«Президент болса деп едім». Юрий Шевчук Астанада Навальныйға арнап ән айтты
Ресейлік ДДТ рок-тобының көшбасшысы Юрий Шевчук Астанада концерт өткізді. Ол өзінің танымал әндерінің бірі – «Свободаны» Алексей Навальныйдың рухына арнап айтты.

Шевчук әнді орындар алдында залға қарата сөз сөйледі.
«Бізге, ресейліктерге, еркіндік туралы айтып жүретін Алексей Навальный қайтыс болды. Ол еркіндік туралы жақсы айтты. Біз бәріміз өте жақсы мағынада еркін бола алатынымызды атап өтті. Ол еркіндіксіз сенім табынушылық екенін айтты. «Еркіндіксіз еңбек – құлдық. Арзан, ауыр құлдық. Еркіндіксіз махаббат – озбырлық» деді. Еркіндіксіз ештеңе болмайды. Бәрі қара түнек болып кетеді», – деді әнші.
Шевчук бұрын саяси мақсатта қамалғандарды, соның ішінде Алексей Навальныйды да қолдап сөз сөйлеген. Ол тіпті болашақта Навальныйды Ресей президенті ретінде көргісі келетінін айтты.
Айта кетейік, 16 ақпанда Ресейдің Жазаны орындау федералдық қызметі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Ямалдағы түрмеде көз жұмғанын хабарлады. Оның өлімінің ресми себебі айтылған жоқ. Навальныйдың денесі туыстарына әлі берілмеген. Мұның себебін Тергеу комитеті жүргізіп жатқан тексерумен түсіндіріп отыр. Оппозиционердің жақтастары ол өлтірілген деп санайды.
