрдім.
Сонымен, Балқаш менің өмірімдегі үшінші қала десем артық айтқандық емес. Ауылдан көшіп келген соң Арқалықта тұрдым, одан соң Қарағандыда оқыдым, шамалы уақыт Балқашта тұрдым, кейін, Астанаға біржола қоныс аудардым. Сондықтан, жалпы, шаһарды бұрыннан білетін едім және менің есімде экологиясы бұзылған, кей күндері тіпті демалу мүмкін емес қала ретінде сақталыпты. Дегенмен, жалпы, еліміздің белгілі қалаларының бірі.
Балқаш қаласы Қарағанды облысының Қарағанды мен Теміртаудан кейінгі үшінші үлкен қаласы. Халқының саны шамамен 80 000 адам. Оның шамамен 72-75 проценті жергілікті халық. Бір қызығы, Балқаш қаласына оған алыс-жақын Қоңырат (Балқаштан 12 км қашықтықта болса да шағын аудан ретінде қалаға қарайды), Гүлшат, Саяқ және Шұбартүбек кенттері де кіреді. Мысалы, Саяқ Балқаштан 210 шақырым жерде орналасқан, оған қарағанда Гүлшат пен Шұбартүбек іргеде, 8 шақырым қашықтықта ғана. Саяқтың қашықтығы біздің Арқалық қаласы аумағына жататын бұрынғы Арқалық ауданы ауылдарындай екен. Арқалық қаласы аумағына қарайтын ауылдар дегенмен, оған қарағанда (Балқаш пен Саяқтың арасы) едәуір жақын болар.
Әуелі Балқаш қаласына қалай жетеміз дегенде, туристер үшін ең ыңғайлысы ұшақ екені түсінікті. Қала әуежайы шағын, рейстер тек Алматы мен Астанадан, және ең таң қаларлығы бұрын облыс орталығы Қарағандыдан емес, Жезқазғаннан орындалатын еді. Оның өзіндік себебі де бар. Балқашқа Астана мен Алматыдан жету түсінікті, ал, неліктен рейстер Жезқазғаннан орындалады десек, біріншіден Балқаш әуежайы «Жезқазған эйр» АҚ әуе компаниясының филиалы болып табылады, екіншіден, «Жезқазған эйрдің» 100 процент акциясы «Қазақмыс» ЖШС-ге тиесілі. Дегенмен, қазір «Южное небо» әуе компааниясы өңірге (Қарағанды облысына) қатысты мысалы, Балқаштан Алматы мен Астағана және Қарағанды мен Жезқазған арасына ғана рейстер орындайды екен. Шынымды айтайын, Балқаш әуежайынан ұшып көрмеппін, уақытында Балқаш – Алматы, Балқаш – Қарағанды, Балқаш – Омбы, Балқаш – Новосібір қалаларынан өзге, Қазақстан ғана емес, КСРО-ның талай қалаларына ұшақтар ұшып, кейін, яғни, 90 жылдары рейстерді орындау біржола тоқтаған болатын. Тек, «Қазақмыс» ЖШС-нің қаржылық көмегімен 2007-2008 жылдары әуежай жолағына ішінара және аэровокзалға толықтай жөндеу жүргізіліп, 2011 жылдан бастап рейстер орындала бастады. Оның өзінде, компания мақсатында болар, бір жолы Балқаштан Жезқазғанға дейін поездбен барғаным бар еді, 900 шақырым болар шамасы жаңылмасам, қысқаша айтқанда жол ұзақ, 15 сағат жүрді ме екен? Әрине, ұшақ тиімді, және «Қазақмыстың» негізгі кешендері Балқаш пен Жезқазған қалаларында орналасқан ғой, әсіресе жаз уақытында ұшақ тиімді, бірақ, агрегатордан бір-екі рет қарап көріп едім, ұшаққа билет болмады. Бір жағынан, Балқашты бұрыннан білемін, оған, мысалы Астанадан поездбен де жетуге болады. Не болмаса Қарағандыға жетсеңіз, такси де, автобус та, поезд та бар. Айтқандай, Қазақстандағы ең алғашқы парашют спорты секциясы Балқаш қаласында ашылған болатын.
Қарағанды мен Балқаштың ара қашықтығына қатысты айтатын болсақ, екеуінің арасы бар болғаны 380 шақырым, тек Екатеринбург-Алматы трассасының Балқаш пен Қарағанды арасындағы жолының жөндеу жұмыстары қашан бітетіні белгісіз, жолда қатты жылдамдық ала алмайсыз және мені таң қалдыратыны 30 жылғы тәуелсіздік уақытында қос басты қаламыз – Астана мен Алматы аралығындағы жолдың ретке келтірілмеуі көңілге қаяу түсіреді әрине! Бұрын Балқаштан Қарағанды, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған қалаларына және Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы ауылдарына автобус қатынайтын, Шымкент пен Жазқазғанды білмедім қазір, бірақ, Балқаштан түнде қалааралық автобусқа отырып, таңертең Алматыға жетіп, кері қайтып жүрген кездерім болған, Балқаштан Қарағандыға да талай барған едім. Ал, поездбен Балқаштан Астанаға және кері талай рет жүргенімді жоғарыда айттым. Асықпаған жанға сол ыңғайлысы, айтқандай, Балқаштан тікелей жетуге болатын, жаңылмасам ол поезд қазір де бар. Ал, Балқаштан Жезқазғанға тікелей поезд жоқ, есесіне Балқаштан Семейге өте аласыз.
