Гүл шоқтары
Қыз бен жігіт болып сезім құшағында жүрген жастардың, алғашқы айлары бір-бірін жаңа қырынан танып-білуден өтеді. Қандай тағамдарды ұнатады, қандай гүлдер ұнайды, нешеде оянады, нешеде ұйқыға жатады, қандай футбол командасына жанкүйер, қалай уақыт өткізгенді ұнатады, талғамы қандай, неге қызығады және тағысын тағы...

Екеуінің қарым-қатынастарына көп уақыт болмаса да бір-бірін жақсы танитын. Екеуі төрт жылдан бері таныс, бірақ сезімдерінің бүр жарғанына жарты жылдан аз уақыт болған.
Екеуі су мен оттай, күн мен түндей қарама-қарсы. Жігіт ортасында сыйлы, алғыр, ашық мінезді, әр жағдай да болмасын батыл, кез келген адаммен еркін тіл табыса білетін, дауыс ырғағы анық әрі қатаң, өзіне қарата білетін, достары да, таныстары да сол себептен өте көп. Жанындағы қызы керісінше, көп сөйлей бермейтін, дауысы көпшілік жерде естіле бермейді, қарапайым, баяу қозғалып, ойланып барып жауап қайтаратын, өте нәзік, ауызының ашықтығы да бар, сеніміне кіру оңай, тыныштықты жаны қалайтын ұяң қыз. Екеуін тағдырдың өзі қосқандай... Бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі қолдап жүреді.
Жігіттің ол қызға дейін де қыздары болған, сондықтан қыздарға көңіл бөлуді жақсы білетін. Ал қыз үшін алғашқы сүйіктісі, алғашқы сезімі, алғашқы махаббаты... Сценарий бойынша тәтті мен гүлдер сыйлайтын мерзімі сәтті өтіп жатты, жігіт қыздың риза екендігіне сенімді болып, сыйлықтар сыйлауды, киноға баруды, дүкен аралауды, ресторанда тамақтанды жалғастырып жүре берді. Ал қыздың қалауы басқа еді... Қыздың басқа құндылықтарға мән беретінін бастапқы да жігіт білмегендіктен, әдеттегідей көңіл бөліп жүрді. Ал бағанағы ұяң қыз жігіттің көңілін түсірмес үшін қуанғандай сыңай танытып жүре берді.
Екеуінің жүре бастағандарына жарты жыл толып, жігіт қызына "сәнге" айналған жүз бір қызыл раушан гүлді гүл сататын дүкеннен сатып алып қыздың үй жағына қарай бағыт алып келеді. Көше қиылысында қызын көріп, бағдаршамның жасыл түсін күтіп, қуанып тұр. Қыз жігітті байқамады, азық-түлік дүкенің бұрышында отырған апаның жанына барып, қарапайым оралған түймедақ гүлдерін сатып алды. Апамен сөйлесіп, бұрынғыша әдемі әрі шынайы жымиып апамен қоштасты. Қолындағы гүлдерге қарап, күлімсіреп келеді. Осы картинаны бақылап тұрған жігіт қызына қайтадан ғашық болғандай, оның жанының тазалығына, мейірімділігіне, қарапайымдылығына, басқа қыздарға ұқсамайтындығына сүйсініп, өзінің соңғы және дұрыс таңдау жасағанына тағы да көзі жеткендей ойда қалады да, көшенің арғы жағынан айналып барып, жаңағы гүл сатып отырған апаның барлық гүлдерін сатып алады.
Апаның гүлдерін құшақтап келе жатқан жігітін көрген қыздың көзіне жастар үйіріліп, жігіттің құшағына қарай асығады. Осы гүл шоқтарынан кейін екеуінің сезімдері одан әрі күшейіп, мөлдір таза махаббатқа айналған. Бұл сезімнің себепкері көшедегі гүл шоқтары ғана емес, жігіттің түсіністілікке толы, қыздың мейірімділікке толы таза жүректері...
