Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Біздің басты күш-қуатымыз – бақытты адамдарда!

Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы . 17 қаңтар 2014 жыл

 

Түрік бас қаласы Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен қазақстандық әйгілі өнер қайраткерлері Ардақ Балажанова және Ержан Жаменкеевтің қатысуымен «ТРТ» арнасының Орталық концерттік залында «Қазақстандық музыка кеші» өтті.

Іс-шараға «ТРТ-Аваз» телеарнасының басшысы Юксел Дегержан, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қызметкерлері, Анкара дипломатиялық корпусы мен анкаралық мәдени элитаның өкілдері, қоғамдық-саяси қайраткерлер, ТР Парламенті депутаттары, қазақ диаспорасы мен студенттер, сондай-ақ түрік бас қаласының мәдениет әуесқойлары қатысты.

«Бауырлас Қазақстан шеберлерінің концерті бізді өте қайран қалдырды. Қазақ музыкасында біз өзімізге жақын келетін түркі әуендерінің лебізін тыңдай алдық. Біз қазақ-түрік қарым-қатынастарының мәдени-гуманитарлық саласы бойынша да белсенді дамып келе жатқанына қуаныштымыз», - деп, «ТРТ-Аваз» телеарнасының басшысы Юксел Дегержан өз пікірін білдірді.

Концерт Түркиямен қоса, Еуропаның, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Қазақстан сияқты өңірлерінің 50 шақты елінде тікелей эфирде көрсетілді.

Қазақстанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде 12 мың кембағал жан жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Ақмола облысына Елбасының халыққа Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіруге барған ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова хабарлады.

«Вице-министр орталық аудандық аурухана мен Атбасар қаласындағы түберкулезге қарсы диспансерде болды. Онда ол ұжыммен кездесу барысында салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, ана мен бала өлімінің көрсеткішін төмендету сынды мәселелерге ерекше тоқталды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, С. Жақыпова өз сөзінде Мемлекет басшысының халыққа Жолдауының басты бағыттарын  және  алға қойылған міндеттерге тоқталды. Бұдан басқа, кездесу барысында ЖҚЖК-2020 бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да тілге тиек етілді. Жалпы, вице-министр Жолдаудың әлеуметтік бағытын кеңірек әңгімеледі.

«Бүгінгі таңда елімізде 626 000 мүгедек тұрады, біз олардың жұмысқа орналасуына жағдай жасауымыз керек. Бүгінде 12 000 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылды. Бұдан басқа жарымжан жандардың құқығын қорғау мақсатында біздің министрлік кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен қосымша енгізу бойынша заңжобасын жасақтады. Аталмыш заңжобасы барлық мемлекеттік органдармен келісілген және Премьер-министрдің кеңсесіне жіберілді»- деп атап өтті С. Жақыпова.

«Астана Опера» труппасының Карнеги Холда тамаша концерт берді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Театр директоры Төлеген Мұхамеджанов аталған сәулетті ғимараттың бірегейлігі туралы толығырақ айтып берді де, Қазақстанға осындай тамаша сыйлық жасаған президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа Өнер ордасы үшін алғыс білдірді. Директор сонымен қатар, біз әлемнің әртүрлі елдерімен достық көпірін мәдениет арқылы қалайтынымызды атап өтті. Төлеген Мұхамеджанов барлығын Қазақстанға, өте икемді баға саясатын ұстанатын және кез келген концертінің билетін 2 доллар 80 центтен басталатын бағаға сатып алуға болатын «Астана Опера» театрына шақырды, мұндай баға БАҚ өкілдерін таң қалдырғаны сөзсіз.

«Қазақстан халқының қаншалықты өнерлі екенін, оның мәдениетінің қаншалықты сан қырлы екенін Канададағылар жақсы біледі, алайда сырттай біліп, ол жайлы оқып, естіген бір бөлек те, мұндай «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі, хоры мен тамаша солисттерінен тұратын кәсіби ұжымды өз көзіңмен көрген бір бөлек.

«Ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады» демекші, осы тұрғыда біз мақалды ұстанамыз деп үміттенемін, алайда бұл ілгері басқан алғашқы қадам емес, үлкен қадам», - «Астана Опера» театрының труппасын Sony Centre сахнасында қарсы алған Қазақстанның Канададағы елшісі Константин Жигалов осылай деп атап өтті.

Осыдан кейін көптен күткен концерт бастау алды. Әртістер паш еткен мәнді де, мәнерлі бағдарламада қазақтың ұлттық музыкасы және опера өнерінің әлемдік жауһарлары бар. Аталған сахнада өнер көрсету кезінде труппа шамалы алаңдады, неге десеңіз, уақыт тығыз, репетициясыз бірден шығу керек, дегенмен, мұндай ыңғайсыздыққа қарамастан, концерт құлақ құрышын қандырып, жоғары жетістікке ие болды.

Канадалықтарды ұлттық музыка және көрнекті скрипкашы Ержан Күлібаевтің керемет ойнағаны ерекше әсерге бөлеп, тыңдарман оны «болашақтың скрипкашысы» деп атады. Концертті «Астана Опера» өнер ұжымының бар қуатын көрсететін  Н. Бородиннің «Игорь князь» операсынан Қыпшақтар көрінісі аяқтап, залдағыларды орнынан тұрғызды, әрине, көпшіліктің шалқыған көңіліне сай бұл музыкалық шығарма екінші мәрте «Биске» орындалды.

«Осы кеште солисттердің өнерін  тамашалай отырып, қазақстандық әншілер менің жобама қатысса тамаша болар еді деген ой келді. Олар шынымен де жаныңды баурап алатындай ойнайды екен. Концерт бойы байланысы үзілмеген ұлттық сарыннан белгілі бір тазалықты байқайсың, бұл Батыста тұратын біздер үшін адам нанғысыз бір есіп өткен самалдай болды. Біз көбіне екпіні күшті келетін алмандық бағытқа үйренгенбіз. Вокалдық серпін ауқымының кеңдігі денеңді шымырлатады. «Астана Операның» Әлемдік сапары барысында аралайтын елдер қатарына Канада кіргеніне қуанышым шексіз. Аталған труппа бізге тағы келгенін қалаймын», - дейді әсерімен бөлісіп, өз бағасын берген продюсер Джоэл Роэр.

Түрік бас қаласы Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен қазақстандық әйгілі өнер қайраткерлері Ардақ Балажанова және Ержан Жаменкеевтің қатысуымен «ТРТ» арнасының Орталық концерттік залында «Қазақстандық музыка кеші» өтті.

Іс-шараға «ТРТ-Аваз» телеарнасының басшысы Юксел Дегержан, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қызметкерлері, Анкара дипломатиялық корпусы мен анкаралық мәдени элитаның өкілдері, қоғамдық-саяси қайраткерлер, ТР Парламенті депутаттары, қазақ диаспорасы мен студенттер, сондай-ақ түрік бас қаласының мәдениет әуесқойлары қатысты.

