Еліміздің су тасқыны қауіпті өңірлерінде алдын алу шараларын және құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізу тоқтатылған жоқ
2015 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасы ІІМ ТЖ комитетінде өңірлердегі су тасқыны жағдайы мәселелері бойынша брифинг өткізілді. Спикер болып Комитеттің ресми өкілі Руслан Юрьевич Иманқұлов сөз сөйледі.

Кеше, 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкіметтің кезектен тыс отырысын өткізді, онда қаралған мәселелердің бірі еліміздегі су тасқыны жағдайы болды. Отырыстың қорытындысы бойынша Премьер-Министр мемлекеттік органдарға су тасқынының салдарын жою бойынша іс-шараларды қаржылық және материалдық қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар берді.

Сол уақытта Қарағанды облысында Бұқар жырау ауданының Ғ. Мұстафин атындағы ауылда су сору жұмыстары жалғасуда. Тамақтандыру пункттері, медициналық орталық, психологтар үздіксіз жұмыс жасауда. Аулаларды тазалау, су басқан үйлерден мүлікті эвакуациялау жүргізілуде. Қазіргі күні 893 тұрғын эвакуацияда. Құтқару бөлімшелерінің, ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, коммуналдық қызметтердің күштері мен құралдары тартылған.

Чкалово аулының 75 тұрғыны эвакуацияда. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен су сору жүргізілуде.

Нұра ауданы Тассуат аулының 80 тұрғыны өз үйлеріне қайтып оралды. 56 адам эвакуацияда. Су деңгейін бақылау тоқтатылған жоқ. Жерлерді қайта өңдеу жүргізілуде.

Қарой аулында су деңгейі тұрақтанды. Елді мекен электрмен қамтамасыз етілді. Құтқарушылар адамдарды қайықтармен өткізіп жатыр. Гуманитарлық көмек көрсету де осындай жолмен ұйымдастырылған.

«Астана-Қорғалжың-Шұбаркөл» автожолында қозғалыс қалпына келтірілді. «Киевка-Жараспай» автожол учаскесінде су жүру тоқтады.

Абай ауданында Көксу аулында және Тасзаимка кентінде автожолдармен су жүру жалғасуда.
Ақмола облысында Целиноград ауданының Шнет және Ағанас ауылдарының тұрғындарын елді мекендерде қалған малды жайғау үшін өткелден өткізу ұйымдастырылды. Ауданның 11 аулында тәулік бойы кезекшілік жүргізілуде. Ақмол және Қаражар ауылдарында 850 текше метр су сорылды. Талапкер аулында инертті материалдар бар қаптар дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Қорғалжын ауданы Қорғалжын кентінде де үздіксіз мониторинг жүргізілуде. Қыратта халықты эвакуациялау үшін 6 тұрғын вагон орнатылған. Құтқару бөлімшелерінен 33 адам, 8 бірлік техника және 3 қайық әзірлікте тұр.
Астрахан ауданының Ягодное, Старый Колутон ауылдарының, Целиноград ауданының «Қабанбай батыр-Жалғызқұдық-Ораза», Атбасар ауданының «Егіндікөл-Жантеке» автожолдарына еріген қар суы тасып жатыр. Жергілікті жерлерде кезекшілік жүргізіліп, ескерту жол белгілері орнатылды.
Солтүстік Қазақстан облысында Аққайың ауданы Қиялы ауылында тасқынға қарсы іс-шаралар жалғастырылып жатыр: ұзындығы 7 шақырым субұрғыш арна құрылғысы бойынша жұмыс жүргізілді, жолдардың жиектері тереңдетілді.
Шал ақын ауданы Городецкое ауылының эвакуацияланған 12 тұрғыны өз үйлеріне оралды.
Үлкен Тарангүл көлінің маңында орналасқан Есіл ауданының Корнеевка ауылындағы тұрғын үйлерді қорғау үшін инертті материалдары бар құм салынған қаптарды салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындармен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді, кезекшілік ұйымдастырылды. Сол жерге облыстың құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары жіберілді.
Тайынша ауданының Бірлік ауылы, Тимирязев ауданының Ақсуат ауылы, Шал ақын ауданының «Петропавл-Жезқазған» автожолдарының учаскелері арқылы еріген қар суы тасып жатыр.
Павлодар облысының Баянауыл ауданының Қарашы, Теңдік, Сәтпаев ауылдарындағы тасқын жағдайы тұрақталды. Өңірдің автожолдарында нығайту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Республикамыздың алты облысында автомобиль жолдарының 168 учаскесін (25,210 шақырым) тасыған су зақымдаған болатын, оның 112 (16,468 шақырым) қалпына келтірілді.
Су басқан аумақтан еріген қар суын сорып шығарғанның арқасында, қазіргі уақытта 2 434 су басқан үйдің 2 213-інен су шығарылды.
Бүгінгі күні 13 387 тұрғын өз үйлеріне оралды. Тасқын кезеңінің басынан бастап барлығы 16 171 адам эвакуацияланды.
40 825 мал басы өз қораларына қайтарылды. Барлығы су басқан аудандардан 43 099 бас үй жануары қауіпсіз жерге айдалды.
Тасқынға қарсы іс-шараларға 6 463 адам жұмылдырылып, 7 404 бірлік техника, 154 су сорғыш құрал, 113 жүзу құралы тартылды.
