Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстанға сән әлемінің келуі

Б.з.б 8 ғасырдан бастап Еуразия далалы аймақтар өңірінде аңдарды бейнелеу - аңдық стиль пайда болды. Оның негізгі тақырыбы - аңдарды және аңыздағы ғажайыптарды бейнелеу. "Аң стилі" өнері сәндік сипатта қолданылды. Әр түрлі бейнелермен қола қазандар, құрбандық заттары, қару-жарақтар, ат әбзелдері мен киімдер әшекейленді.

«Аң стилі» өнері дәстүрмен сақтар Алдыңғы Азия мен Иранға жасаған жорықтарында танысты. Осы жерлерден сақтарға "өммір ағашы" дейтін арыстан бейнесі тарады. Бұл ұғым жергілікті жануарлар мен аң-құстардың, жылқы, қой, түйе, бұғы, ақбөкен, барыс, жолбарыс, бүркіт, қасқыр, қоян бейнелеріне ауысты. Ендеше, VII-VIII ғасырларда қалыптасқан «аң стилі» сақ өнеріне тән туындылардың шоғырын қалыптастырды. Олар: жыртқыш аң, мүйізі шиыршықталған арқар, төрт тұяғымен тіреп тұратын тұяқты жануарлар, жыртқыш құс, гриф немесе құлағы ұзын грифон, мүйізі ағаш бұтақтар түріндегі бұғылар және мүйізі арқасына дейін жайылған қырынан жатқан тау ешкілер бейнелері еді. Демек, ағаш пен сүйекті ою арқылы «аң стиліне» тән кескіндемелерді жасағаны белгілі болды. Кейбір мәліметтерге назар аударсақ, аң стиліне тән зергерлік бұйымдардың бірсыпырасы Шілікті қорымынан табылғаны баршаға аян. Бұл тоналған қорған болса да, осы жерден табылған кейбір алтын әшекейлер зергерлік техниканың әртүрлілігімен таң қалдырады дейді ғалымдар. Деректерге назар аударсақ, күн символы мен тірі және өлі табиғат туралы дүниетанымдық түсінік барша сақ әлеміне тән дүние екендігі белгілі болды. Ендеше, бұғының мүйізін өмір ағашымен байланыстырса, шеңбер тәрізді шиыршықталған мүйізді арқарды өсіп өну культімен өрбіткен.

1969-70 жылдары Есік қорғанынан тоналмай табылған сақ ханзадасының қабірінен төрт мыңнан астам алтын тоғалар мен жапсырмалардың басым көпшілігі аңдық стильде жасалғандығын ғалымдар мен археологтар өз еңбектерінде көрсетіп жүр. Демек, алтынды өндеу мен аң стиліндегі тоғаларды жасаудағы сақ өнерінің өзіндік ерекше туындыларын әлемге паш етуге үлкен мүмкіндік туды десек қателеспейміз. Тек бас киімінің өзінде жүз елуге жуық алтын тоғалар болса олардың басым бөлігі аңдық стильде жасалған. Мәселен, бас киімдегі қос жебе түріндегі әшекей, геометриялық пішіндегі тіліктер, тік қарғыған аттың жарты бөлігі түріндегі тіліктер, тау шыңдары бейнесіндегі тіліктер, арыстанның бет-әлпеті түріндегі қапсырма, таутеке мүйізді қанатты аттардың мүсіндері, тау шыңындағы барыс түріндегі қапсырмалар, таутеке бейнелі әшекейлер, барыс бейнесіндегі қапсырмалар, құстың кіші қанаты түріндегі тіліктер, тік тақтайшалар арасындағы жолбарыстың басы түріндегі қапсырмаларды айта кеткен жөн.

Бертін келе сән өнері қазақ жерінде кейбір деректерге сүйенсек, қазақ басылымдары «сән», «мода» және «подиум» деген сөздерді 1913 жыл­дар­дың өзінде пайдалана бастаған. Бірақ бұл кезеңде қазақ жеріне нық орнай қоймаған «сән әлемі» қазірде ресми түрде 1947 жылы келген делінеді. Ал, жалпы, ата-бабаларымыздың ежелден келістіре киген қазақы өрнегі бар сәнді киімдері мен әшекей бұйымдарының өзі нағыз «сәндіктің» өзі емес пе?! Тек Коко Шанельдің ойлап тапқан «барлық қыздың гардеробында болуы тиіс кішкентай қара көйлегін» шығарып, жержаһанға жария қылмадық демесек, серілер мен сылқым сұлулардың сол кезгі сәндену салтына айтар сын да, мін де жоқ. Алайда ресми дерекке сүйенсек, бүгінде «Сымбат» деп аталатын академия отандық сән әлемінің дүниеге келуіне сеп болыпты деседі. Тұңғыш рет 1972 жылы қазақстандық сән өнерін шетелге паш еткен компанияның «Сымбат» деп аталған тұңғыш журналы – 1958 жылы, ал тұңғыш мода театры 1987 жылы ашылды. Қазақстан 1972 жылы – Болгарияда, 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жы­лы Италияда өткен халықаралық фестивальдарға да қатысты. Ал 1988 жылы Чехословакияның Брносында ұйымдастырылған жарыста бас жүлдені иемдендік.

Осылайша fashion – индустрия Қазақстанға да жеткен. Қазірде елімізді әлемге танытып жүрген атақты дизайнерлеріміз де жетерлік. Олардың ішінде Aida KaumeNOVA, Kuralai (Құралай Нұрқаділова), Айгүл Қасымова, LaRiya (Лария Жақамбаева), Salta (Салтанат Баймұхамедова) мен ZhaZira-ны ерекше атап өтуге болады.

0
0
410

Осы тақырып бойынша

Қазақстанға сән әлемінің келуі - Yvision.kz