Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Ат қою да өнер!

Ат қою білеміз бе?

Күнде таңертең әдеттегідей шапқылау басталады. Біздің үйден екі бала балабақшаға барады. Негізі, аптаның бес жұмыс күнінде бала бақшаға үш рет барсақ, екі рет үйде қалып қоямыз (ұйқыны қимаймыз, балаларды аяймыз, кейде ауырып қаламыз). Бұрын асығып апарып, кешке кезекші топтан тағы асығып-үсігіп аламын да бала бақшаның ішкі өміріне бәлендей мән бермейтінмін. Үлкені бала бақшаны аяқтап жатырған соң, бұрынғыдай емес барлығына бажайлай қарап, кішісіне көп көңіл бөлуге тырысамын. Сонда не байқады дейсіз ғой?!

Бала бақшаға балаларын апаратын кейбір ата-аналардың: "Нурали, Асанали, Ануар" деп шақырып не айтып жатқанын естимін. Сосын сөздерін тыңдаймын ғой, тілдері анық, ата-анасының да баласының да тілдері нақ қазақ тілінде шыққан, ана тілімізде жауап береді, бірақ балаларына Нұралы емес неліктен Нурали немесе Асанәлі емес Асанали деп атап шақырып жатқандары мен үшін түсініксіз.

Сөйтіп, есік алдына келсем, аулада бір әйел баласын: "Хачепсут" деп шақырып жатыр, ойбу бұл не қылған есім деп есіме түсірмеймін бе? Бұл - әйел-перғауынның аты емес пе еді? Үш қайнаса қазаққа сорпасы қосылмайтын оның бізге қандай қатысы бар еді? "Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса" демекші, не десе о десін, бірақ бірінші ат қою да өнер емес пе, екінші балалардың ана тіліміздегі есімдері бола тұра оларды бұрмалау қаншалықты дұрыс.

Ат, демекші, бұрын бірге жұмыс істеген Толқын деген қыз Жапонияға оқуға барып келген соң, атын Нами деп өзгертіп алыпты, ерінбестен төлқұжатына да жаздырып алған ғой, "Намиы" Цунамидың қысқарған түрі екен.

Ат қою да өнер екенін түсінбейтіндер көп-ау деп ойлап қалдым!

0
0
377

Осы тақырып бойынша

Ат қою да өнер! - Yvision.kz