Көмек көрсету шаралары жалғасуда.
Көктемгі тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізге көмек көрсету шаралары жалғасуда. Осы орайда, "AMANAT" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаевтың бастамасымен «Біздің күшіміз-бірлікте» ұранымен көмек көрсету шаралары қолға алынып, соның нәтижесінде облыс орталығынан ауданымызға облыстық мекеме, ұйымдар, кәсіпкерлік субъектілер және өзге де жанашыр азаматтардың көмегімен жинақталған азық-түлік пен қажетті тауарлар тиелген жүк көлігі жөнелтілді. Облыс тұрғындары ауданымызда орын алған апаттық жағдайға бей-жай қарамай, жанашырлық танытып келеді. Жақсыбай ауылына жөнелтілетін бұл тауарлар зардап шеккендерге таратылып беріледі. Алайда, ауылмен қатынайтын жолдың нашар болуына байланысты аудан орталығына келген жәрдем тауарлары жергілікті атқарушы биліктің ұйымдастыруымен тиісті жерге бөлшектеп жеткізілетін болады. Осы мақсатта Жақсыбай ауылына тауарлардың алғашқы топтамасы жолданды. Қалған бөлігі бүгін кешке дейн арнайы жол талғамайтын жөк көлігімен жеткізілетін болады.Елдің басына күн туған мұндай қиын жағдайда қолұшын берген барша азамат-азаматшаларға риясыз алғысымызды білдіреміз.

