Электронды форматта көрсетілетін қызметтердің үлесі артты
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап Департаменттің 2022 жылғы қызметінің қорытындылары мен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында баяндап берді. Басқарма басшысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына енгізілген өзгерістерге тоқталып өтті. Атап айтсақ,мемлекеттік тапсырыс негізінде (грант) жоғары оқу орындарын үздік нәтижелермен аяқтаған түлектерге бір жыл ішінде аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз уәкілетті органның келісімін ала отырып тікелей тағайындалу мүмкіндігі берілді. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар, өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Екіншіден, «Б» корпусының бірқатар жоғары лауазымдарына (мысалы: департамент басшысы, басқарма басшысы) уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды. Төртіншіден, бағалау нәтижесінде екі тоқсан бойы қанағаттанарлықсыз баға алған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді. Департамент басшысы облыстың мемлекеттік аппараты кадрларының жай-күйі туралы ақпаратпен де бөлісті. Баяндамашының айтуынша, облыстық мемлекеттік аппараттың штаттық жағдайына жүргізілген мониторинг нәтижелері мемлекеттік қызметшілер сапасының жақсарғанын көрсетеді. «Бүгінде облыста 350 мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3538 бірлікті құрайды, гендерлік саясат сәтті іске асырылуда - қызметшілердің 50,4%-ын әйелдер құрайды», – дейді спикер. Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігін нығайту және әдеп кодексінің нормаларын сақтау жөніндегі жұмыс қорытындыларына байланысты 2022 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 3 отырысы өтіп, онда 22 мәселе қаралған. Кеңеспен қаралған 22 мәселенің 11 тәртіптік іс болса, 11 профилактикалық сұрақтар. Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 10 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 6 қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін, 4 қызметкер Әдеп кодексін нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылған. 2022 жылы мемлекеттік қызмет саласында 3 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның барысында 8 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою туралы 3 ұсыныс жолданды. Оның қорытындысы бойынша 4 кінәлі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, лауазымды тұлғалардың 1 қаулысының күші жойылды, 2 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Жылдың екінші жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету саласында 3 тексеру жүргізіліп, оның барысында 6 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою туралы 6 ұсыныс, 6 ұйғарым енгізіліп, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Департамент басшысы мемлекеттік органдардың электронды форматта көрсететін қызметтері үлесінің артқанын мәлімдеді. «Жетісу облысында қызмет берушілермен 762 мемлекеттік қызмет түрі, оның 467 түрі орталық мемлекеттік органдармен, 295 түрі жергілікті атқарушы органдармен көрсетіледі, оның ішінде электрондық 127 түрі. 1,5 млн. астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Жергілікті атқарушы органдармен 1 млн. астам қызмет көрсетілді, оның ішінде 98,3% электронды түрде», – деп атап өтті Қ. Тоқбергенұлы. Жалпы 2022 жылдың жартыжылдығында Департаментпен және аудан, қалалар әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметтерді мониторингтеу және ақпараттық технологиялар бөлімдерімен жалпы саны 230 750 адам қамтылып, 987 түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды.
