Қателікті сүю

Періштелер соғысы
Сол иықтағы періште: Менде екі ұпай.
Оң иықтағы періште: Жоқ, ол қателікке есептелінбейді.
Сол иықтағы періште: Ол бұның күнә екенін біліп тұрып жасап жатыр. Сондықтан менде тағы бір ұпай.
Оң иықтағы періште: Біз әділдіктің иесіміз, біз оның бұл әрекетті достарының итеруімен жасап жатқанын көріп тұрмыз.
Сол иықтағы періште: Ия, біз әділдіктің иесіміз. Әйтседе ол қателікті біле тұра жасап жатыр. Біз оған ескерту жасауымыз керек.
Оң иықтағы періште: Ескерту жасау біздің қызыметімізге кірмейді, достым! Біз тек көргенімізді жазамыз. Біз әділдіктің иесіміз.
Сол иықтағы періште: Мен оның қателігін көріп тұрмын, жаза беремін. Біз әділдіктің иесіміз.
«Jabbawockeez» -ден қуат алу
Ол есінен адасып бара жатыр. Жарқылдаған түрлі -түсті жарықтар оның терісін етінен бөліп ап ұшырып жүр. «Jabbawockeez»-дің артынан ерген қолдар мен аяқтар қақтығысып барады. Jay Z дауысы оның миының терең қатпарларына түсініксіз сөздер жазып жанталасты. Оны оқи алмай қиналған жүрегі біртүрлі күйде қалды. «Jabbawockeez»- ден қуаттанған ол жер бетін сілкіндіріп жатты. Осы сәтте оны тағы да кітап басынан қойып қалды. Ол кеше түнде өмірінде алғаш рет бір кітапты толықтай оқып аяқтады. Оқығандығына өкінетіндігін өкпесіне жасырып қойды. Аяғымен теуіп ашатын есігін бүгін тәңертең қолымен ашқанын тіпті түсіндіре алмайды. Оның жанын кітап өзіне бағындырғысы келетіні туралы шатпақты пенде әлі сезе қоймаған еді. Мас қылған биді тоқтату оның міндеті, ал жалғастыру ауыр қателік екенін жанына сіңіп алған кітап парақтары оған ескертумен болды. Ол «Jabbawockeez» - ден бас тартты.
«Ей, шаршап қалдың ба не?» -деп шуласқан достары оны қанша итермелеседе орталарына қайта кіргізе алмады. Енді ішу мен тарту басталды. Арада ұшқан ақ ұнтақтар олардың кеудесінен ойларды жұлып ала бастады. Ойсыз домаланып қалған бастар не істерін білмей тәлтіректеп жүр. Әбден құныққан құмарлыққа толып кеткен оның кеудесі бүгін оны соншалықты қыдықтай қоймады. Тамаққа тәбеті жоқ баладай бір бұрышта жалғыз өзі отыра берді. Өзін не тоқтатып тұрғанын түсіне алар емес, бірақ кешегі кітаптың иісі оны бәріне тойдырып тастағандай. Достары оның бұл қылығын күлкіге айналдыра бастады. Ыржиған езулер мен іштегі құмарлықты қылқындырып тастаған қысымға ызасы келіп, ықылассыз құры су жұта берді. Ирелеңдеген ұзын сирақтылардың артынан еріп достары да кете бастады, ал оның әлі ештеңеге құлқы болар емес, жоқ, негізі құлқы жоқ емес еді, оның қысып бара жатқан құмарлығын қылқындырып ұстап алған кітаптағы әріптерге өшігіп кетті. Әдеттегіге салған кез -келген әрекетін қателік етіп есептеп жіберген кітап оның жанын өзіне сіңіріп барады. Еркінен айырыла бастаған ол кітап жасап берген кейіпкерге еріп сыртқа шықты. Ол кейіпкер соққан желден, жерде жыбырлаған құрт құмырсқаның бағытына дейін оң, теріс деп екі дүниеге бөліп алып, өзі аппақ ұлпа қардай мамықтың үстінде ұшып жүретін періште сіпетті сұлу жаратылыс еді. Бұл сұлулық оның жанын жұтып бара жатты.
