Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Халық қалаулысы аудан ардагерлерімен жүздесті

Бүгін жұмыс барысымен ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар келді. Туған жері Жәнібек ауданына арнайы ат басын бұрған депутатты аудан әкімі Азамат Сафималиев пен «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев қарсы алды. Мәлік Иманқұлұлы ең алдымен ардагерлер үйіне тоқтап, қарттар мен ардагерлер үйі кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді.

Мәлік Құлшар қаңтар оқиғасынан кейінгі елдің хал-ахуалы мен президент Қ.Ж.Тоқаевтың тапсырмасының орындалуы жөнінде баяндама жасады. Жиын барысында алғаш сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев депутатқа соғыс кезінде тылда еңбек еткен ардагерлерге «соғыс ардагері» статусын беру жөнінде және ауданның әлеуметтік жағдайы, суды пайдалану ресурсы жөнінде мәселе көтеріп, шешу жолын табуды сұрады.

Ардагерлер кеңесінің мүшесі Самиға Қайырова ауданның бұрынғы және қазіргі ахуалын айтып, мардымды жұмыс жасауды және мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлемдерді азайту қажеттігін баса айтты. Зейнеткердің айтуынша, жастар еріншек болып кеткен, сондықтан да олар көбірек еңбек етіп, жағдайларын өздері көтеру керек. Әрмен қарай, Меңсұлу Жұмақұлова мемлекеттің жастардың алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік бергеніне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол елде белең алған жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді сұрады. Өз кезегінде зейнеткер Мұқас Темірәлиев зейнетақы туралы сөз қозғады. Ал Ескендір Елемесов ауыл шаруашылығы, жол, киіктер мәселесі жөнінде айтса, Ерназар Өтеғалиев үй алу, жастар бағдарламасындағы шекті жасты ұзарту төңірегінде ұсынысын алға тартты.

Кездесуде депутат Мәлік Құлшар ақсақалдармен емін-еркін әңгімелесіп, барлық көтерілген мәселелерге қысқаша тоқталды және оң шешімі болатынын айтты. Сөз соңында М.Иманқұлұлы ауданға келгеніне қуанышты екенін жеткізіп, ардагерлермен кездескеніне ризашылығын білдірді.

0
0
236

Осы тақырып бойынша

Халық қалаулысы аудан ардагерлерімен жүздесті - Yvision.kz