Алматы облысында пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлінді
Бұл туралы бүгін Президент жанындағы ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
- COVID-19 індеті денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сын болды, қабылданған шараларға қарамастан кадр жетіспеушілігі, құрал-жабдықтар жеткіліксіздігі әлі бар. Сондықтан жалпы пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлінді, соның 8,8 млрд. теңгесі екінші толқынына дайындыққа қарастырылды, - деп атап өтті А. Баталов.
Оның айтуынша, Талдықорған қаласында қысқа мерзім ішінде 200 төсектік модульді инфекциялық аурухана салынды. Ол барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және штатпен қамтылды. Ал материалдық қолдау көрсету шеңберінде 5362 медицина қызметкеріне 4,7 млрд. теңге көлемінде үстемақы төленді, 1123 медицина маманына жергілікті бюджеттен 137 млн. теңге сыйақы берілген.