«Бауырлас Қазақстан шеберлерінің концерті бізді өте қайран қалдырды. Қазақ музыкасында біз өзімізге жақын келетін түркі әуендерінің лебізін тыңдай алдық. Біз қазақ-түрік қарым-қатынастарының мәдени-гуманитарлық саласы бойынша да белсенді дамып келе жатқанына қуаныштымыз», - деп, «ТРТ-Аваз» телеарнасының басшысы Юксел Дегержан өз пікірін білдірді.

Концерт Түркиямен қоса, Еуропаның, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Қазақстан сияқты өңірлерінің 50 шақты елінде тікелей эфирде көрсетілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Жазушылар одағын 80 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында Жазушылар одағы 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі екенін атап өткен.

«Бұл – еліміздің мәдени өмірінің дамуына, моральдық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым. Жазушылардың бүгінгі буыны – Қазақстан әдебиетінің кешегі Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Морис Симашко, Иван Щеголихин сынды көптеген көрнекті тұлғаларының баға жетпес мұраларын лайықты жалғастырушы ізбасарлары», – делінген құттықтауда.

Қазақстан Президенті сондай-ақ мемлекетіміз Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен жазушыларға қолдау білдіріп, қоғамдағы шығармашылық орта мен жасампаздық рухты қалыптастыруға ұдайы қамқорлық жасап келе жатқандығына тоқталған.

«Әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық бар, жас таланттарға Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы беріледі. Жыл сайын қаламгерлерге Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар тапсырылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың жүздеген кітаптарын шығару игі үрдіске айналды», – деп атап өтеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы рухани кемелдену, жалпыұлттық құндылықтарды дамытып, бейбітшілік пен келісімнің асыл мұраттарын ұлықтау  – «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты міндеттерінің бірі екеніне назар аударды. Бұл орайда, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға белсене араласатын зиялы қауым осы міндеттерді орындауда шешуші рөлге ие болуы тиіс.

Соңында Қазақстан Президенті Жазушылар одағының алдағы уақытта да зиялыларымызды ұйыстыра беретініне сенім білдіріп, оның мүшелеріне зор денсаулық, береке-бірлік, шығармашылық табыстар және сүбелі туындыларды өмірге әкелулерін тіледі.

Астанада XVII халықаралық «Шабыт» фестивалі басталды, шара 3-8 қараша аралығында өтпек, деп хабарлайды «Бәйтерек» медиа орталығы.

Биылғы фестиваль бұрынғылардан өзгерек. Биыл «Халық музыкасы» мен «Камералық хор» аталымдары қосылған. Осылайша жас дарындардың шығармашылықтарын шыңдай түсуге үлкен жол ашылып отыр.

«Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, «Халық музыкасы» аталымына көршілес Қытай Халық Республикасында өмір сүретін қазақ жастарынан көп өтініш түсіп отыр. Біздің Қытай елінен келетін қандастырымыз шарада өздерінің шығармашылықтарын таныстырып, сазсырнай, сыбызғы, най, жетіген мен шатхан аспаптарында күй тару қабілеттерін ортаға салады», - делінген хабарламада.

Шабыт байқауына қатысуға өтініш беру көрсеткіші бойынша республика көлемінде Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы көш бастап тұр.

Аталмыш байқауда бас жүлдеге Қазақстан Республикасы Президенті Кубогы, гран-при мен 1, 2, 3 орындарға  «Лауреат» атағы мен «Шабыт» медалі берілмек. «Шабыт» халықарылық фестиалінде «Дипломат» атағын алу жастардың үлкен сахнаға шығуына серпін бермек.

Шараның маңызды бір бөлігі ретінде әлемдік деңгейдегі өнер майталмандарының қатысуымен шеберлік сыныптарының өткізілетінін естеріңізге саламыз.

Шараны ұйымдастырушылар Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласы Мәдениет басқармасы мен Қазақ Ұлттық өнер университеті.

ОҚО-ның Сайрам ауданында көпбалалы аналарға салтанатты түрде мемлекеттік награда беру рәсімі өтті.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 11 ана «Алтын алқа» алса, тағы 61 анаға «Күміс алқа» берілді.

«Ең жас «Алтын алқа» иегері Жұлдыз ауылынан 28 жасар Орынкүл Бабаева болса, ал «Алтын алқаның» ең үлкен иегері Қарасу ауданынан 1923 жылғы Г.Сәрсембаева атанды», - делінген хабарламада.

Медальді аудан әкімінің кеңесшісі Б.Танағұзов табыстады.

Швед сарапшылары қазақстандық E-learning жүйесіне қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы білім беру жүйесін жасаумен айналысатын шведтікInternational Software Technologies (IST) компаниясы кеңесшісі Фуад Джаззар мәлімдеді.

«Қазақстанда жасалынған жүйе өте ұтымды дайындалған. IST бұл жүйені электронды оқытудың шведтік үлгісі ретінде бағалап отыр. Білім берудің дәтүрлі түрінен электронды оқыту жүйесіне өту – оңай нәрсе емес. Үлкен еңбек пен уақытты қажет етеді», - дейді Ф. Джаззар.

Сарапшының айтуынша, мектептегі білім беруге арналған ең ұтымды жобалардың бірі. Нәтижесінде елдегі білім беру деңгейін арттырмақ.

«Электронды оқыту жаңа технология. Оның берер нәтижесі де ұзақ күттірмейді. Оның жүзеге асырылуы инфрақұрылымды, мектептер мен оқытушылардың, әкімшілік пен адамдардың оқытылуын, соның ішінде мектептен бастап министрлікке дейінгі мамандардың дайындығын қажет етеді. Қазақстанның барлық мектептерінде осы жүйені енгізуді ұсынамыз. Оны өзге жүйемен араластыруға болмайды. Осы орайда өңірлерде тікелей министрліктің бақылауымен жұмыстар атқарылуы керек», - дейді Фуад Джаззар.

Кәсіпкерлер палатасы, Орталық Азия университеті және Текелі қаласы өнеркәсіптік кәсіпорындары арасында әлеуметтік ынтымақтастық аясында осындай келісімге қол жеткізілді, деп хабарлады Ұлттық компания.

Жобаға уатқыш машина операторы, ұн тартушы, тас бойынша кесуші және басқа да жұмысшы кәсіптерді даярлау, қайта даярлау және біліктілікті көтеру кіреді. Негізгі мақсаты – Текелі қаласының кәсіпорындарын білікті мамандармен қамтамасыз ету. Алайда ағымдағы мақсат та бар – курстық даярлау түріндегі дуалды оқыту элементтерін енгізу.