Жалпы, Балқаш қаласын шаһарда болмаса да Қазақстан азаматтарының көпшілігі біледі деп ойлаймын, себебі жаңағы республикалық трасса бойынан шамалы қашықтықта ғана тұр. Және, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-батысы тұрғындары еліміздің солтүстігіне баратын болса Екатеринбург-Алматы жолын басып өтетіні түсінікті.
Қаланың өзіне қатысты айтатын болсақ, жергілікті музей есіме түсті. Балқаш өңірінің тарихынын сыр шертетін жәдігерлер баршылық екен. Маған ұнағаны қаланың пайда болуы кезеңінің заттары мен өңірге тән қазақ этнографиясы бұйымдары. Қаланың өзі бұрынғыға қарағанда өзгерген, көшелері жаңарып қалыпты. Әрине, КСРО кезеңінін сәулет ескерткіштері көп. Дегенмен, жаңа құрылыс нысаны - коттедж қалашығы әсем көрінді, қалай десек те қаланың жағдайы жаман емес, өйткені, қала тұрмысы түсті металлургиямен байланысты. Қала халқы комбинат пен оның маңындағы өзге де кәсіпорындарда жұмыс істейді. Одан өзге, шағын кәсіпкерлік нысандары да жақсы дамыған. «Балқашнан», «Балқашсүт», «Балқашбалық» сияқты қаланы тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындарды бұрыннан білемін.
Дегенмен, қаланың географиялық ерекшелігі және оның Балқаш көлі жағасында орналасуы шаһардың болашағын айқындап беретін факторлардың бірі десем артық айтқандық емес, әрине, экология проблемасы күн тәртібінен түспейді!
Ол факторлардың бірі Балқаш қаласының Қарағанды облысының, жалпы Қазақстанның туризмі, оның ішінде, ішкі туризміндегі орны.
Туризм туралы айтпас бұрын Балқаш көліне тоқтала кетейін.
Қазақстандағы үшінші үлкен көлдің бірі, әрине, Каспий теңізі мен Арал теңізінен кейін (тартылғанға дейін) Балқаш тұтастай Қазақстан аумағында орналасқан көл. Аумағы бойынша теңіз деуге де келер, өйткені, әсіресе поездбен өтіп бара жатқан кезде оның қаншалықты үлкен екеніне көз жеткізесіз. Арал тартылғаннан бері еліміз бойынша екінші орынға шықты және Әлемдегі ең үлкен 14 көлдің қатарына кіреді.
Сонымен Балқаш бір жағы ащы, екінші жағы тұщы, аумағы 18 200 шаршы километрді алып жатқан әйдік көл. Жалпы бассейні тіпті 413 000 шаршы шақырымды алып жатыр. Балқаш көліне Қаратал, Лепсі, Іле, Ақсу, Аягөз сияқты өзендер келіп құяды. Қазақстанның төрт бірдей облысы аумағындағы көл және тақырыбымыз Балқаштың солтүстік жағалауына қатысты болғандықтан, сонымен бірге, біз үшін туризммен және балық шаруашылығымен қатар айта кеткен жөн. Айтқандай, Балқаш көлінде Басарал, Тасарал, Аяқарал, Олжабекарал, Ұлтарақты, Қоржын, Алғазы, Шайтанарал, Талдыарал сияқты 43 арал бар. Осы ретте, екі жайтты айта кетпесем болмас, ол біріншісі, атақты Балқаш жолбарысы, қазіргі күні жойылған. Уақытында Балқаштың қалың қамысының арасында өмір сүрген еді, соңғы уақытта оған ұқсас Амур жолбарысын Қазақстанға алып келіп, жерсіндіру жөнінде айтылуда. Ол үшін Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Іле-Балқаш резерватына 2025 жылы әкелінеді деп жоспарланған болатын. Қалай жүзеге асатыны белгісіз!
Екінші, ол кезіндегі Кенесары көтерілісінің Балқаш маңындағы жерлерде қоныстануы, ол жөнінде алайда көп дерек жоқ. Меніңше, ол уақытта табиғи қорған болған сияқты, яғни, жау қалың қамыс арасындағы түбекке не аралға жете алмауы үшін Кенесары-Наурызбай көтерілісіне қатысушылар осында аялдаған болса керек. Кенесары көтерілісі демекші, соғыстың бірі жерге ғана емес, суға да таласу екені мәлім, өкінішке орай, болашақта Балқаш Аралдың кебін киюі әбден мүмкін.
