Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бақуатты болғыңыз келе ме немесе халыққа керек бастама

 

Әдетте,  бізде көп  бір іс-шара жай бір өткізу керек деген принциппен орысша айтқанда «для галочки» өтіп жатады.  Жасыратыны жоқ, содан кейін де, бұрынғыдай кез келген жиынға баруды қойғанмын.

Жақында маған қатты ой салып, санамды бір серпілткен бір керемет басқосудың куәгері болдым. Ол - республикалық ғылыми-танымдық,көпшілік «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған  «Агротуризм көрме-брифингі».


 

Аттары әлемге әйгілі ақын- жазушылар,  ЖООның басшылары мен ғалымдар және БАҚ өкілдерінің басын қосқан бұл көрме-брифинг қатысушыларды тамсандырды. «Ақ түйенің қарны жарылған» бұл күні біз көптеген нәрсеге тәнті болдық.

Шара барысында Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­­ситетінің профессоры әрі ігі іс­­тің басты ұйымдастырушысы Гөзел Құл­жабаева зиялы қауым өкілдерін жинаудағы басты мақсат елімізде агротуризмді дамыту екенін тілге тиек ете келіп, көпшілікті өзінің алдағы жоспарларымен таныстырды.

«Біреуге «мынаны істе» демес бұрын өзім неге үлгі ретінде жасап көрсетпеске? Мұндай тәжірибе менде бұрыннан бар. «Гүлстан» орталығында гүл мен ағаш егуді жұртқа насихаттап, оқушылар мен студенттерді тәжірибеден өткізіп, журнал арқылы пайдасын көрсетіп келемін. Халыққа көгалдандыруды насихаттаумен қатар, агротуризм саласын да дамыту керек екенін түсініп соңғы кездері осы бағытта жұмыс істеудемін. Біздің қазір атқарып жатқан және алдағы уақытта жоспарлап отырған жұмысымыз өте көп. Соларды сізге тізбектеп айтып берсем.

 

 

Бірінші кезекте, біз сүтті ешкілерді өсірмекпіз. Ешкінің  адамға қаншалықты пайдалы екенін осында саяхаттап келуші­лер­ге көрсетуді қолға алмақпыз.

 

Бізде асқабақтың емдік қасиеті мол тү­рінің бірнеше сорты өсіріледі. Асқабақтан көптеген тағам дайындауға болады.

Сонымен қатар, бүгінде біз бөдене өсірудеміз. Бөдененің еті де жұмыртқасы да  адам ағзасы үшін өте пайдалы өнім.

Тағы айта кететін жайт, байлама тоған шаруашылығын қолға алып, онда балықтың біраз түрін өсірудеміз. Мұндағы басты мақсат – агротуризмді  дамыту арқылы елімізде экологиялық жағынан таза ұлттық өнім өндіруге үлес қосу. Сонымен бірге, ауыл тұр­ғын­дарын еңбекке шақыру, ізденіске бау­лып, олардың бойында патриоттық, еңбекқорлық қасиетті дамыту.

Қазір неге елімізде ауыл шаруашылығы кенже қалды? Өйткені дамытуға тиіс азаматтардың басым  бөлігі қалаға қоныс аударуда. Қалаға келеді, тапқан ақшасы пәтер мен тамақтан артылмайды. Ал, отбасы ауылда қалып, берекесі кетіп жатқандар да аз емес. Сол азаматтар жерді игеріп, белгілі бір кәсіпке машықтанса жаман болмас еді ғой. Қазір жеке кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл – халыққа керек бастама»,-

Бір күнге созылған изгі шара қатысушылардың барлығына үлкен ой салып, болашаққа жоспар құруына ықпал еткені анық. Көрмеде көрсетілген керемет нәрселердің бәрін жіпке тізіп айта берсек, том-том кітап болатыны сөзсіз. (Сондықтан, алдағы уақытта апайдың әр айтқан ойын жеке-жеке пост ретінде жазатын боламын).

Жиын барысында біз таза өнімнен жасалған дәмнен ауыз тиіп, қоржынымызды арнайы сыйлықтарға толтырып қайттық. Гөзел апайдың басшылығымен дайындалған бұл өнімдер өте дәмді әрі адам денсаулығына пайдасы зор.

Табиғат жанашырының осы уақытқа дейін Қазақстанды гүлдендіруге тигізген үлесі аз емес. Өзі жан-жақты, көпшіл, ұлты үшін жаны күйетін Гөзел апайдың атқарып отырған игі  істері, табиғатқа деген құрметі қашан да көпке үлгі боларлық.

P.S. Гүлстан мен үшін үлкен мектеп болса, Гөзел тәте мен Батима апай сол мектептегі сүйікті тәлімгерлерім дер едім. Өйткені, менің ол кісілерден  үйренгенім көп болды. Осы екі ізгі жанның арқаларыңызда біршама нәрсе білдік, өзімізге тәжірибе жинақтап, маман ретінде қалыптастық. Сіздердің істеріңіз берекелі болып, жұмыстарыңыз алға жүре берсін деген жылы лебізімді білдіргім келеді!

Мемлекетіміздің көштен қалмай, алға қадам басуы жалғыз  Гөзел тәтеге ғана емес, бүкіл халыққа қажет. Демек, әрбір азамат ортақ іске қомақты үлес қосуы керек. Сондықтан, біз зиялы қауым өкілі ретінде өз кезегімізде ол кісінің ойларын толықтай қолдап, ақпараттық тұрғыда көмектесу арқылы халықты осы салаға келуге насихаттауға міндеттіміз. Сондықтан,  ұлы мақсат жолында бір болайық, ағайын!

Назира БУРХАНОВА

0
0
160

Осы тақырып бойынша