1999 жылдан бері саны 10-ға жетіп жығылған Текелідегі мәрмәрді қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорындар мәселені өз беттерінше шешуге тырысқан. Олар жұмысқа маман емес адамдарды қабылдап, оларды сол жерде оқытады. Алайда бұның шығыны да жетерлік және көбінесе өзін ақтап шыға қоймайды. Палата бұл проблемаларды шешудің қарапайым шешімін ұсынады. Бұл екі және одан да көп ұқсас мамандықтар бойынша біліктілікке ие КжТББ түлектердің бәсекеге қабілеттілігін көтеру, жұмыс берушілермен тығыз байланысты ұйымдастыру және олардың еңбек кадрларын даярлауға деген талаптарын есепке алу, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, сондай-ақ колледждердің жоғары сапалы білім беру қызметтерін ұсынуға мемлекеттік қаржы жетіспеушілігінің орнын толтыру және, сәйкесінше, жастардың жұмысқа қамтылу тиімділігін көтеру.

Бұл жобада Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы қатысушылардың әрекетін үйлестіреді, «Республикалық ғылыми-әдістемелік орталық» АҚ жобасына тарту арқылы кәсіби даярлық деңгейіне және инженерлік-педагогикалық кадрларға баға береді.

Орталық Азия университеті білім алушылар үшін білім беру жағдайларын қамтамасыз етеді, оқу бағдарламаларын әзірлейді. Ал үшінші тарап – кәсіпорындар оқытудың тапсырыс берушілері болып табылады, білім алушылар тізімдерін және даярлық деңгейіне талаптарын ұсынады, жобаны қаржыландырады және өндірістік оқытуды ұйымдастырады.

Мамандар даярлығы мәселесін талқылай келе бірқатар кәсіпорындар басшылары өздерінің теориялық әрі тәжірибелік көмектерін ұсынды. Осылайша, жоба бизнес-кадрлармен қамтамасыз етеді, ал жұмыссыздарды – біліктілікпен және тұрақты жұмыспен.

2015 жылдың соңына дейін Қазақ хандығының мерейтойына орай 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

Қазақ мемлекетінің тарихы қазақ хандығынан бастау алады, келер жылы Жәнібек пен Керей құрған қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады.

«Министрлік қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасымен бірге, іс-шаралар жоспарын да әзірлеген. Оған сәйкес, келесі жылдың басынан қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеу мәселелерін талқылау бойынша жобалар іске асырыла бастайды. Соның ішінде қазақ мемлекеттілігі туралы ақпараттарды анықтау мақсатында Батыс Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Египет, Өзбекстан сияқты елдердің мемлекеттік мұрағаттары мен музейлерінде, ғылыми-зерттеу орталықтарында іздестіру жұмыстары қолға алынады. Жалпы, келесі жылы мерейтойға орай 100-ге жуық ірі шара өткізу жоспарланған.

Министр атап өткендей, шараға орай  сериалдарды, деректі фильмдерді түсіру жұмыстары басталады.

Айта кетейік, сонымен қатар, мемлекеттік мекемелер мен атаулы күндерге (Наурыз, Жеңіс күні, Мемлекеттік рәміздер күні, Астана күні және т.б.) байланысты барлық іс-шаралар Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өтеді.

Елімізде Қазақ хандығының 550 жыл толуына арналған сериал түсіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ОКҚ өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Өздеріңіз білетіндей, келер жылы  ҚХА мен Конституцияның 20 жылдығы таталып өтіледі. Сонымен қатар, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Осы ретте атаулы күнді атап өту үшін арнайы тұжырымдама жасалды. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл олуына орай 20 бөлімнен тұратын фильм түсірілетін болады», - деді А.Мұхамедиұлы.

Бұдан басқа, ведомство мерейлі мерекені атап өту үшін арнайы шаралар Жоспарын жасақтады. Оған сәйкес 2015 жылы ғылыми-көпшілік, деректі, көркем фильмдер шығады.

«Бұл не үшін керек деген сұрақтар бар. Қазіргі кезде қазақ хандығына қатысты ғалымдардың тұжырымы бір жолға түскен кезде көркемдік жанрға шығаруымыз керек», - деді А.Мұхамедиұлы.

Министр атап өткендей, 2015 жылдың қаңтарынан бастап сериалды түсіру жұмыстары басталады.

«Технологияны коммерциялау» бағдарламасы аясында 1300 өтініштен 50 жоба іріктелді, деп мәлімдеді бүгін ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Астанадағы «Технологиян коммерциялау» халықаралық форумында.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және  Дүниежүзілік банк қолдауымен «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС шара ұйымдастырушысы болып табылады.

Форум мақсаты ғылым мен нарықтың байланысу амалдарын дамыту, қазақстандық және шетелдік инвесторлардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрылымдаулық жобаларға назарын салдырту, сонымен қатар ғылыми-зерттеу ұйымдары, өнеркәсіп, өндірістік кәсіпорындар үшін технологиялық ұсыныстарын қалай тиімді жасау қажеттігі туралы тәжірибе бөлісу.

Форум барысында АҚШ, Нидерланды, Сауыд Арабиясы, Ресейден келген халықаралық сарапшылар инновация мен коммерцияландыру саласында жобаларды жасап, сәтті жүзеге асырған үлгілері туралы тәжірибелерімен бөлісуде. Сонымен қатар, «Технологияларды коммерцияландыру» мемлекеттік жобасы аясында қолдау тапқан  қазақстандық инноваторлар өз жұмыстарымен таныстыруда.

«Технологияларды коммерциялау» түсінігі Қазақстанда бертін пайда болды. Негізі  ғылыми жобаларды өндіріске енгізуді білдіреді. Коммерцияландырудың  мақсаты  - бірегей технологияларды жасаудан  бастап бизнес-өнімге дейін қолдау.  Қазақстанда «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы 2008 жылдан бері Қайта жөндеу және дамыту халықаралық банкі (Дүниежүзілік банк) қарызы туралы Келісім аясында жүзеге асуда.

2011-2013 жылдар аралығында  33 инновациялық жоба 4,5 млрд. теңге көлемінде қолдау тапты, және Қарағанды Мемлекеттік Техникалық университеті негізінде материал жасау халықаралық орталығы ашылды. Ал «Технологияны коммерциялау» бағдарламасы аясында 1300 өтініштен 50 жоба іріктелді.

2013 жылы «Технологияны коммерцияландыру орталығы» ЖШС құрылып, аталған жұмысты жалғастырды. Технологияларды коммерциялау үрдісі толықтай Білім және ғылым министрлігінің жанындағы жобаларды басқару тобының бақылауында.

«Технологияларды коммерцияландыру» гранттық бағдарламаның бірінші кезең нәтижесі бойынша 710 млн.теңге көлемінде 16 жоба іріктелді. Екінші кезең нәтижесі 2014 жылғы желтоқсан айының басында жария етіледі.