Бір-екі ауыз Балқаштың флорасы мен фаунасы туралы айта кетейін. Уақытында Балқашта жылына 20 мың, тіпті 30 мың тонна балық ауланып отырды, ол балық Қазақстаннан тыс жерлерге де жөнелтетін еді. Және оның 70 проценті балықтың бағалы тұқымдары болатын. Өкінішке орай, қазір балық аулау мемлекеттік деңгейде жоқ деуге болады. Бірақ, Балқаш балығын әсіресе поездбен Сарышаған станциясынан өткен кезде көбіміз көрген болармыз. Балқашта балықтың сазан, алабұға, жайын, көрсерке, тұқы, қарабалық сияқты 20 шақты түрі бар. Балқаш ареалының 120 құсының 12 Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Кезінде мұнда Канададан ондатра жерсіндіріліп, саны тіпті 1 миллионға дейін жеткен кезі болған.
Балқаштың тораңғылы тоғайы мен қалың қамысы талай аң-құсқа пана болған, мысалы, осындағы (Қазақстандағы) 342 бауырымен жорғалаушының 22 еліміздің Қызыл кітабына ензігілген.
Енді өңірдің, әсіресе, Балқаш қаласы тұсындағы бөлігінің дамуының бір саласы туризмге қатысты деп айттым, сол туризм жөнінде баяндасам.
Осыдан 10-15 жыл бұрын Балқаш туризмі бәсең еді, әрине, әлі де кемшіліктері баршылық, бірақ, мысалы, қазіргі күні Балқашта отандастарымыздан өзге, шетелдіктердің көптеп келіп жүргенін байқадым. Мысалы, белгілі музыкант А.Макаревичтің биыл балық аулап, теңізге шомылып, табиғат аясында еркін тыныстағанын білемін. Қазіргі күні Балқаш туризмі еліміздің ТОП-10 басымды туристік мекендерінің қатарына кіреді. Жағалауда Жемчужина», «Танго», «Самал», «Барковское», «Лафа», «Оазис», «Нұрбақыт», «Тұлпар», «Сказка», «Айгерім», «Релакс», «Найзатас», «Океан», «Голубая лагуна», «Аквамарин», «Досжан», «Гольфстрим», «Балқаш» сияқты ірілі-ұсақты 70 шақты демалыс базалары жұмыс істеп тұр, бұл қажеттілікті толық қанағаттандырып отырған жоқ, тағы 40 шақты қонақ үй мен демалыс базалары керек деседі, әрине, қызмет көрсету сапасы мен ыңғайлылығы әртүрлі. Дегенмен, Қарағанды облысында, мысалы, Қарқаралыға қарағанда Балқаш туризмі қарқынды дамып отыр деп нық сеніммен айта аламын. Бір жағынан мана айтқандай, оның географиялық ыңғайлылығы да әсер еткен болар. Мәселен, белгілі Приозерск қаласы Алматы мен Астананың тура орта жолында тұр. Бұрынғы әскери қаланы неге айтып отырсыз дерсіз? Бұл қала да кейінгі жылдары туристердің белгілі бір тобының қызығушылығын тудырады, әрине, туристердің көп келетіні Балқаш көлі жағасы. Жағалау туримінен табыс тапқан кәсіпкерлер сәйкесінше өз қаражаттарын да салуда, мысалы, жергілікті кәсіпкерлер Балқаш туризміне миллиард теңге қаражат салған. Ал, инфрақұрылымды дайындау, жол, кәріз, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау мәселесі мемлекеттің мойнында. Жалпы, Балқаш туристік аймағын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы жасалған. Әрине, көлдің оңтүстік жағалауы да Балқаш туризмін қолға алып жатқаны белгілі, бірақ, оны өз көзіммен көрмеген соң бәлендай деп айта алмаймын. Мысалы, Балқаш қаласы жағында демалған туристеріміз 2022 жылы 80 мың адамның көлемінде болса, 2023 жылы бұл сан 100 мың адамның сыртына шықты, 2022 жылы 700 млн. теңгенің қызметі көрсетілген болса, 2023 жылы ол сан миллиард теңгеден асып кетті. Айтқандай, шаһарға біз барған уақытта «Балқашфест» музыка фестивлі өтіп жатты, бұл да туристерді тартудың тиімді әдістерінің бірі. Отандық музыканттар жоғары деңгейде концерт берді және ол қала тұрғындары мен қонақтарының аса қызығушылығын тудырды. Өкінішке орай, Балқаш қаласы жағалауындағы демалыстың мерзімі 2,5-3 айды құрайды, жаз уақытында демалыс орындары тола, алдын ала брондамаса қиындау. Дегенмен, жағалауында күнге қыздырынып, суына шомылып, кемелеріне отырып, көлді аралағысы келетін туристердің саны болашақта арта береді деп ойлаймын. Балқаштан өзге қаладан шамамен 70-80 шақырым қашықтықтағы Бектау Ата да туристер үшін қызық, ол нысанға да бардық, айрықша әсер алдым, ал, ол жөнінде келісі жолы баяндамақпын!
Фотолар Балқаш жағалауында 2023 жылғы жазда түсірілген




