Мығым мақсат, айқын міндет
Мұндағы мақсат – Елбасының ел дамуындағы елеулі еңбегін саралау, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында тәуелсіз Қазақстанның әлемдік аренада жеткен жетістігін талдау. Ал білім саласының қызметкерлерінің таңдап алынуы, олар болашақ тұлғаларды қалыптастыруда негізгі рөл ойнайды. Демек, Елбасының даналық, даралық тұлғасын ұрпақ санасында жаңғырту арқылы еліміз қиын-қыстау сәттерде қапыда кетпей, көш ілгері жүріп, Н.Назарбаевтың дара саясатының арқасында дамыған елдердің қатарына қосылуын насихаттау қажет. Жиын тізгінін әуелі «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров алды. Егемен ел үшін Елбасының сіңірген еңбегін саралады.
- Айналдырған 30 жылдың көлемінде Қазақстан әлем мойындаған мемлекетке айналды. Әуелі жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуы еліміздің әлемдік аренада тек бейбітшіліктің ақ туы желбіреуін қалайтынын аңғартты. Мұнан соң әлемнің қырғи-қабақ аймақтарында бітімгершілік миссиясын қолға алды. Мәселен, Сирия қақтығысында бейбіт шешімдердің жүзеге асуына мұрындық болды. Міне, мұның бәрі Елбасының көреген саясатының арқасы, - деді С.Нұрқадырұлы.
Мұнан соң «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева сөз сөйледі. Г.Қожағұлқызы елдің дамуын Қазақстанның білім беру жүйесінен аңғаруға болатынын жеткізді. Ел оқушылары әлемдік білім сайыстарында топ жаруы - әрбір қазақстандық сапалы білім алумен қатар, ғылыми жаңашылдықтардан кенде қалдырмай, болашақ үшін озық ойлы тұлғаларды тәрбиелегенінің арқасы.
- Мағжан Жұмабаев «Күллі алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздыкі» деген еді. Әрине, мұғалімді құрметтеуден қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Жалпы елімізде білім саласына жасалып жатқан оң реформалар нәтижелі болуда. Заманауи мектептер бой көтеріп, үш ауысымдық мектептердің қатары сиреді. Елімізде мектепке дейінгі шағын орталықтар да жеткілікті. Білім шаңырақтарында мектеп жабдықтарынан тапшылық жоқ. Арнаулы және жоғары оқу орындары еліміздегі кадрлық сұраныстарға сай сапалы мамандар даярлап шығуда. Міне, осындай мүмкіндіктерге қол жеткізген Елбасының елеулі еңбегі десек еш қателеспейміз. Ендігі міндет – білім беру ұйымдары жеткен нәтижеден төмендемей, өрлеуге бағыт алу, - деді Г.Қожағүлқызы.
Мұнан кейін білім беру ұйымдарының өкілдері кезегімен шығып сала бойынша жарқын істерін баяндап, жүйелі жұмыстарын ортаға салды. Пікір алмасып, жаңа замандағы егемен елдің білім саласын ілгерілету жайларын таразылады.