Бүгінде еліміз үшін технологияларды коммерцияландыру  маңызды бағдарлардың бірі болып табылады. Қазір елде осы сала бойынша маманданған 100 шақты менеджер бар. Алайда, халықаралық тәжірибеге сай технологияларды коммерцияландыра алатын менеджерлердің саны 600-ден кем болмауы тиіс. Сондықтан,   Орталық технологияларды коммерцияландыру үрдісін іске асыру үшін гранталушылармен жұмыс жасаумен ғана шектелмей, білімдерін тарату жүйесін де қалыптастыруда.

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы мерзімінен бұрын қол жеткізіліп, қазіргі таңда 70,45 жылды құрап отыр, ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 70 жас болған, деп мәлімдеді Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында ҚР Парламенті Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшесі Надежда Петухова.

Оның айтуынша, «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша партияның сайлауалды платформасын іске асыру аясында денсаулық сақтау саласында 14 индикатор қарастырылып, олардың көпшілігінен оң өзгерістер байқалады.

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды платформасының «Ұлт денсаулығы» бағытының негізгі индикаторы орындалды. 2,5 жылда ана мен нәресте өлімі азайды, бұл ең негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіш», - дейді Н. Петухова.

Оның мәліметіне сүйенсек, елде 2,5 жылда жалпы кісі өлімі 10,5% азайып, туберкулезбен ауыру мен қайтыс болу көрсеткіші төмендеген.

Сонымен қатар, Қазақстанда ел бойынша емдеу-алдын алу мекемелері желісі көбейген.

«Осы уақыт аралығында 126 дәрігерлік амбулатория, 14 емхана, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт салынған. Республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында бақылау кеңесі енгізілді», - дейді.

Депутаттың пікірінше, денсаулық сақтау ұйымдарын шаруашылық жүргізу құқығына ауыстыру мен еңбек жалақысын әртараптандыруды енгізудің арқасында дәрігерлер мен орташа медициналық қызметкерлердің еңбекақысы деңгейі ұлғайды.

«Ұлт саулығы» бағыты аясында депутаттар заң шығару жұмыстарын атқаруда. «Денсаулық сақтау жүйесі мен ұлт саулығы туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Парламентке жіберіліп, Мәжілістегі бірінші оқылымнан өтті», - дейді Н. Петухова.

Құжатқа трансплантология, донорлық, телемедициналық қызметтер көрсету, денсаулық сақтау саласында мамандарды аттестациялау мен медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек препаттар әкелу, өндіру мен оның сапасын бақылау жолға қойылды.

«Осынау жетістіктерге қарамастан, медициналық қызметкерлердің қызмет көрсету сапасы әлі де болса көңіл көншітерлік емес. Сонымен қатар халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру да өте маңызды. Осынау мәселелер алдағы уақытта қаралатын болады», - деді депутат.

Қарағанды Мемлекеттік Техникалық университеті негізінде материал жасау халықаралық орталығы ашылды. Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«Қарағанды Мемлекеттік Техникалық университеті негізінде материал жасау халықаралық орталығы ашылды», - деді сөз басында ведомсвто басшысы.

Айта кетерлік жайт, 2013 жылы «Технологияны коммерцияландыру орталығы» ЖШС құрылып, аталған жұмысты жалғастырды. Технологияларды коммерциялау үрдісі толықтай Білім және ғылым министрлігінің жанындағы жобаларды басқару тобының бақылауында.

«Технологияларды коммерцияландыру» гранттық бағдарламаның бірінші кезең нәтижесі бойынша 710 млн.теңге көлемінде 16 жоба іріктелді. Екінші кезең нәтижесі 2014 жылғы желтоқсан айының басында жария етіледі.

«Қазақстан бойынша технологияларды коммерацияландыратын кәсіби менеджерлердің саны 100-ге жуықтайды. Ал, халықаралық тәжірибені есепке алсақ, ондай менеджерлердің саны еліміз бойынша 600 адамнан көп болуы керек. Технологияларды коммерцияландыру орталығы өз кезегінде үнемі екі күндік семинарлар өткізіп, мамандарды жұмысқа шақырып отырады. Біздің орталықтың қызметкерлері АҚШ-та тәжірибеден өткен, теориялық тұрғыда өзіміз де оқытып отырмыз. Биыл 503 адам біздің оқыту курстарынан өтті. Сондықтан, осы бағытта алға жылжу бар»,-деді Технологияны коммерцияландыру орталығының бас директоры  Дамир Егізбаев.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде ағымдағы  жылдың  4-5 қараша аралығында «Технологияны коммерцияландыру» Халықаралық Форумы алғаш рет өтуде. Форумға қазақстандық компаниялар мен технологиялардың  49 жобасы  қойылады. Бұлар  «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы аясында қолдау тапқан өнімдер.

Қызылорда облысында 80 млн теңгені құрайтын кәсіпкерлердің 4 жобасы мақұлданды, ол «Даму» қорының несиелері бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады, деп хабарлады Қор.

«Өңірлік Үйлестіру кеңесінің барысында 2 жобаға екінші дәрежелі банктерден  несие алуға 50 пайыз кепілдік алу мүмкіндігі берілді. Екі кәсіпкерлік мемлекеттік қолдау аясында Қызылордада қонақ үй кешенін ашуды жоспарлауда. Жүк тасымалымен айналысатын компания өз автокөлік паркін құру үшін техника алуды жоспарлауда», - делінген хабарламада.

Қорда хабарлағандай, жеке кәсіпкер Айдос Сайлығараевтың жобасы «Даму» қорының 50 пайыздық кепілдігіне ие болды. Шағын кәсіп жас кәсіпкерге жергілікті нарықтағы өнім түрлері тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Кондитерлік цехте 50 қызылордалық жұмыс істеуде. Болашақта ол жұмысшылар санын 200-ге жеткізуді жоспарлауда.

Астанада «Салтанат сарайының» рәсімдер залында Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің 15 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.

«Аталмыш арнайы оқу орны мемлекет басшысы Н.Ә. Назабраевтың бастамасымен 1999 ж. наурыз айында ашылған болатын.Мектепті бітірген ұландықтардың жартысынан көбі оқуларын ары қарай ҚР Қорғаныс министрлігінің, РФ, Беларусь, Германия, Түркия, ҚХР әскери-оқу орындарында жалғастыруда. «Жас ұланның» 200-ден астам бітірушісі ҚР Қарулы Күштерінің әртүрлі офицерлік лауазымдарында әскери қызмет өткеруде», - делінген хабарламада.

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров ұландықтарды мектеп тарихындағы айтулы күнмен құттықтай келе «оның бітірушілерінің қазақстандық армия қатарында офицерлер корпусын толықтырып жүргендерін және әскери борыштарын лайықты түрде орындап жүргендерін» атап өтті.

