Қамидың бастан кешкендері...
20 ғасыр қазақ баласына оңай болған жоқ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Кеңес Үкіметінің орнауы, қызыл мен ақтың ылаңы, 1918-2020 жылдардағы Ашаршылық, 1928 жылғы шаруалар көтерілісі, 1930 жылдардағы Ашаршылық, Екінші дүние жүзілік соғыс, зиялыларымыздың репрессияға ұшыруы, «тың игеру» деп қазақ тілі мен мәдениетінің жойыла жаздауы сияқты оқиғалармен жалғаса береді.
Сол оқиғалардың бел ортасында жүрген, талай тауқіметті көрген Қами атамыз туралы қалам алуыма мына оқиға себеп болды.
Ол кісінің кенжесі Абылай біздің үйдің сүт кенжесі Жәнібекпен дос. Әулеттері туралы бұрыннан білемін, дегенмен бір нәрсе өзге жайтқа сеп болатыны түсінікті, 2023 жылғы мамыр айының аяғында Алматыдан қонақтар келіп, Бурабайға баратын болдық. Алыс жолға рөлге отырмаймын, Жәнібекпен бірге баратын болғанбыз. Қырсық қылғанда көлігі сынып, ол Абылайды өтінген болатын. Ал, Абылай болса: «Әбекеңмен (мені айтып отыр) бірге сапарлас болсам ба деп жүр едім?» деп қуана келісті, бір ауыз сөз өтінішті жерге тастамай, алтын уақытын бөліп сапарға шықтық.
Астанадан Бурабайға дейін трассамен қалай жеткенімізді байқамай да қалдық, дегенмен, Абылайдың өз ауызанан әкесі, отбасы, әулеті туралы әңгімені естіп, бөлісуді жөн көрдім.
Сонымен, Жақсылық ұлы Қами 1910 жылы қазіргі Атбасар жерінде дүниеге келеді. Әкесі Жақсылық заманында оқыған, көзі ашық болыпты. Қажылыққа барып, одан оралмайды. Сүйегі сонда қалады. Ал, жаңағы бір ауылдың өзінен үш қажы шығыпты, олар, бірі – Жалмағанбет қажы. Екіншісі – Қалдыбек қажы. Бірақ, Жақсылық қажының сапарластарынан аманат етіп беріп жіберген «қара тоны» ұрпағының қолына тиген. Қажы әкесінің сол мұрасын қастерлеп сақтаған, жеке-жеке түптелген Құранның отыз парасымен бірге ұлдарына мұра еткен Қами атамыз жасы сексеннен асып барып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары дүниеден озады. Қами атамыздың қара шаңырағындағы көне жәдігер қазір ұрпағының қолында. Бір ғасырдан астам тарихы бар қара матаның көлемі де әжептәуір. Шамамен ені бір метрге таяу, ұзындығы екі метрге жуық. Матаның бір жақ беті тықырлау, екінші беті түкті. Құран аяттары осы түкті бетіне ойып жазылғандай көрінеді. Өн бойына қасиетті Құран аяттары жазылған бұл қалыңдау қара матаны ел адамдары «қара тон» деп атап кеткен. Бір ғажабы, Жалмағанбет пен Қалдыбек қажылар ұрпағының қолында да тап осындай бір-бір «қара тон» бар екен.
Ал, енді, Қами атамызға қайта оралайық. Қами атамыз жастайынан талай қиыншылық, таршылық көрcе де, білім іздеп Түркістан түбіндегі Қарнаққа оқуға барады. Оның өзіндік себебі де бар еді.
Қарнақ – Түркістан шаһарының іргесіндегі қала, сол заманның өзінде Қазақ хандығы астанасының қазіргі тілмен айтқанда агломерациясы болған. Оған Қарнақтың тағы бір атауы Ішкі кент - Ишкент те дәлел бола алады.
Негізі, Қарнақтың тарихты Қазақ хандығынан да әрі жатыр, дәлірек айтқан оғыздар заманымен байланыстырамыз. Оған дейін де қоныстың болуы әбден мүмкін. Темір дәуірінің қорымдары да бар деседі. Оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы текетірестер оғыз тайпаларының батысқа жылжуына себеп болған еді, ал оғыздардың қазақ даласынан кеткенін бәріміз білеміз.
