Клоун. Иуда. Дарынсыз актер. Жұрт Жанболат Мамай туралы қандай пікірде?
«Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз қазақтар арасында бұрыннан-ақ кең тараған. Бірақ, халық оны іс жүзінде енді ғана жүзеге асырып келетіндей. Әсіресе, соңғы 5-6 жылда Қазақстанның саяси өміріне айтарлықтай жан бітті. Елде түрлі оппозициялық топтар, өзгеше ойлайтын азаматтар пайда болып, олар өз ойын ел ішінде ашық айтып жүр. Бұл демократияның көрінісі ме, әлде саяси жүйенің әлсірегені ме, ол жағын уақыт көрсете жатар. Дегенмен, отыз жылға жуық қозғалмаған сең енді жылжи бастады. Мәселен, Қазақстанда бұрын бейбіт митингке шығу түрлі себептермен «мүмкін болмай» келсе, қазір бұған заңмен рұқсат берілді.
Енді осы заңның «шарапатын» қазақстандықтардың бәрі бірдей көріп жатыр ма деген сауал туындайды. Өйткені, биылдың өзінде қашқындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовтың жақтастары, «Оян Қазақстан» қозғалысының өкілдері бірнеше рет митинг өткізбек болып, күштік құрылымдар тарапынан жолы кесілді. Айтпақшы, митингшілердің қатарында қоғам белсендісі, журналист Жанболат Мамай мен оның «Демократиялық партиясы» (Қазақстанда тіркелмеген – авт.) да бар. Мамайдың жақтастары биліктен халықтың несиелік қарыздарын толық кешіруді, жерді шетелдіктерге бермеуді талап етіп, сондай-ақ елдегі саяси режимді өзгерту керегін айтып, Алматы мен Нұр-Сұлтанда бірнеше митинг өткізді.
Қызығы сол, полиция өзге белсенділерді (М.Әблязов жақтастары, «Оян қазақ» қозғалысының өкілдері) митингке шықпай жатып, үйінде отырған жерінен ұстап алып кетеді де, Мамай мен оның жақтастары қаланың орталық көшелерінде емін-еркін шеру өткізеді. Жай шеру емес, билікке қарсы бағытталған, Президенттің отставкасын талап еткен, Елбасыға қарсы ұрандар айтылған шеру. Не деген жүрек жұтқан батыр... деп тамсанып отырғанда, Мамай туралы өзге белсенділердің айтқанына еріксіз көз түсіп кетеді. Көзің түседі де, екіұдай ойда қаласың.
Мәселен, Қытайдан келген қандас Серікжан Біләшті танымайтын қазақ елімізде кемде-кем. Қытай билігі жүргізетін саясатқа қарсы ойын ашық айтып, Қазақстан билігін де сынап, артынша істі болған Біләш Жанболат Мамайды биліктің кезекті жобасы деп айыптайды.
«Қазақстанда демократия бар деп Батысты алдау үшін біздің биліктің қолдан жасаған клоуны. Мұндайлар тапсырыс орындайтын сұмырайлар. Өтірік ұлтшыл болып, қазақтың миын ашытып жүр. Басқа түк емес», - дейді Серікжан Біләш.
Бұл бір ғана адамның пікірі ғой деп мән бермеуге де болатын еді. Алайда, әлеуметтік желілердегі халықтың Мамайға қатысты көзқарасы да осыған ұқсас. Бір-екеуін назарға ұсынып көрейік.
«Қызық, мен митинг өткізуге бірнеше рет өтінім бердім. Ешбіріне рұқсат бермеді. Ал, ол митингке шықса ешқандай кедергі қойылмайды. Бұл жерде бір шикілік бар», - деп жазады әлеуметтік желінің Елжас Нұрахметтегі есімді қолданушысы.
«Дарынсыз актерлар халықтың алдына шығып, шоу көрсетеді. Мамай – клоун. Ертең оларға мәтін дайындап береді, бұлар соны халықтың алдына шығып оқиды», - дейді тағы бір желі қолданушысы.
«Мамайдың билік жобасы екенін тек топастар ғана түсінбейтін шығар. Егер ол шынымен өзгерісті қаласа «күш бірлікте» деген сөздің мағынасын түсініп, шынайы оппозиционерлермен бірігетін еді. Ол митингке шығушылардың санын азайту үшін, күштік құрылымдарға оңтайлы жағдай жасау үшін митинг өтетін орындарды айдаладан таңдайды. Бірақ, Батысқа біздің елде демократия бар екенін көрсетпек болады. Мамай – XXI ғасырдың Иудасы».
«Мамай еш жерде жұмыс істемейді, бірақ қызының 80 000 теңгелік оқу ақысын төлеп келеді. Ол ақшаны қайдан алып жатыр?», - дейді өзгелері.
Расымен де, Мамайдың қандай иммунитеті бар? Есте болса, 2012 жылы Жанболат Мамай мен Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғасы болған жерге барып, халықпен кездескеннен кейін полиция екеуін де ұстап әкеткен болатын. Екеуінің де үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ, Козлов ұзақ жылға сотталды да, Мамай түк болмағандай бостандықта саяси белсенділігін жалғастыра берді. Қызық...
2017 жылы да Мамайдың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ол кезде саяси белсенді БТА банкінің қаржысын жымқыруға қатысы бар, қашқындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовтан ақша алды деп айыпталды. Сотта Мамай өзіне тағылған айыпты мойындады. Бірақ, бұл жолы да ол қамалған жоқ, шартты жазамен бостандыққа шықты. Міне, осылай...
Ал, сіз қалай ойлайсыз, Жанболат Мамай шынымен оппозиционер ме, әлде биліктің жобасы ма?