«Тәрбиеленушілердің жаңа легі нағыз офицер атану үшін және Қазақстанның Қарулы Күштерінің үздік үлгісін жалғастыру үшін аянбайды деп сенемін», - деді Т.Мұхтаров.

Айта кетейік, «Жас ұлан» республикалық мектебі Қазақстандағы 7-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін әскери пәндерді тереңдете оқытатын жалғыз мектеп. Мұнда мектеп пәндерімен қоса білім алушыларға әскери пәндер де тереңдетіп оқытылады. Бүгінгі күні мектепте 454 тәрбиеленуші білім алуда. Олардың қатарында қатарында көпбалалы және толық емес отбасынан шыққандар, балалар үйінде тәрбиеленгендер бар.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бас ғимаратында «Қазақстан темір жолының балғын аруы мен сұлтаны» байқауы болып өтті, деп хабарлады Ұлттық компания.

«Екінші рет ұйымдастырылып отырған  шараға  еліміздің  барлық өңірлерінен 5-пен 8 жас аралығындағы 30 балдырған  қатысып, өнерлерін ортаға салды.Байқау екі кезеңнен тұрды.  Алғашқы кезеңде  жас өнерпаздар  өздерін таныстырған болса, екінші кезеңде өз өнерлерін көрсетті.  Балалардың барлығы да байқауға үлкен дайындықпен келген», - делінген хабарламада.

Сондықтан, байқауға қатысушылар «Қазақстан темір жолының балғын аруы» мен  «Қазақстан темір жолының балғын сұлтаны» номинацияларымен қатар, «Кішіпейіл балғын ару», «Көрермен көзайымы», «Өнерлі балғын сұлтан» секілді  номинациялармен марапатталды. Қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтарға ие болды.

«Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз ата-анасы теміржол саласында қызмет ететін талантты  балаларды  анықтау, көркемөнерпаздарды қолдау, корпоративтік мәдениетті дамыту және «ҚТЖ»ҰК» АҚ  қызметкерлері  мен олардың  отбасын  қоғамдық  іс-шараларға  тарту» - дейді «ҚТЖ»ҰК» АҚ-ның Әлеуметтік жұмыс жөніндегі басқарма бастығы Қорлан  Медіханова.

Айтып өту керек, байқауға қатысу  үшін Астанаға арнайы келген балдырғандар  үшін  арнайы  мәдени  бағдарлама  да ұйымдастырылды.  Олар Астана қаласының мәдени орындарымен танысып, ойын-сауық орталықтарында болды.

Шығыс Қазақстан облысында 2 жеке меншік балабақша ашылды, деп хабарлады ақпараттық орталық.

«Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Преображенка және Теректі ауылдарында жеке меншік балабақшалар ашылды, олардың жалпы саны 60 адамға арналған», - делінген хабарламада.

Ақпараттық орталықтың хабарлауынша, Преображенка ауылында әлеуметтік жауапкершілік аясында «Өрнек» ЖШС балабақша салып берсе, шағын балабақша 20 баладан 2 топқа бөлінген. Сонымен қатар, ол жергілікті тұрғындарға 20 жұмыс орнын ұсынады.

«Аз ғана уақыттың ішінде тірек ауылдардың бірі Преображенка заман көшіне ілесе білді. Жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, инфрақұрылым жақсарды. Бүгінгі шара соның айқын дәлелі», - дейді ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев.

Теректі ауылында ашылған «Ерке Нұр» балабақшасы 20 балаға лайықталған. Онда 14 адам қызмет етпек. Тұрғындар балабақша ашылуына ерекше қуанып, мектепке дейінгі балаларын балабақша беретін халық енді жұмыс істеуге мүмкіндік алмақ.

Хабарламада айтылғандай, балабақшаларда қажетті нәрсенің бәрі бар. Санитарлық нормалар мен талаптар сақталған. Онда осы салаланың арнайы мамандары қызмет етеді.

Айта кету керек, бүгінде Көкпекті ауданындағы мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 100 пайыз.

Соңғы үш жылда техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер саны 10 пайызға артып, 2718 адамнан 3306 адамға жетті. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Кәсіптік білім және бизнес: Әріптестік сұхбаты» қалалық форумында Астана қалалық білім беру басқармасы басшысы Эльмира Суханбердиева мәлімдеді.

«Қазіргі таңда Астананың 34 колледжінде 28 мыңнан астам маман білім алуда. Қаланың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 66 түрлі мамандық пен 113 біліктілік бар. Астана қаласы әкімдігінің қолдауының арқасында, жергілікті және республикалық бюджеттен бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту есебінен соңғы үш жылда техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер саны 10 пайызға артып, 2718 адамнан 3306 адамға жетті», - деді білім басқармасының  жетекшісі.

Оның айтуынша, 2013 жылы мемлекет колледждердің материалдық-техникалық базаларын нығайту мақсатында 204 млн теңге бөлсе, соның 79 млн теңгесі жергілікті бюджетке тиесілі.

«2014 жылы осы мақсатта республикалық бюджеттен 175 млн теңге бөлінді. Жыл сайынғы қаржыландыру көлемінің артуы құрылыс, автокөлік транспортын жөндеу мен пайдалануға беру, жұмыскер мамандықтар, коммуналды шаруашылық, радиоэлектроника мен байланыс және өзге де мамандықтардың материалдық базасын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр», - дейді ол.

Болашақ маманды дайындауда өндірістегі кәсіптік білім алудың маңызы зор. Осы орайда 2013-2014 оқу жылында кәсіпорын базасында 10 550 студент техникалық және өндірістік тағылымдамадан өтті, деп мәлімдеді бүгін бүгін Астанада өтіп жатқан «Кәсіптік білім және бизнес: Әріптестік сұхбаты» V қалалық форумында Астана қалалық білім беру басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева.

«Болашақ маманды дайындауда өндірістегі кәсіптік білім алудың маңызы зор. Осы орайда 2013-2014 оқу жылында кәсіпорын базасында 10 550 студент техникалық және өндірістік тағылымдамадан өтті. Өндірістік тағылымдамадан өту барысында 985 студент жұмыс берушіден 25-70 мың теңге аралығында жалақы алды. Тағылымдама қорытындысы бойынша 350 студент біліктілік игергенін растайтын сертификат алып, осы салада өзіне жұмыс тапты», - дейді ол.

Астана қалалық білім беру басқармасы басшысының айтуынша, биыл Астана кәсіпорындарында 11 студентті тәжірибеден өткізу жоспарланған.

