Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен бірнші болып құттықтады...
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен барша қазақстандықты бірінші болып құттықтаған еліміздің танымал қоғам қайраткерлерінің, өнер жұлдыздары мен спортшылардың лебіздерін ұсынамыз.

Жандарбек Мәлібеков, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:
Қазақ халқы кеше ғана қалыптасқан жоқ, оның тарихы өте тереңде екені белгілі. Біздің қазақ даласында ертеден сақ, үйсін, ғұн және де түрік қағанаттары өмір сүрді. Тарихымыз олармен тікелей қатысты. Одан кейін Алтынорда, оның ішінен қазақ хандығы жеке бөлініп шықты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытаудағы сөйлеген сөзінде айтқан мәселелердің барлығы, ол кісі ғұндардан бері, қазіргі тәуелсіздік деп келе жатқан мәселелердің барлығы халқымыз үшін маңызды, әсіресе жастар үшін терең маңызды екенін айту керек деген болатын. Ендеше Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау, өскелең ұрпақ үшін ұлы тарих беті.

Нұрлан Әлімжан, киноактер:
Барша қазақстандықтарды Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі тойымен құттықтаймын. Керей мен Жәнібек бабаларымыздың осындай кең байтақ жер, бірлігі жарасқан ел сыйлағаны — біз үшін ұлы тарих. Сол бір заманда алтын орда тігіп, Қозыбасының төрінде ұлттық мемлекет құрды. 200 мың халықтың бірлігін нығайтып, әскерін жасақтады. Сол батыр бабаларымыздың күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-ғайыр атырапты сақтап қалды. Күрескер ұлы батырларымыздың, хандарымыздың рухы әрдайым разы болсын. Ал, қазақ еліме тілерім: тек қана заманымыз тыныш болып, егеменді еліміз жасай берсін. Әлемге атымыз танылып, мәңгі ел болайық. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнап, әрдайым осындай бақытты күндерде, Қазақ хандығын мерекелерін тойлауды жаза берсін.

Асылхан Төлепов, киноактер:
Ең алдымен барша қазақ елін «Қазақ хандығының 550 жылдығымен» шын жүректен құттықтаймын. Бұл қазақ тарихындағы үлкен маңызды кезеңдердің бірі деп білемін. Бұл ұлы мереке. Қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған тарихи оқиға 1456 жылы болатын. Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханның үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап, шығыс Дешті Қыпшақ пен Шудың бойындағы Қозыбасыға қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға. Сонау ата-бабаларымыз аңсаған күн 1465 жылы болды. Бұл ұлы мерекенің өтуінің маңызы біз үшін зор деп білемін. Өйткені кейінгі ұрпаққа, кейінгі өскелең жас ұрпаққа мұра болып қалатын аманат. Бұл бір реттік қана тойланатын мереке болып қалмаса екен деп тілеймін. Жылдан-жылға жалғасатын дәстүр болып, тойлана берсін.

Есен Елеукен, Қазақстан КВН одағының президенті:
Қазақ хандығының 550 жылдығы қазіргі уақытта тойлануының маңызы зор. Сондықтан тарихтың сахнасында орны бар елдіктің мерекесі барша қазақтың тойы деп білемін. Енді 550 жылдық мерейтойды ғана атап өтпей, жылда қазақ хандығының тойын тойлайық.

Аңсаған Мұстафа суретші-дизайнер:
Өткен жылы осы жаңалықты ести салып қатты қуандым. Ресейдегілер қазақта тарих болмаған деп шатаса бастағанда соларға берілген жақсы жауап болды! Мен өз тарапымнан не істесем екен деп ойлап, бір күні бір футболканың дизайнының түрін салып, егер де осы футболка 550 лайк жинаса, жазға дейін 55 түрін жасап берем дегенмін, бір ақ күнде 1000 нан асып кетті. Уәдем уәде, жазға дейін 55 түрін жасап, оны флешмоб-көрме ретінде көрсеттім. Көрменің атын «Шашу» деп қойдым. Олай аталу себебі жарты жыл еңбектеніп, 55 сурет әзірлеп, футболкаларын дайындап, оларды шашуға тарата салдым. Өйткені той күзде болады, күзде футболка киілмейді. Сондықтан жазда көп адам бұл футболкаларды киіп жүрсе, «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтой насихаты жақсы жүреді деп ойладым. Осылайша өзімде мерейтойға үлесімді қостым.
