Қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардың тұрмыс жағдайларын білу мақсатындағы рейд жұмыстары

Бүгін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Отбасы, әйелдер және балалар құқықтарын қорғау» жөніндегі кеңес мүшелері: Л.Турсынова, Р.Кубейсинова, Т.Жунусова, С.Загидуллина, А.Тарасқызы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының әлеуметтік көмек бөлімінің бас маманы Г.Нуриденова, №5 қалалық емхананың ОП және СПП бөлімінің меңгерушісі Ұ.Мендіғалиева және ювеналды полициясының инспекторы Т. Камешевтің қатысуымен қиын өмірлік жағдайларға тап болған отбасылардың тұрмыс жағдайларын білу мақсатында, сонымен қатар, "Балалар үшін қауіпсіз және жайлы Инфрақұрылым» атты акция аясында ашық люктердің болуы, аулаларды жарықтандыру, қозғалыс қауіпсіздігіне қала аумағында орналасқан шағын аудандарында рейд жұмысы ұйымдастырылған болатын.
Рейд барысында қиын өмірлік жағдайларға тап болған отбасылардың өмір сүру сапасы, ата – аналардың жұмыспен қамтылуы, балалардың мектептерге қатынасы толықтай тексерілді. Кеңес мүшелері бас сұққан


мекен – жайлардың аулаларында санитарлық нормалардың жоқтығы, қаңғыбас ит, мысықтардың көптігі және балаларға арналған ойын алаңқайларының жоқтығы қатты алаңдатты. Аралаған аулалардың бір оңтайлы жағы жарықтандыру мәселесінің толық шешілгендігі көңіл көншітеді.



Отбасылардың жағдайларын біле отырып, балалардың жазғы демалыс кезіндегі бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мәселесіне үлкен мән берілді. Сол себепті «Ақжелкен» аула клубының жұмысымен танысып қайтты. Балаларды қабылдау былай тұрғанда, ғимараттың жағдайы нашар. Кеңес мүшелері бірқатар нұсқаулықтар мен ұсыныстарды қалалық мәдениет бөліміне жолдау керектігін тілге тиек етті. Шара барысында көтерілген мәселелердің барлығы тиісті мекемелерге жолданып, нақты жауаптар алынады.