«Техникалық және кәсіптік оқу орындары өндірісте оқу кабинеттерін енгізу  жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда 11 колледж кәсіпорын базаларында 6 мамандық бойынша 52 кабинет ашқан. 2014-2015 оқу жылында 8 мамандық бойынша 16 колледжге арналған тағы 27 оқыту-тәжірибелік кабинеттерін ашу көделген», - дейді Э.Суханбердиева.

Өздеріңізге де белгілі, мамандарды кәсіптік дайындауда әлеуметтік әріптестіктің маңызы зор. Қазіргі таңда кәсіорындармен және бизнес әріптестермен 8 меморандум құрылып, студенттердің тағылымдамадан өтуіне жағдай жасайтын 2250 келісімге қол қойылған.

Бүгінге дейін Астананың 10 колледжі 17 мамандық бойынша 15 кәсіпорынмен бірлесіп дуальды оқыту жүйесін енгізді. Нәтижесінде 776 студентке дуальды әдіспен білім берілуде, деп мәлімдеді бүгін бүгін Астанада өтіп жатқан «Кәсіптік білім және бизнес: Әріптестік сұхбаты» V қалалық форумында Астана қалалық білім беру басқарма басшысы Эльмира Суханбердиева.

«Сынақ режимі бойынша мамандарды дайындау бойынша 9 жоба мақұлданды. Атап айтар болсақ, олар политехникалық колледж құрылыс компаниясымен, көлік және коммуникация колледжі және М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының Ақмола колледжі «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-мен, Энергетика және байланыс колледжі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп дуальды оқыту жүйесі бойынша мамандар дайындауда», - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінге дейін Астананың 10 колледжі 17 мамандық бойынша 15 кәсіпорынмен бірлесіп дуалды оқыту жүйесі енгізді. Нәтижесінде 776 студенке дуалды әдіспен білім берілуде.

«5 колледжде, атап айтар болсақ, техникалық, қоғамдық тамақтану және сервис, менеджмент және бизнес, Қаржы академиясы, экономика, тамақ өндірісінің технологиясы және стандарттауы колледждерінде 11 мамандық бойынша дуалды оқыту элементтері енгізілуде. Осы арқылы мемлекеттік жалпы білім беретін стандарттарын өзгерпей-ақ алдыңғы қатарлы кәсіпорындарда өндірістік оқыту қолға алынбақ», - дейді басқарма басшысы.

Солтүстік Қазақстан облысының оқыту орталығында дуальды оқыту жүйесі енгізілуде, деп хабарлады әкімдік.

«Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы бірқатар білім беру мекемелерін аралайды, ол жерде материалдық-техникалық қамтылу және дуальды жүйенің енгізілу салаларымен танысады», - делінген хабарламада.

Аймақ басшысы Петропавл экономикалық-құрылыс колледжін тамашалады. Бүгін мекемеге дуальды оқыту жүйесін енгізуде. Мұнда 10 шеберлік сыныбы бар, студенттер өз алған білімдерін нығайта түседі. Аймақ басшысы цехтерді аралап та көрді. Аталмыш колледжде солтүстікқазақстандықтардың мың жарымнан аса студенті білім алуда.

«Біз оқыту технологиясын өзгертудеміз. Біз оқу үрдісі мен тәжірибені ұштастырамыз. Шебер студенттердің қасында тұрып қалай жұмыс істеу керектігін көрсетеді. Сондай-ақ, колледжде дуальды оқытудың экспериметалдық тобы құрылған. 90 студент газэлектрдәнекерші мамандығын игеруде», - деп колледж директоры Николай Ухов мәлімдеді.

Әкімдікте хабарлағандай, «Мұнаймаш» АҚ-да Ерік Сұлтанов дуальды оқытудың бірінші кабинетін тамашалады. Бөлмені зауыттықтар мен колледж ұстаздары бірігіп ашты.

Аймақ басшысы дуальды оқытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, «Мұнаймаш» зауыты – өңірдегі үздік кәсіпкерліктердің бірі, заманауи қондырғымен қамтылған, студенттердің тәжірибе алуына өте қолайлы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында ҚХА ҒСК,ҚХА ғылыми-зерттеу топтары 2015 жыл бойы 156 шара өткізеді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің хатшысы, «Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік саясат мектебі кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы Наталья Калашникова мәлімдеді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында ҚХА ҒСК ҚХА ғылыми-сарапшылық тобымен бірігіп 156 шара өткізеді. Бұл тәжірибелік конференциялар мен патриоттық акциялар, кеңестер», - деді ол.

Өз кезегінде, 2015 жылы ғылыми-сарапшылық кеңес 12 әлеуметтік зерттеу жүргізеді, этникааралық және конфессияаралық салада мониторинг өткізіп, 7 монография, конференция анықтамалықтары, 5 методологиялық жәрдемақы, 9 сараптамалық хат оқиғаның негізгі бағыты болмақ. Сондай-ақ, ҚХА ҒСК 4 кеңес өткізеді, 4 жастар фестивалі мен форумы, 6 байқау, 4 дәріс, 6 көшпелі кездесу өтетін болады. Сондай-ақ, 20 ғылыми-тәжірибелік конференция, патриоттық тәрбиелеу бойынша 7 көшпелі акция, 2 республикалық жобаға қатысу, 10 семинар мен тренинг, 20 «дөңгелек үстел» ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі Елбасының тапсырмасы бойынша 2009 жылдың 28 қаңтарында құрылды. Ғылыми-сарапшылық кеңестің қызметі этникааралық қарым-қатынасты мәселелерін қарастыруға мүмкіндік береді.

Елбасы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполовты қабылдады. Кездесу барысында Т.Есполов Мемлекет басшысына университеттің қазіргі қызметі туралы баяндап, аграрлық білім мен ғылымның жағдайына қатысты өз ойларын айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті аграрлық университеттердің деңгейін көтерудің маңыздылығына тоқталды.

«Бұл ЖОО-лардың қызметіне зерттеушілік бағыт енгізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығында ғылыми жетістіктерді пайдалану аграрлық ғылымды дамытудың маңызды бөлігі болып саналады. Қазақстанда үш аграрлық университет жұмыс істейді. Олардың ғылыми-зерттеушілік жұмыс жүргізу форматын мүдделі органдарды қатыстыра отырып, келісілген тәртіппен анықтаған жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ректор өз кезегінде елдегі жоғары оқу орындары арасынан бірінші болып басталған, жоғары оқу орнын аграрлық зерттеу университетіне трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Т.Есполов бұл жоба стратегиялық жоспарлаудың халықаралық стандарттарына сәйкес және әлемнің беделді аграрлық университеттерінің сарапшыларымен ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі білім мен ғылымның интеграциялануына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Семейде жыл соңына дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 305 орынға есептелген 3 жеке меншік мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарлануда, деп Ақпараттық орталықтан хабарлады.

