Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Араға тағы да жылдарды салып...

Сүйікті қалам - Алматыдағы сенбі кеші. Күні кеше виртуалды өмірден алшақтау мақсатында инстаграм парақшамды өшіріп, шынайы өмірдің бар дәмін сезінуге қадам жасаған едім. Бәлкім, уақыт өте инстаграмның ар жағындағы адамдардың өмірі қызықтыруды қойған да шығар, бірақ жылдар бойы сәттерімнен жинақталған парақшамды қимағаным рас. Себебі ол жерде менің ойларым мен бояусыз шынайы өмірімнен жинақталған фото мен бейнелер тұғын.

Солай ойға батып отырғанда Yvision есіме түспесі бар ма... Бұл жердегі аккаунттың құпиясөзі сақталған екен, үш жылды араға салып, қайта кіруім қиындық соқпады. Елдің көзіндегі және жасырылған жазбаларды оқып шықтым, ішімде керемет сезім, өткенге өкінішсіз. Керісінше, рақымшылдық күйімен, өткенге алғыс айтумен болдым. Мейлі, кейбір жазбалар меланхолиялы күйде жазылған болса да, көңілімді түсірген жоқ. Қабылдадым, алғыс айттым, өзгергенімді түсіндім.

Қазір бұл платформада бұрынғы адамдар отырады ма, бұл жазба біреуге қызық болады ма? Ол жағын білмедім, бірақ анық білерім - тағы да жылдарды араға салып бұл ортаға ораламын, тағы да іштегі сезімдерім шығып, дәл бүгінгі күйді басымнан өткізермін. Араға тағы да жылдарды салып...

0
0
631

Осы тақырып бойынша

Араға тағы да жылдарды салып... - Yvision.kz