Халықтың сотқа деген сенімін арттыру
Өздеріңіз жақсы білесіздер, тәуелсіздік еліміздің сот саласына айтарлықтай өркендеу үстінде. Егемендік жылдары мемлекеттік биліктің бір тармағына айналған сот жүйесінің дамуы тиісті құжаттармен қамтамасыз етілгенін ескерсек, бұл ретте ең әуелі Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңының алар орны ерекше. Сот билігі, сот жүйесі мен оның міндеттері, судьялардың құқықтары мен жауапкершілігі және басқа ережелер осы заңда қамтылған. Сот жүйесі сот билігін жүзеге асыратын лауазымды тұлға-судьялардың бірыңғай мәртебесімен және қызметінің ерекше режимімен ерекшеленетінін айта кеткен артық емес деп ойлаймын. Сот билігі өзіне бекітілген іс жүргізушілік нысандарын қатаң сақтай отырып тек соттармен жүзеге асырылатын биліктік өкілеттіктер жиынтығын құрайтын құрылым. Елбасы бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадам Ұлт жоспарында сот жүйесінің заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойғаны мәлім. Осы аса маңызды мемлекеттік жоспарда азаматтардың сот төрелігіне қолжетімдігін жеңілдетуді мақсат еткен бірқатар шаралар көрсетілді. Сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, яғни бес сатыдан үш сатылы сот жүйесіне көшу, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін жетілдіру және біліктілік талаптарын қатайту, судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және тағы да басқа мәселелер сот жүйесінің деңгейін көтеруде.
Қазыргы таңда халықтың сотқа деген сенімдері біршама артқан. Сот жүйесіндегі ашықтық принциптері осыған куә болады. 2014 жылдан бастап, Сот кабинеті сервисі іске қосылды. Осы арқылы электронды цифрлы қолтаңбасы бар азаматтар сотқа талап арызды, шағым, өтініштерін электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеу мүмкіндігіне ие болды. Осындай жетістіктер сот саласының жұмысын жандандыруда.
Судья А.Б.Нұрбеков