«Жаңа 100 орынға есептелген «Асыл-Жібек» шағын орталығы ЖШС ашылуында ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев, тәуелсіздік алғалы бері мектепке дейінгі білімге көбірек көңіл бөлінуде және «Балапан» мембағдарламасы жүзеге асырылуда, деп атап өтті. Толықтырып өткендей, жыл басынан бері 200 орынға есептелген 3 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Олар 50 және 100 балаға есептелген шағын орталықтар. Жыл соңына дейін жеке меншік балабақшалар саны 19 данаға жетеді», - делінген хабарламада.

«Білім беру саласының мектепке дейінгі мекемелер саны қала бойынша 82 дана. Олардың 31 - 6778 балаға арналған балабақша, ал 16 - мемлекеттік емес меншік үлгісі және онда 1925 бала тәрбиеленуде. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 3 және 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қаматамсыз ету 86,7% көрсетті», - деп Ақпараттық орталықтан хабарлады.

Бұдан басқа, жұмыс істеп жатқан жеке меншік мектепке дейінгі мекемелерде қосымша 289 орын ашылды.

Жалпы, жыл соңына дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 305 орынға есептелген 3 жеке меншік мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарлануда.

Қазақстан Республикасының Елордасында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Кітапханасы сайтының тұсаукесер рәсімі өткізілді, деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі.

Бұл шараға арналған баспасөз мәслихатында қараша айында кітапхананың алғашқы оқырман билеттері ҚР Парламенті депутаттарына табыс етілетіндігі хабарланды.

Сонымен қатар www.presidentlibrary сайтының тұсаукесері кезінде кітапхана қызметкерлері жылдың аяғына дейін жаңа кітап ордасының ұйымдастыруымен өтетін шаралар аңдатпасын жария етті.

Кітапхана 2014 жылдың соңына дейін «Әлемді өзгертетін идеялар» білім беру аймағы» тақырыбындағы «дөңгелек үстел», «Тұңғыш-Первый» атты документалды кино жұмалары, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан облысының Назарбаев интеллектуалды мектептерінде өтетін «Біздің Президент» кітабының тұсаукесері, жас ғалымдар мен қоғамтанушы мұғалімдерге арналған тренинг-семинарлар ұйымдастырмақшы.

Өңірде колледждер мен кәсіпорындар белгіленіп, дуальды оқыту бойынша төртжақты келісімге қол қойылды, деп мәлімдеді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы адам капиталы және әлеуметтік әріптестікті дамыту бөлімінің басшысы Жанна Ысқақова «Қызылорда облысында дуальды оқытуды енгізудің жол картасын іске асыру» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.

Өңірдің кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, дөңгелек үстелдің басты мақсаты дуальды оқытуды енгізудің жол картасын іске асырудың бірінші кезеңін талқылау мен одан кейінгі кезеңдерін жоспарлау.

«Қазіргі таңда өңір экономикасын дамытудың негізгі бағыттары анықталып, колледждер мен кәсіпорындар белгіленіп, дуальды оқыту бойынша төртжақты келісімге қол қойылды. Қызылорда облысы білім беру басқармасының «сынақ алаңы» мәртебесін алу туралы бұйрығы шығып, оқыту жоспарлары дайындалды», - дейді Ж.Ысқақова.

Сонымен қатар, шарада бес кәсіпорын бойынша қазақстандық қоспаларды ескере отырып оқыту бағдарламаларын даындау мен неміс оқыту стандарттарын енгізу бойынша жұмыс тобы қызметінің жетістігі туралы айтылды.

«Қазіргі таңда оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші өзекті мәселе болып отыр. Бұл көрсеткіш бүгінде мемлекеттік тапсырыс алудың негізіне айналған. Осыған орай колледж директорлары студенттерді жұмыспен қамтып, әлеуметтік әріптестік алаңын кеңейте түсу керек», - дейді Қызылорда облыстық кәсіпкерлер қауымдастығы өкілі Клара Жаңғабылова.

Қазақстанның жас өнерпаздары «Өнер планетасы» VI халықаралық балалар өнер форумында жеңіске жетті, деп хабарлады МСМ.

«Фестивальға Мәскеу, Ресей және жақын шетелдік өңірлерінен  келген 500 бала қатысуда. Байқау бағдарламасына өзге елдің мәдениетін насихаттау, балалар арасында мәдени алмасуға жағдай жасау, ұлттық нақышта өнер көрсету, халықтық қолөнер мүсіндерін таныстыру, суретшілер көрмесін ұйымдастыру енді», - делінген хабарламада.

Қазақстанды фестивальда Семей қаласының  нөмірі 2 музыка мектебінің өкілі Назерке Төлеубекова, Расул Серікжан, сондай-ақ, ШҚО Семей қаласының дарынды балаларға арналған хореографиялық ансамблі таныстырды.

Министрлікте хабарлағандай, фестиваль қорытындысы бойынша Семей қаласының облыстық мамандандырылған балет мектебі шығармашылық талап үшін «Классикалық би» номинациясында гран-при жүлдегері болды. Сондай-ақ, мектеп «Ұлттық би» номинациясы бойынша бірінші жәрежелі дипломға ие болды.

«Жас Отан» жастар қанатының Ақмола облыстық бөлімшесінде алғаш рет жас ақындар арасында «Жас ақын-2014» қалалық байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Ақмола Медиа Орталығы».

«Шараға дарынды он ақын қатысты. Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, шараға қатысудың басты шарты бұрын ешбір жерде жарияланбаған өлеңдерін алып келуі керек. Сонымен қатар, еркін тақырыпта өлең жазулары тиіс», - делінген хабарламада.

Хабарламада айтылғандай, байқау үш кезеңнен тұрады. Ақырғы кезеңде «Қазақ тарихының 550 жылдығы» тақырыбына өз ойларын айтуы керек.

«Бүгін біз ерекше дарын иелерін танып отырмыз. Әр шығарма өзінше ерекше», - дейді «Жас Отан» ЖҚ Ақмола облыстық бөлімшесі хатшысы Жанар Жүнісова.

ҚР Білім және ғылым министрлігінде министр Аслан Сәрінжіповтың төрағалығымен білім және ғылым саласын бақылау комитетінің құрылғанына 10 жыл толуына орай комитеттің алқа мәжілісі өтті.

Министрдің айтуынша, министрліктің бір ведомствосы болып табылатын комитет білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты өзінің қызмет құзіреті аясында іске асырып, бұл саланың бақылау қызметтерін де арқалап келе жатыр.

Хабарламада айтылғандай, Президенттің «2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы білім беруін дамыту мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қаулысын тиімді іске асыру мақсатында комитет 2015-2020 жылдарға арналған ҚР білім және ғылым беруді бақылаудың ұлттық жүйесін жаңғырту тұжырымдамасын дайындады. Ол бақылау жүйесін құрылымдық жинақталуы мен білім беру сапасын бағалауды, оны әлемдік үздік стандарттарға сәйкестендіруді қарастырады.

Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша, білім және ғылым саласын бақылаудың ұлттық жүйесін дамыту мәселесі талқыланып, жүргізіліп жатқан жұмыстар сапасын жақсарту бойынша бірқатар шешім қабылданды.

Айта кету керек, 2004 жылдың қыркүйек айында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ҚР БҒМ білім және ғылым саласын бақылау комитетін құру туралы Қаулыға қол қойған болатын.

Семейде 1 қазан мен 1 қараша арылығында ұйымдастырылған мейірімділік айы аясында 7 230 мың теңге бөлініп, 2410 зейнеткерге 3000 теңгеден таратылды, деп хабарлайды қала әкімдігі.

«Қалалық бюджеттен Қарттар күні қарсаңында ұйымдастырылған мейірімділік айы аясында 72330 мың теңге бөлініп, 2410 зейнеткерге 3000 теңгеден таратылды. Шарада 6764 қарияға, еңбек пен соғыс ардагерлеріне, мүгедектер мен жалғыз басты қарияларға 24840,6 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Ересек жастағы әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға, жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектерге ерекше көңіл аударылды», - делінген хабарламада.

Жалпы, қала бойынша шараға 282 кәсіпорын, ұйым мен мекеме қатысты. Ондағы жалпы кісі саны 3747 адам болса, олар бас-аяғы 17216 мың теңге материалдық көмек берілді.

Әкімдіктің хабарлауынша, қаланың барлық емдеу-профилактикалық мекемелерінде қарияларға арналған ашық есік күні өткізілді. Онда жүріп-тұра алмайтын науқастар мен ардагерлерге сала мамандары келіп тексерістен өткізсе, жалпы, науқан аясында 856 мың теңгеге 510 адамға медициналық қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар, білім беру мекемелері өздерінің ұжым ардагерлерін шақырып, жалпы құны 917 мың теңгеге 273 ардагер ұстазға ақшалай көмек көрсетті.

«Балапан» мемлекеттік бағдарламасы Қызылорда облысында уақытынан бұрын, яғни 2015 жылдың соңына қарай аяқталмақ, деп мәлімдеді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ОКҚ брифингінде.

«Қызылорда облысы  бойынша 589 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 40491 бала тәрбиеленуде. Қазіргі таңда 3-6 жас аралығындағы балалардың  қамтылуы 88,7 пайыз», - дейді әкім.

Оның айтуынша, жеке меншік балабақшалардың көп ашылуынан облыстағы мектепке дейінгі ұйымдар желісі өсіп келеді.

«Облыс бойынша 2014 жылы 55 жеке меншік балабақша ашылып, оның саны 181-ге жетті. Жалпы, балаларды бөбекжаймен 100 пайыз қамту мәселесі 2020 жылы емес, 2015 жылы толық шешілетін болады», - дейді әкім.

Әкімнің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы облыс бойынша үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін тапты. Биыл Қызылорда облысында апаттық мектептерді алмастыратын 12 мектеп құрылысы аяқталады. 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында апаттық мектептер толықтай аяқталады. Сонымен қатар, облыста 58 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді.

Еліміздің алдында техникалық және кәсіптік оқытуды жаңғырту міндеті тұр, деп мәлімдеді бүгін ҚР Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде.

«Жалпы, техникалық және кәсіптік оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында 2020 жылға дейінгі Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бұл салаға айтарлықтай қолдауының арқасында жүйелі өзгерістер орын алуда. Осы орайда барлық тараптардың қатысуы маңызды», - дейді ол.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, әлемдік тәжірибеге сай әріптес жұмыс берушілер болашақ мамандардың кәсіп игеруін анықтауға да атсалысатыны анық.

Қазақстанның білім беру саласы білікті мамандар мен кадр тапшылығын толықтыруы тиіс, деп ағынан жарылды ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова.

Бүгінде Жамбыл облысында химия кластеріне Үкімет басымдылық беріп отыр. Осы ретте, аймақта химия өндірісін дамытуға қолдау көрсету мақсатында «Тараз» химия паркі» АЭА құрылды. Қазіргі таңда АЭА аясында калий сульфатын, галифосфат, күйдіргіш сода мен үш-хлорлы фосфор өндірумен айналысатын «Біріктірілген химия компаниясы» 4 жобаны жүзеге асыруда. Сонымен қатар, мұнда «Еуро Хим-Тыңайтқыштар» ЖШС жұмыс істейді (минералды тыңайтқыштар өндірісі). Болашақта жаңа 15 өндірісті ашу жоспарланған.

«Белгілі болғандай, аталған жобалар бойынша білікті мамандар керек. Білім беру саласы білікті мамандар мен кадр тапшылығын толықтыруы тиіс», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, Қазақстанның ЕАЭО кіруіне байланысты интеграциялық процесстердің салдарынан Жамбыл облысының агрокешені бірінші кезекте бағаға байланысты Ресей мен Беларусияның агрокешені өнімімен бәсекелесе алмауы мүмкін.

«Мұндай тәуекелдерді Үкімет ескереді және осы бағытта шараларды қабылдауда. Алайда, қандай жағдай болмасын тенденциялар жергілікті агроөндірістік кәсіпорындардың нарықтағы үлесін азайтуына алып келуі ғажап емес. Сондықтанда осы салада бәсекеге қабілетті болу үшін технологияларды жетілдіру және білікті мамандарды даярлау қажет», - деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Байқоңырдың 6 мектебін Қазақстанның білім стандартына көшіру мәселесін қараша айының соңында қарастыру көзделген, деп хабарлады Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

«Қазақстан 2014 жылдың соңына дейін  Байқоңыр қаласының мектептерінде мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарын енгізу бойынша Ресеймен келісімге қол қояды. Бүгінгі таңда  қазақ тілді 6 мектепте жалпы білім беру стандарттарын енгізуді қарастыратын келісім-шарттың жобасы әзірленді», - деді Қ.Көшербаев.

Әкімнің айтуынша, осылайша түйіткілді түйіннің түйіні тарқатылатын болады.

«Байқоңырдан әскери жобалар кетіп қалды. Бірқатар нысандар босады. Біз ресейлік тарапқа аталмыш нысандарды өткізуді ұсынып отырмыз. Оларды жалға алудан алып тастап, меншік иесі Қазақстанға қайтару керек», - деп толықтырды әкім.

«Қолымызда үлкен қуат бар. Әскерилер тұрған үйлерде бар. Бізде оқытып, жұмысқа орналастыру керек жастар бар, олар Байқоңырға көшіп келуге әзір. Жалпы, біз барлық мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз керек», - деп атап өтті Қ.Көшербаев.

Стратегия "Қазақстан 2050"

0
0
1044

Осы тақырып бойынша