Арғы жағын қазбаламай-ақ, Әмір Темірдің Түркістандағы атақты қазандықты осында құйғанын тарихи деректер айтып кетті, соған қарап-ақ, Қарнақтың қару-жарақ, оқ-дәрі, құйма, металлургия өндірісі орталығы болғанын көреміз. Қазіргі Кентау да Қарнаққа тиіп тұр.
Шынында да Қарнақтың Қазақ хандығы дәуірінде де мемлекеттің оқ-дәрісін өндіретін, қорғасынын балқытатын орталығы болғаны түсінікті, менің ойымша тіпті Түркістан мен оның іргесіндегі қала-қоныстарда еңбек бөлінісі болған деп ойлаймын. Мәселен, ұстазым Жамбыл Артықбаевтың жазуынша Әз-Тәуке заманында бұл өңірде (оңтүстікте) қазақ жұртшылығының отыз екі қаласы болған екен.
Қарнақтың тағы бір ерекшелігі – оның Түркістанда орналасқан қазақ мемлекетінің астанасына келетін меймандары үшін арнайы қонақ үй іспеттес орынның болуы, мейманхана дейміз бе, әлде қонақ үй дейміз бе? Мемлекет болған соң, кейбір мәселелер бойынша өзге елден ат артып келген меймандар ұзақ кідіруі де мүмкін ғой?
Осы ретте, ежелгі түркілердің жатжұрттықтар келген кезде оларды оттың арасынан өткізіп, аластайтын дәстүрі есіме түсіп отыр. Сол сияқты өзге елдіктерді де әуелі арнайы зерттеп көрген шығар? Кім білсін?!
Былайша айтқанда, мұнда дипломатия орталығы орналасқан, қазақтың сұлтандары мен батыр-билерін бала жастан тәрбиелеп, мемлекет ісіне дайындаған ғой.
Қарнақтың тағы бір ерекшелігі, оның ислам діні, білім-ғылым орталығы болғанын да айтып өттік.
Айтқандай, исламның қазақ даласына таралуымен сәйкес келетін 1300 жылдық (кейбіреулер мың жылдық деседі) тұт ағашы Қарнақта әлі жайқалып тұр. Ортасы шіри бастағанымен ағаштың бұтақтары әзір мығым. Дәл осы жерде оңтүстікте көп өспе бермейтін ақ қайыңдар да жайқалып өсіп тұр. Жаңағы тұт ағашын 5-6 адам қоршап барып қаусырған кезде ғана құшаққа алуға болады. Жан-жағы ескі қорым екен. Дәл осы жерде қазандық құйылған деген жерді көрдім (әрине, нақ осы тұт ағашы түбінде құйылғанына нақты дерек жоқ).
Қарнақта заманында жиырма екі медресе болыпты, кейінгі белгілісі әрине үш-төртеуі ғана. Мәселен, кейінгі заманның өзінде Қарнақта қазақтың біртуар ұлдары – Шортанбай Қанайұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Мұса Байзақұлының тәлім алғаны белгілі. Бұл анықтары ғана, тіпті аталған дәстүр кеңес заманында да жалғасын тауыпты. Міне, солар сияқты Қами ақсақал да Қарнақта білім алады.
Қарнақтың дін ордасы ретіндегі рөлін айттық, әрине жиырма екі медресе болса халқы да көп деген сөз ғой. Мысалы, 18-19 ғасырларда кентте 10-11 мың халық тұрса, 19 ғасырдың соңында Қарнақта әлі 2 мың халық тұрған екен, ғасыр басында халқы қайта төрт мыңға дейін көтеріліпті. Қазір білуімше кент халқының саны 15 мың шамасында екен.
Қарнақтың бірде өсіп, бірді құлдырауы бұрын да болған, мәселен, монғол шапқыншылығы кезінде қала күйреп, 15 ғасырда қайта қалпына келтіріледі. Кейінгі тағдыры белгілі.
