Нағашы атам Ысқақ туралы
Респрессияға ұшырамаған қазақ отбасы жоқ шығар. Мысалы, менің анам Ажар Ысқаққызының әкесі Ысқақ Смайылов (құжатта Исмаилов деп жазылып тұр) туралы баяндай отырайын.
Атамыз 1886 жылы Торғай жерінде туған. Руы - Торы қыпшақтың Түйішкесінің Ыстыбай деген руының Қараман-Түмен деген атасынан. Арғы аталарымыз Шәкір батыр Кенесары-Наурызбай көтерілісіне қатысып, кейін "ханталапайға" қатысқан. Ол туралы мен сияқты ыстыбайларға жиен Абылай Маудан былай дейді: "Шәкір батыр туралы Мұхамеджан Сералиннің «Наурызбай-Қаншайымында» ептілігі суреттелсе, Нысанбай жырау «Шәкір, Жәуке, Толыбай» деп бірнеше рет қайталайды, «соңғы соғыста Шәкірдің білегіне оқ тиді» деп анық айтады. Ал, «Шәкір батыр, қайдасың?! Қане, қолыңды жай, батамды берейін! Сен топты жарып шық!» — деп айғай салыпты.
Хан Кененің күндей күркіреген аруақты даусы қайрат берді ме екен, Шәкір атамыз бес қаруын оттай ойнатып, жаудың шебін тас-талқан етіп бұзып, Ағыбай батырлар хан Кененің отбасын қабат-қабат қоршаудан аман алып шығып, елге қарай ұзай беріпті.
Сонда Кенесары ханның:
«Жарайсың, Шәкір батырым! – деген зор даусы көптің құлағына шалыныпты».
Енді, әңгіме Шәкір батыр емес оның ұрпағы Ысқақ туралы болғандықтан осы тақырыпқа ауыссам.
Ысқақ оқыған, көзі қарақты адам болған, кезінде Торғай шаһарында Ивановтың екі жылдық қолөнер мектебінде білім алып, тігіншілік кәсібі де болған. Заманында ауылнай болып та сайланған. Айтқандай, Ысқақ нағашымыздың Амангелді көтерілісінде жүз басы да болыпты.
1924-1926 жылдары Албарбөгет бөгетін Айса Нұрмановтың басқаруымен салып шыққаны белгілі. Терең ағып жатқан суды шабындыққа шығару, кешегі Ашаршылық кезінде су жағалаған халықтың аман қалуы бәрі түсінікті ғой. Дегенмен біздің елде, Қабырға өзеніне ең алғаш бөгет салдырған Ысқақ нағашымыз еді. Шамасы 1916 жылдардың алды болса керек. Ащы Қабырғаның Ақжан деген жерінде қолмен қырға қарай қазылған, су шығару үшін жыралар әлі тұр. Бөгетті қастандықпен бұзып кеткен.
Ал, үйде бертінге дейін біздің үйдің төрінде араб жазуымен жазылып, сақталып қалған бір жазбалар болушы еді, меніңше Қазаннан, Орынбордан шыққан қазақша төте жазумен жазылған кітап парақтары болса керек. Орысша-қазақша сауатты, Екінші дүние жүзілік соғыс жылдары почта тасыпты. Молдалығы да бар екен. Кісілердің намазын да шығарып отырған. Кейде біреулер Ысқақ аға: «газетте не деп жазылыпты, соғыс қалай жүріп жатыр» деп сұрайды екен, сонда ол кісі: «Совет әскерлері тағы бір елді мекенді тастап шықты» деп шындықты айтып, жазылғанды оқып береді екен. Бәз біреулер сыртынан «халық жауы» деп көрсетіп, Қостанайдың Ұзынкөліне жер аударып жіберген екен.
Сонда Ұзынкөлдегі қарт кісі – Ысқақ нағашым тағдырға налып:
«Ұзынкөлдің арнасы,
Сарыкөлдің жағасы,
Нұрбегім туып сол жерде,
Шаттыққа кірген әкесі,
Сояйын десем қойым жоқ,
Жақын жерде елім жоқ,
Жер аударған ақымақтар,
Төбеңнен түссін жайдың оғы» деген екен.
Сонымен елде Рабиға деген әйелі, Ахмедсафа деген ұлы, Базар мен Ажар (менің шешем) деген қыздары қалады.
