Құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас

Осыдан 158 жыл бұрын АҚШ-та Құлдарды азат ету күні жарияланған болатын. Әрине, еркін ойлы болу, құлдық бұғауынан ажырау оңай болмаса керек. Дегенмен, Америка Құрама Штаттары нағыз демократия еліне айналды. Ал, менің құлдарға қатысты айтайын дегенім басқа бір кейс.
Еркіндікке жіберілген афроамерикандықтардың бір тобы кезінде өздерін құлдыққа ұстап алған ата-бабасының елі – қазіргі батыс Африкаға барып, кешегі құлдар тәуелсіз мемлекет құрады. Бұл 1822 жылдар шамасы, 1824 жылы олар өз елін Либерия , яғни Азат ел деп атайды.
Дегенмен, кешегі құлдықтан босап, Либерияға келген афроамерикалықтар не істейді дейсіз ғой? Либерияда жаңа мемлекетті құрушылар жергілікті халықтан өздерін жоғары қойып, байырғы тұрғындарды құлға айналдырады. Былайша айтқанда кешегі құлдар мен күңдер өзгені құл мен күңге айналдырды. Бұдан шығатын қорытынды құл тек құлдық санамен өмір сүреді екен, басқаша ойлай алмайды.
Бір қызығы, құлдар мемлекет құрған Либерия қазір Африкадағы ең кедей елдердің бірі, жұмыссыздық деңгейі 85 процентке жеткен, 1980 жылдардан бері елде әскери төңкеріс орнап, билікке диктатор келген. Арты азаматтық соғысқа ұласып, ел экономикасы күйреген.
«Құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас» деген қазақтың керемет мақалы осындайда тегін айтылмаса керек.
Суретте: күңдерімен бірге Либериялық бай отбасы, фото 1910 жылы түсірілген
