Қазақтың қызы – қоғамның қызы
Жақында бір ғылыми конференцияға қатысқан едім. Сөз алған баяндамашылардың бірі «Бүгінгі қоғамда қазақ қызының ағасы жоқ» деген мәселенің шет жағасын қозғады.
Расында қазақ қызының қоғамдағы рөлі мен орны, оның құқығы мен статусы жайында сөз қозғалады ма және бұл мәселеге көңіл бөлінеді ме деген сұрақтарға жауап беруге тырыстым.
Шынын айту керек, егер қазақ қызы өзінің қоғам тарапынан бағалануын қаласа, бірінші кезекте өзінің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына көңіл бөлуі тиіс.
Осы ретте қазақ қыздарына үндеу тастағым келеді. Күн сайын макияж жасауға кететін уақыттарыңды, Инстаграмда орналастыруға арналған жасанды күлкіге толы фотоларды түсіріп, олардың ішінен «ең жақсы шыққанын» таңдауға кететін уақыттарыңды, апта сайын ойын-сауық орталықтарындағы бутиктерді аралауға кететін уақыттарыңды біраз болса да, жақсы бір кітап оқуға, осы қоғамның бір мүшесі екендеріңді сезінуге жұмсауға үгіттеймін.
Егер жасанды кірпік пен бояма қасқа бөлінетін алтын уақыттарыңды адами қасиеттерің мен бойларыңдағы әлеуетті дамытуға жұмсасаңдар, қоғамның басқа мүшелері сендерге, оның ішінде мен де бармын, басқа көзбен қарайды. Көшеде кешкі уақытта кездестірген бір ер адам саған ағалық мейірімін білдіріп, үйіңе дейін апарып тастайды. Келеңсіз бір жағдайларда саған қарап күлмей, кересінше інілік ілтипатын көрсететін болады. Мұның бәрі әр адамның өз басынан басталатыны сөзсіз. Себебі әр адамның өмірі белгілі бір дәрежеде оның ішкі жан дүниесінің көрінісі болып табылады. Сондықтан егер біз – қазақ қыздары ағамыз жасындағы азаматтардың бізге аға ретінде, ал ініміз жасындағы азаматтардың іні ретінде қарағанын, әкеміз жасындағы азаматтардың әке ретінде қарағанын қаласақ, брінші өзімізден бастауымыз керек. Болашақ жар, болашақ ана атанатын қыздарды осыған шақырамын.
Ойлай білетін адам түсінер деген ойдамын...
