Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мұраны қабылдау ерекшеліктері.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1042 бабына сәйкес, мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетілмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.

Мұраның ашылу уақытына қарай мұрагерлік істерді қарау кезінде соттар мұраның ашылу сәтінде қолданылып жүрген заңнаманы қолдануы тиіс.

Мысалыға, 1964 жылғы 1 шілдеден бастап 1999 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданылған Казақ КСР Азаматтық кодексінің 542 бабына сәйкес, мұраны алу үшін мұрагер мұра ашылған уақыттан бастап алты айдың ішінде мұра ашылған орын бойынша нотариаттық кеңсеге арыз беру арқылы мұраны қабылдауға немесе мұрагерлік мүлікті нақты басқаруға міндетті.

1999 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енген Азаматтық кодекске (Ерекше бөлім 1072-2 бап) сәйкес, мұрагер мұра ашылған уақыттан бастап, егер мұрадан бас тартпаса, мұра алу құқығынан айырылмаса және оны мұрагер деп тағайындау туралы өсиеттік өкімді тану салдарынан мұра алу құқығын жоғалтса, өзіне тиесілі мұраға немесе оның бөлігіне құқықты иеленеді.

2007 жылдың 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының заңымен Азаматтық кодекстің мұрагерлік мәселелер бөлігіне өзгерістер енгізіліп, мұраның ашылу күнінен бастап алты ай ішінде мұра қабылдануы мүмкін екендігі бекітілген.

Айтылғандар негізінде, мұраның ашылу уақытына қарай, сол кезде қолданыста болған заңның талаптары ғана қолданылуға тиіс.

Егер мұрагер мұраны қабылдау мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған жағдайда, мерзімді өткізу себептері жойылғаннан кейін алты айдың ішінде сотқа жүгіну арқылы мерзімді қалпына келтіруге болады.

Заң талаптарына сәйкес, мерзімді қалпына келтіруге мынадай шарттар қажет:

-мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алу;

-мұрагердің мерзімді өткізіп алу себептері жойылғаннан кейін алты айдың ішінде талап арызбен сотқа жүгінуі.

Егер де мұрагер сот алдында мұраны қабылдау мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алғанын анықтайтын тиісті дәлелдер ұсынса, сот мерзімді қалпына келтіре алады және мұраны қабылдады деп тани алады.

Практика жүзінде мұрагерлер өздерінің құқтарын білмеуі салдарынан заңмен белгіленген алты ай мерзімді өткізіп алатыны кездеседі.

Азаматтық кодекстің 1072-1 бабына сәйкес мұраны қабылдаудың екі тәсілі бар. Біріншісі - мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлiктi беруге уәкiлеттi лауазымды адамға мұрагердiң мұраны қабылдау туралы өтiнiшiн не мұрагердiң мұраға құқық туралы куәлiк беру туралы өтiнiшiн беру арқылы жүзеге асырылады. Екіншісі - егер мұрагер мұрагерлiктi iс жүзiнде қабылдағанын куәландыратын iс-әрекеттер жасаған болса, атап айтқанда, мұрагер: мұраға алынған мүлiктi иеленуге немесе басқаруға кiрiссе; мұраға алынған мүлiктi сақтау, оны қол сұғудан немесе үшiншi тұлғалардың талаптарынан қорғау жөнiнде шаралар қабылдаса; мұраға алынған мүлiктi ұстау шығыстарын өз есебiнен жүргiзсе және өз есебiнен мұра қалдырушының қарыздарын төлеген немесе мұра қалдырушыға тиесiлi ақшаны үшiншi тұлғалардан алған болса, өзгеше дәлелденгенге дейiн мұрагер мұраны қабылдады деп танылады.

Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының судьясы С. Қанатбаев

0
0
512

Осы тақырып бойынша

Мұраны қабылдау ерекшеліктері. - Yvision.kz