Тағы бір деректерде мұнда да қылует болғаны айтылады.
Қалай десек те қазақ халқының рухани һәм мәдени-тарихи өмірінде Қарнақтың алатын орны айрықша.
Міне, бір тақырыптан екінші тақырыпқа кетіп жатырмын, дегенмен, Қами атаның атаның Сарыарқадан Қарнаққа бекерден бекер бармағаны белгілі.
Кейін ол аласапыранда туған еліне оралады, мұнда аштықтан, қуғын-сүргіннен талай туған-туысқандарын жоғалтып, 1930 жылдардағы Ашаршылықта Қами тірі қалады.
1942 жылы Ақмола әскери комисариаты оны майданға шақырып, осында жасақталған 106-шы Ақмола кавалериялық дивизиясының құрамындағы 288-ші кавалериялық полкінің құрамында соғысады. Қазіргі соғыс ошағына айналған Украинаның Харьков облысы түбінде соғысып, сонда неміс фашистерінің қолына түседі.
№106 Ақмола қазақ атты әскер дивизиясының бастан кешкендері туралы бір қызығы Харьков қаласында тұратын қазақ қызы Макка Қаражанова жазған болатын. Автоматты айтпағанда, қарапайым винтовканың өзі толық берілмеген бұл дивизияны Харьков түбінде жалаң қылышпен жау танкілеріне қарсы салды. Кейін совет өкіметі қынадай қырылған бұл дивизияның құжаттарын да жойып жіберді. Ақмола атты әскер дивизиясының қаралы тағдырынан арада 68 жыл өткен соң ғана жұртшылық құлағдар бола бастады.
Харьков «қазаны» мен 106-атты әскер дивизиясының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне ең негізгі себепкерлер, маршал Семен Тимошенко, генерал Иван Баграмян және әскери совет мүшесі Никита Хрущевтар бастаған майдан басшылығының шектен тыс қылмыстық жауапсыз әрекеттері болатын.
Айтпақшы, Харьков түбіндегі жеңіліс туралы Сталинге хабарлағанда, ол мұны жойқын апат деп бағалаған: «Небәрі үш аптаның ішінде ойсыз әрекет салдарынан Оңтүстік-Батыс майдан әне-міне дегенше жеңіске жетіп тұрған Харьков операциясында жеңіліп қалғаны былай тұрсын, жауға 18-20 дивизияны тастап кетті... Бұл Шығыс Пруссиядағы Ренненкампф пен Самсонов қырғынымен бірдей жойқын апат болды...».
Екінші дүниежүзілік соғыста Харьков түбінде неміс генералы Клейс ұрыс тоқтаған жерді аралап шығып былай депті: «Ұрыс алаңында адам мен жылқының өлігі толып жатқаны соншалық, олардың арасынан жеңіл автокөлікпен өту мүмкін емес».
Бұл дивизия (Ақмола атты әскері) Қазақстаннан майданға он эшелонмен аттанған екен. Алғашқы эшелон 1942 жылы 23 наурызда жолға шықса, 12 мамырда Харьков түбіне соңғы эшелон жеткен. Сөйтіп он эшелон бірінен кейін бірі келген.
Дивизияның 90 пайызы қазақ еді. Оларды Қазақстаннан алып келгенде тіпті мамыр айында пимамен жүрген. Тек 288-полкке ғана кәдімгі солдат шинелі мен керзі етік берілген. Қалғандары шолақ тон мен пима киген.
Майданға келген қазақтарға мылтық бермей, қылыш береді. Енді, ойлап көріңіз, майдан шебінде мұздай қаруланған неміс фашистеріне дала қазақтары атқа мініп, жалаң қылышпен жауға қарсы шабуылдап жүр. Айтқандай оларға (сарбаздарға) 102 винтовка беріліпті және олар күзет және қызмет көрсету взводына берілген, қан майданға қазақтарды айдап салып отырса да отаршылар біздерге сенбегенге ұқсайды. Мысалы, 269-атты әскер полкіне 25 винтовка, 288-атты әскер полкіне 16, ал 307-атты әскер полкіне небәрі 10 винтовка ғана тиіпті!
