Отбасылық қақтығыстың жиі болу себептері«Менің ата-анам қаржылық жағдайдың кесірінен ажырасып кетті»
Отбасы – әрбір адамның өміріндегі ең маңызды орынды алатын қымбат құндылық. Бала көзін тырнап ашқан кезден бастап ата-анасының қамқорлығын, жылулығын көріп, «отбасы, жанұя» деген сөздердің мәні мен мағынасын түсініп өседі. Әкесіне, анасына, бауырларына қарап ой түзейді, бой түзейді. Кішкентай бала үшін отбасындағы адамдардың рөлдері өте маңызды. Ер бала әкесінен ауыр жұмыстарды қалай жасау керектігін үйренсе, қыз бала анасынан ас үйдегі жұмыстарды жасап үйреніп, тәлім алады. Қыз бала әке мейірімін көрсе, ер бала анасының жылулығын көріп, тәлім-тәрбие алып өседі. Яғни, ата-ананың бала үшін маңызы өте зор. Ол үшін отбасының толық болуы әрі салиқалы, өнегелі болуы маңызды. Әкесі мен анасы күнде қақтығысып, ұрыс шығара берсе, оны көрген бала қандай тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алмақ? Ата-ананың өзара тату-тәтті болмауы кез келген жастағы баланың психологиясына қатты әсер етеді, ауыр соққы болуы да ғажап емес. Қазіргі таңда болмашы дүниені себеп етіп, ажырасу туралы қағазға қол қоя салатын ата-аналардың саны күннен-күнге көбейіп кетті. Толық отбасында өспеген, әке мейірін, ана шапағатын көрмей өсіп келе жатқан қаншама қазақ балалары ер жетіп, бой жетіп келеді. Бұл – отбасылық қана емес, бүкіл ұлттық мәселе. Бұл мәселе ұлттық дертке айналмауы тиіс.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қазіргі таңда ажырасып жатқан отбасылардың саны көбеймесе, азаяр емес. Неліктен ажырасу салдары көбейіп кетті, талдау жасап көрелік. Жалпы отбасылық қақтығыстарға ерлі-зайыптылар арасындағы; ата-ана мен балалары арасындағы; туыстар арасындағы; бауырлар арасындағы, т.б дау-дамайларды жатқызамыз. Ресми мәліметтер бойынша алдыңғы жылы Қазақстанда 143 жасөспірім өмірімен қош айтысқан. Ал, кәмелетке толмаған дәл сондай 306 жасөспірім суицидке әрекет жасаған. Оның басты себептерінің бірі – ата-анасының ажырасуы мен ата-анасымен ортақ мәмілеге келе алмауы, ата-ананың баласына түсіністікпен қарамауы. Иә, өкінішке орай, статистикалық мәліметтердегі цифрлар күннен-күнге сырғып өсуде.
Отбасылық қақтығыстардың болу себептерін өмірлік мысалдармен жеткізуді жөн көрдік. Осы тақырып аясында бірнеше кейіпкерден жауап алып көрген едік:
1. Жандос (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді)
-Ата-анам мен 14 жаста болған кезде ажырасып кетті. Бұл кезде менде өтпелі кезең болып жатқан еді. Олардың ажырасып, жолдарының екіге айырылуы мен үшін өте ауыр болды. Біраз уақыт қабылдай алмадым. Мен анамның қолында қалдым. Бірақ мен ер бала болғандықтан әкемнің тәрбиесі өте қатты керек болды. Анама да, әкеме де қатты ренжідім, ол реніш ішімде әлі бар. Қазір жасым 21-де, бірақ мен осы жарамен әлі өмір сүріп келемін. Толық отбасында өскен, ата-анасы бар балаларға қызығып, қызғанып ер жеттім. Өкінгеннен пайда жоқ, олар бәрібір де қайта қосылмайды. Әкем өнер адамы болатын, сол себепті үйде жиі болмайтын. Ал, анам осы үшін жиі ұрыс шығаратын. Анам «Бізге аз көңіл бөлесің, ұлыңның тәрбиесіне мүлде алаңдамайсың» деп әкеме ренжитін. Әкем «Отбасымызды қаржылай қамтамасыз ету үшін еңбектеніп жүрмін ғой» деп анама көптеген ауыр сөздер айтатын. Күнде осындай кикілжіңді, қақтығысты көріп өстім. Анамның айтқаны да жөн, бала тәрбиесі бәрінен де маңызды ғой.
Яғни, алғашқы себептердің бірі- отбасындағы тұрақсыздық, екі жақты келіспеушілік. Әкесінің сонша жұмысбасты болғанының салдарынан отбасылық қақтығыс туындап оның соңы ажырасу жағдайына әкеп соқтырды. Демек, отбасылық қақтығыстардың шығу тегі – екі жақтың теңдікте болмауы. Анасы ғана бала тәрбиесіне, отбасы құндылықтарына мән беріп, әкесі әр нәрсені сылтау етіп, тек жұмысына ден қойғанның салдарынан бүтін бір отбасы екіге бөлінгеніне куә болып отырмыз.
2. Альбина (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді)
-Менің ата-анам қаржылық жағдайдың кесірінен ажырасып кетті. Әкемнің тапқан табысы біздің отбасымызға мүлде жетпейтін, үйде 4 ағайындымыз. Анам болса үй шаруасымен айналысып, жұмыс істемеді. Әкем құрылыста жұмыс жасады, жалақысы тұрақсыз болатын, біресе береді, біресе бермейді. Сондықтан қатты таршылық көрдік. Анам осы себепті ұрыс шығарып, әкемді біздің көзімізше табалайтын. Осылайша екеуі ажырасып кетті. Қазір бауырларым өсті, жетілді, інім екеуміз жұмыс істеп, отбасымызға көмектесеміз. Анамыз жалғыз басты ана болғандықтан, үкіметтен кішкене қаржылай көмек алады әрі асханада аспаз болып ақша тауып жүр. Әкеміз бізге алиментті кейде төлейді, кейде төлемейді. Бұл менің жүрегіме қатты батады. Отбасының бұзылуына бір ғана ақша әсер етіп, осындай жағдайға тап болғанымызға жүрегім қатты ауырады.
Екінші себеп – ақша. Яғни, қаржылық жағдай әрдайым проблеманың туындауына әкеп соқтырады. Ақшаны «қолдың кірі» деп жатады. Алайда, осындай маңызды жағдайларда ақшаның басты рөлді алып кететіндігі өте өкінішті.
Қорыта айтқанда, отбасы – біздің өміріміздегі ештеңемен айырбастауға тұрмайтын басты байлық. Отбасыны берік ұстауда, шаңырақтың шайқалмауына күйеуінің де, әйелінің де атқаратын міндеттері өте көп. Кішкене дүниені үлкен мәселе деп қарастыра берсек, отбасындағы қақтығыстардың бітпейтіні сөзсіз. Сол себепті отбасы құруда екі жақты теңдік пен өзара түсіністік өте маңызды болып табылады.
Айдана Шалқарова
Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б.Рушанова
