Дәрігерлерге жабдық сыйлады
Әлемді жайлаған пандемия ешкімді аяп жатқан жоқ. Шалқығанды да, шылқығанды да, қолында түгі жоқты да елеп ескермейді. Осындай шақта адамзаттың бір сыйпаты байқалады. Ол-қайырымдылық. Қайыр қылғанның Алладан алар сауабы өз алдына, адамнан алар алғысы тіптен бөлек. Қазақ әу бастан қайырыммен күнелткен халық. Жетімін жылатпау, жесірін қаңғытпау деген салт-сананың өзі сол қайырымдылықтың бір пұшпағы. Сол ата дәстүрдің ізімен, жер шарын шарлаған індетті кезде «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалы өкілдері «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы аясында Ақтұма фельдшерлік-акушерлік пунктіне короновирустық инфекцияның таралуын шектейтін медициналық қорғаныс жабдықтары мен медициналық саймандар сыйға тартты. Аталмыш акцияға партия филиалы өкілдерінен бөлек ауданға қарасты Черкасск ауылдық округі, Қарғалы ауылындағы «Душкин», «Тауыспаев-М», «Еремеев» және «Вахитов» шаруа қожалық басшылары атсалысып, 700 мың теңгеге әлгі құрал-жабдықтарды алған. Мұндай қайырымды іске дәрігерлер де риза. Сарқан аудандық орталық ауруханасы қызметкерлері мен ауыл тұрғындары партия қызметкерлері мен кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