Енді, осындай жағдайда жауға қарсы аттанған қазақтардың қынадай қырылатыны түсінікті, сол соғысқа қатысқан тағы бір ақсақал өз естелігінде былай дейді: «Қолда қару жоқ. Он адамға бір винтовка. Қалған тоғызы әлгі винтовка ұстаған солдат қашан жау оғына ұшқанша соңынан жүгіріп жүрген. Кей солдаттар бес тәулікке дейін ұйқы көрмеген. Алыс жолға саппен жүргенде ортадағы солдаттар жүріп бара жатып ұйықтайтын, біраз уақытан соң шетте келе жатқандармен ауысып, олар да ұйықтап алатын».
Харьков түбінде талқандалған қазақ атты әскерінің ішінде Қами да бар екенін айттық, ол жау қолына тұтқынға түсіп қалады. Кейін соғыс аяқталған соң Кеңес жағына өтеді. Қами ақсақалды нәр татырмай, ұрып-соғып: «жау қолына түскенше өлгенің жақсы еді» деп әбден зәбірлеп, «Отанын сатқан опасыз» деген жалған жаламен 10 жылға соттап, НКВД лагерьге жібереді.
Ол қара таңба сияқты еді, соғыстан, лагерьден келген соң жұрт қатарлы еңбек етті, өзгенің ала жібін аттамады. Сөйтіп, елге келген соң жасы елуді еңсергенде ғана Қами Жақсылықұлы өзінен 26 жас кіші Шайзадақызы Рауза апамызбен шаңырақ көтереді. Рауза апа он екі құрсақ көтеріп, одан бес ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіреді. Сүт кенжесі, әңгіменің басындағы кейіпкеріміз Абылай ініміз Қами атамыздың алпыс тоғыз жасында көрген перзенті екен.
Дегенмен, соғыс ісі салған жара сыздақтай берді. Ауыл ішінде «сатқынның балалары» деп оларға мектепте болсын, көшеде болсын дікеңдеу, тіпті кейде нұқып жіберу де орын алды. Қами атаның балалары ұйымшыл және шетінен намысшыл болып өсті, үлкендері тізесін батырғандарға еселерін жібермеді. Бір жолы үлкен ұл мектепте төбелесіп келіп, анасы кеңшар әкімшілігіне барып: «Не күйеуімді ақтаңдар не жаудың балалары деп бір жағына шығарыңдар» дейді. Бұл әлі Қами ақсақалға басылған таңба еді. Дегенмен, осыдан кейін Қами атамыз біржола ақталады. Және ақталғанда елдің алдында ақтайды, ресми хат келеді. Елге сыйлы, қызметке да жайлы, шаруашлыққа да сайлы болады. Кейін зейнеткерлікке шыққан кезде кеңшар басшысы астына ат мінгізеді.
Кезінде күн көрсетпей дікеңдегендер алдына келгенде артық сөз айтпады, 90 жылдардағы қиын уақытты ұрлық-қарлық үшін талай адам сотталып кетер еді, бірақ Қами ақсақал адамгершілікпен қарай білді, кешіре білді.
Сол 90 жылдары жұрт дінге бет бұрғанда ол кісі ауыл молдасы болып, халықтың діни сауаттын ашты. Балаларының бәрін оқытты-тоқытты. Құдайға шүкір Қами Жақсылықұлы мен Рауза Шайзадақызының ұрпақтары Атбасар қаласы, Ақмола облысы, Астана, Алматы сияқты еліміздің қалалары мен мекендерінде өмір сүріп жатыр.
Міне, бір ғана кісінің ғұмыры – ғибратты саналы өмірі бізге де үлгі болғандай!
Мақала авторы – Амандық Әмірхамзин, материалды жазу барысында Жәкітайұлы Төлегеннің Қами ақсақал туралы мақаласы және Сұлтан хан Аққұлының Макка Қаражановамен сұхбаты пайдаланылды
Суретте: Қами ақсақалдың кенжесі Абылай және мен - Амандық Әмірхамзин
#Amandyq Amirkhamzin