Ахмедсафа (Сейітбек Нұрхановтың жан жолдасы болған екен) әкесіне хат жазып тұрады екен, Ахмедсафа ауырып қайтыс болады, бірақ туысқандары оның атынан хат жазып жібереді екен. Ысқақ атамыз бір күні Рабиға әжемізге: «түс көрдім, жас иіс иіскегім келеді» деп шақыртады. Ат арбаға Рабиға әжеміз бен екі қызын отырғызып, Әубәкір Назарбек деген атамыз Ұзынкөлге жеткізеді. Сонда барған соң ғана Ахмедсафаның қайтыс болғанын естіртеді, оның қайтыс болғанына 1 жыл толған екен. Ысқақ атамыз «жүрегім сезіп еді, сенгім келмеді, бірақ келген хаттағы қол оның қолына ұқсамайтын еді» дейді. Не керек әжеміз 1945 жылы Нұрбек деген нағашымызға жүкті болады. Құдайдан Нұрбек атты нағашымды сұрап алыпты. Нұрбек нағашымның құлағында нышаны бар еді.
Ал, ұрпақтарына келсек, осыдан бірнеше жыл бұрын Ысқақтың бірінші әйелінен туған Гауһардың балалары тұратын Мақтарал өңіріне барып келгенімді жазған болатынмын. 1924 жылы анамның туған апасы Гауһар атты кісі жолдасы Жараспен бірге Торғай елінен жан сауғалап Ақмамық деген жерге көшіп кетеді. Шешем: «Гауһар апамдар Ақмамық жаққа кетті, анығын білмеймін» дейді әлі күнге дейін. Ақмамық атты жер атын біз «мамық» сөзімен байланыстырып мақтамен, Мақтаралмен шатастыратын едік. Ақмамық атты жердің тағы бір аты Көкінің көңі деп те аталады. Меніңше бұл Торғайдың Ұлытаумен шекаралас аймағы болса керек.
Сонымен Жарастың әкесі Көкір, олардың үлкен әулеті заманның өзгерісін, келе жатқан кәмпескелеуді сезген болуы керек, енді елде тұра алмайтынын біліп оңтүстікке қарай жылжиды. Себебі Көкірдің әулеті заманында Торғай еліндегі үлкен байлардың бірі болса керек, тіпті байлығы бойынша атақты Бірәліден де асып түскен деседі. Бұл жерде Ысқақтық қызын сол заманда кедейге бермейтіні түсінікті ғой.
Ал, Бірәлі байдың жылқысының негізінде Қостанай жылқысы сұрыпталып шығарылыпты, Бірәлінің өзі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде көтерілісшілерді жабдықтап тұрған екен. Біздің түсінігіміз бойынша «қазақ байы ол таптық жау, Амангелді, Кейкі батырлармен қандай байланысы болуы керек?» дегенді миымызға сіңіріп тастаған ғой, әйтпесе 50-60 мың сарбазды ұстап тұру, олардың ат-көлігі, қару-жарағы мен жабдығы елдің, әрине бірінші кезекте ел ішіндегі ауқаттылардың, яғни байлардың мойнында болған екен.
Сөйтіп, 1923 жылы шешемнің апасы Гауһар 13 жасында 30 жастағы Жарасқа тұрмысқа шыққан болатын. Гауһар мен Жарастың баласы, менің туған бөлем Төлеу былтыр қайтыс болып кетті. Ысқақтың, оның Ажар мен Гауһардан өзге Базар, Нұрбек, Дәрібала атты ұл-қыздары болыпты, одан елде тек Нұрбек, Ажар мен Базар ғана қалады. Ал, Дәрібала атты қызы қазақ қыздарының ішінен алғашқы болып трактор жүргізіп, жас кезінде «көз тиіп» қайтыс болған екен, тағы бір ер баласы кішкентай кезінде шетінеп кеткен (аты есімде жоқ), ал Айтқазы деген ұлы соғыстан оралмады, ұшты-күйлі жоғалып кетті. Оның дерегін бір-екі жыл бұрын ғана анықтадық, Екінші дүниежүзілік соғыста Ресей аумағында қайтыс болыпты.
Ысқақтың туыстары «жеті қаз» деп аталатын, яғни, Ысқақтан бастап Жекеғазы, Мырзағазы, Мұсағазы сияқты кіл «қаздар» екен. Мақтаралға кеткен Жекеғазыдан ұрпақ жоқ, тек бір қыз баласы тұрмысқа шығып кеткен.
Елге келген соң Ысқақ атамыз қайтады, Нұрбек үш айлығында қалды! Қазір Нұрбектен Еркебұлан деген ұлы бар.
Міне, Ысқақ Смайылов нағашы атамыз туралы жазамын деп бір әулеттің дерегін бердім! Айтқандай, Ысқақ Ұзынкөлден елге қайтып келген соң, оны соттатып жіберген екі кісі соңынан қоярда қоймай жаздым-жаңылдым, "кешіңіз" дегенде кешіпті, ал, үшінші кісі сол бойы ұрпақсыз қалыпты.

