Бәндәбике!

О заманда естек жұртын алауыздық билеген уақыт еді, кімнің шоқпары мықты соның сөзі жүріп тұрды. Дегенмен, ел іші болған соң, естіні де тыңдайтын заман еді. Сондай жандардың бірі Бәндәбике туралы деректерді көзім шалған соң мағұлмат бере кетуді жөн көрдім. Кезінде көршілес екі халық - башқұрт пен қазақтың арасына жаугершілік орнап, талай қан төгіледі. Сондай бір жорық кезінде Бәндәбике қазақ қосынының алдынан шығып, шайқас болған жағдайда екі жақтан қаншама жас өлім құшып, боздақтарын іздеп қаншама башқұрт-қазақ аналары жасын төгетінін айтады. Қазақ сарбаздарының басшысы көпті көрген, ақылды адам болса керек, соғысты тоқтатуға бұйрық береді. Сөйтіп, қос тарап Бәндәбикенің арқасында мәмілеге келіп, боз торғай жұмыртқалаған заман орнапты. Бәндәбикенің құрметіне қазақ пен башқұрттың шешендері мен ақындары өлеңнен шашу шашып, ұланасыр той болады. Алайда, жауды алыстан іздеме дегендей, күндердің күнінде Бәндәбикенің күйеуі Жиренше қын түбіндегі қылышын қайрап, қазақ жеріне аттаныпты. Қазақтар да қарап жатпаса керек: «Тұрысатын жеріңді айт» деп жауды тосып алып, сазайын беріпті. Қолға түскен Жиреншеге: «жекпе-жекте жеңсең, өміріңді сақтаймыз, жеңілсең өз обалың өзіңе» дейді. Қазақ батыры башқұрт батырын алып ұлып, кеңірдегіне қанжарын тақаған кезде Жиренше мырс ете қалады. Қазақ жағы аң-таң. Сонда Жирнеше былай дейді: «Бәндәбике маған қазақтарға жаугершілікке барма, кімге ор қазсаң, соған өзін түсерсің" деп айтып еді, мен әйел затын тыңдамап едім, енді, мынадай пұшайман күйге түстім» дейді. Қазақтар баяғы Бәндәбикені естеріне алып: «егер, сол Бәндәбикенің күйеуі болсаң, саған бір жолы бостандық берейік» деп қасындағы қолға түскен аздаған сарбаздарымен бірге босатып қоя береді. Бірақ, күйеуінің қазақ пен башқұрттың арасындағы шартты бұзып, жаугершілік жолды таңдағанына ызаланған Бәндәбике күйіктен өз үйінде өлім құшыпты. Өзінің ақымақтығынан сарбаздарынан бір айырылып, елдің алдында қарабет болған және сүйіктісінен айырылған Жиренше Үргене өзені бойындағы Қамшытау тауынан ат-матымен секіріп кеткен деседі башқұрт аңызы! Дегенмен, аңыз түбі шындық деседі, ал, Бәндәбикенің бейіті қазіргі Башқұртстанның Көгершін ауданының Мақсұт ауылында орналасқан екен! Суретте: Бәндәбике кешені, Башқұртстан