Кафканың жүрек айнуы
Ол енді кітап кейіпкеріне ұнамайтын кез- келген әрекеттен жүрегі айни бастады. Алақаны қышыды, бұл бұндай уақытта әдетте жігіттерін ертіп алып қараңғы жертөлелерде қанға шомылып қайтатын. Үстінен шыққан сол қызыл түстің иісінен ол шындығында ләзат алатын. Бойындағы құмарлығы қанша тартса да ол бұл әрекетінің кітап заңы бойынша қателік, ауыр күнә екенін есіне алды да тағы тиылып қалды. Қышынған алақандарына қарап тұрып, оның алғаш рет жүрегі айныды. Жүрек айну сезімі оның жүрегін айнытты. Әбден секіріп, нәр татпаған ол қарынының ашып қалғанын білді де жақын жерде орналасқан ресторанға кірді. Тамақты аузына апара бергенде кітап парақтары оған тағы да сыбырлады. Алдындағы астың қандай жолмен келгені туралы алғаш рет ойланып қалды. Ой езіп, кеудесі құсып жіберген астан жүрегі айнып кетті. Жегісі келмей итере салды. Аш қалдырған кітап кейіпкеріне ашуы келді. Сол сәтте осы уақытқа дейін жеп келген астарының бәрінен, соны қортып, бойына сіңірген іш- құрлысының толықтай жүйесінен жүрегі айнып кетті. Өз бойынан, өз тұлғасынан жүрегі айни бастады. Жеркенген сезім оны далаға қарай жүгіртті. Көлігіне отырды да, басы ауған жаққа қарай ұшты. Арттағы бүкіл өмірінен жүрегі айныды. Бірақ ол бұдан басқа өмір сүрудің қандай жолы барын түсіне алмады. Көз ашқанан көрген ортасынан бөлек қандай да бір әлем болатындығына ол өзін сендіре алмай келеді. Қателіктерсіз, күнәларсыз кейіпкердей күн кешу қалай болатынын елестете алар емес. Кітаптың жолымен тырысып көріп еді, таң атқалы бері бәрінен бас тартып жатыр. Барлық әрекетінен, барлық өмірінен, түгелдей өзінен бас тартып кеткенін енді түсіне бастады. Ол енді өзін өмір сүріп жатқандай сезіне алмай кетті. Жолы бөгеліп қалды. Үймелеген көліктер мен адамдар шуласып жүрген жол оны тоқтатты. Әдетте, өзі көшедегі бұндай оқиғаларға қарамастан, басқаларға жаны ашымастан, кептеліс жасап керігіп өтіп кете беретін еді. Қазір ол тағы ойланып қалды. Жанына сіңіп алған кітап оған тағы бұл әрекетінің қателік тіпті күнә екенін түсіндіріп сыбырлап жатты. Ол кейіпкердің айтқаны бойынша әдеттегі дағдыдан бас тартып басқа бос жатқан жолға түсті. Ол қайда кетіп бара жатқандығын біле алмады. Артында Алматының жарықтары жарқылдап билеген күйі алыстап қала берді. Оны белгісіз күш қала сыртына қарай сүйреп келеді. Періштелер соғысып жатқан майданға бара жатқанын ол әлі елей қоймады. Ол тағы кітап туралы ойға шомды. Сол кітап оны өзінен бас тартқызды. Сол кітап оны қателіктер ішінде адам ретінде өмір сүру мүмкіндігінен алыстата бастады. Ол қателіктерден қатты қорқа түсті. Екі иығындағы періштесі оның әрекеттерін өлшеп әлі дауласып жатты. Бірақ ол ештеңе естімеген еді. Жарқылдаған әлем артында қалып, қараңғылыққа шомып бара жатты. Телефонның шырылы оны терең ойдан оятып алды.
Белгісіз дауыс: Сәлеметсізбе, мен полиция бөлімшесінен хабарласып тұрмын. Сізге айтар суық хабарымыз бар. 001 деген көлік, яғни сіздің жақыныңыз апат болды. Біз сол кісінің ұялы телефонында ең соңғы рет терілген сіздің номерге хабарласып тұрмыз. Ол біраз уақыт дем алып жатқан, сізге қоңырау да шалған, бірақ сіз жауап бермегенсіз.
Ол әрі қарай дауысты естігісі келген жоқ, тұтқаны қоя салды. Оған өзі хабарласты, ол тұтқаны көтермегені рас еді. Ол өзіне айғайлаудан қорықты. Айғайлаудың да қателік болып есептелетінін білгендіктен қоңырауға жауап бергісі келген жоқ еді. Осыдан бірнеше минут бұрын жүріп өтуді қателік санап, бұрылып кеткен көшесінде болып жатқан оқиға туралы ол енді түсінді. Егер кітап оған өз жолымен жүруден бас тартқызбағанда, ол өз жолымен жүріп өзін көргенде, өзін құтқарып қалуға уақыты жетер еді. Ол қателіктен қорықпастан тұтқаны көтергенде ар жағындағы қиналып жатқан өзі оған не айтарын естір еді. Бірақ ол кітаптың кейіпкеріне еріп кетті. Енді оның құлағында өзінің өлгенін естірткен дауыс жаңғырып тұрды. Ол көлігін артқа бұрды. Жарқылдаған қала шамдары қайта көріне бастады. Ол өзін көргісі келеді. Өзінің өлгеніне сенбеді. Кеудесіне сіңіп алған кітапты көңілі қалдырып бара жатты. Ол өзіне, қателіктер әлеміне асықты. Ол өзінің, адамның кітабін жазуды қайта бастады.
