Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ресейдің қазіргі насихатына Қазақстанның көзқарасы немесе экономикалық форумдағы «шулы» мәлімдемесі

Мемлекет басшысы өткір мәлімдемелер мен журналистердің сауалдарына нақты жауап берді. Кездесудің экономикалық мақсаттары мен міндеттеріне қарамастан, басқосуда әлемдік саясат, атап айтқанда, Украинадағы соғыс тақырыптары, Ресейдегі дағдарысқа санкциялардың әсері, әлемдегі экономикалық және азық-түлік дағдарысы талқыланды.

Санкт-Петербургте өткен Халықаралық экономикалық форум Ресейдегі және оның айналасындағы дағдарыс жағдайының тағы бір көрінісі болды. Жарнамаға, үгіт-насихатқа және шулы мәлімдемелерге қарамастан, Мәскеудің күрделі экономикалық және саяси мәселелерін жасырып қалуы мүмкін емес. Ұзақ уақыт бойы экономикалық форум маңызды оқиғалардың және Ресейдің әлемдік экономика мен бизнеске ашықтығының белгісі болды. Онда жаңа серіктестермен ынтымақтастық пен іскерлік жоспарлар талқыланатын. Кезінде оған Қытай төрағасы Си Цзиньпин, канцлер Ангела Меркель сынды әлемдік көшбасшылар белсене қатысқан. Бірақ Украинадағы соғысқа байланысты соғыс пен санкциялар форумның ғана емес, бүкіл Ресейдің жетістіктерін жоққа шығарды.

Қазақстан Президенті Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумына тікелей қатысуға келісім берген жалғыз мемлекет басшысы болды. Бәлкім, Ресейдің көптеген серіктестері мен көшбасшылар қатысудан бас тартқан бұл шараны халықаралық еткен Президент Қ.Тоқаевтың қатысуы болса керек.

Қ. Тоқаевтың сөйлеген сөзі Қазақстанның барлық сыртқы экономикалық саясатта Ресейге ғана емес, Қытайға да үміт артатынын тағы да растады. Ол бұл туралы ҚХР – дың Қазақстанға 22 миллиард доллар (Ресейдің инвестициясына 7 миллиард АҚШ доллары), "Бір белдеу-бір жол"мегажобасын, Huawei және Шанхай ынтымақтастық ұйымы мысалға ала отырып айтқан болатын. ҚХР-ға байланысты айтылмай қалған жалғыз жайт – ҚХР Қорғаныс министрі Вэй Фэнхэнің келуі және ҚХР-дың Санкт-Петербургтегі экономикалық форумға небәрі 2 ай қалғанда Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беруі болды. Қазақстанға ҚХР мен Түркиядан берілген қауіпсіздік кепілдігі Президент Қ.Тоқаевқа ашық болумен қатар, Донецк пен Луганск сепаратистерінің егемендігін тануға қатысты В. Путинмен келіссөздерде өзін сенімді сезінуге мүмкіндік бергеніне күмән жоқ. Оған қоса, экономикалық форумға 2 ай қалғанда Қ.Тоқаевтың Анкараға мемлекеттік сапары кезінде Президент Т.Ердоған «қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алуға дайынбыз» деп баса айтқанын еске сала кеткен жөн.

Күннің ең маңызды оқиғасы ретінде Ресей президенті Владимир Путин қатысып отырған форумда кремльшіл журналист Маргарита Симоньян Тоқаевтан Ресейдің Украинадағы "арнайы операциясына" пікірін сұраған есте қалды. "Бізді бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады... Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 - 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл қаңиданы Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз" деп жауап берді. Сонымен қатар, Қазақстан басшысы ресейлік депутаттардың, журналистер мен мәдениет қайраткерлерінің Қазақстанның егемендігі мен саясатына қатысты орынсыз мәлімдемелерге жол беріп отырғандығын да айтып, тағы бір маңызды ескерту жасады. «Шынымен де, біздің халықтардың арасында түрлі жолмен қоздыратындай ешқандай мәселе жоқ. Мұндай мәлімдемелер Ресей Федерациясының өзіне зиянын тигізеді, деді Ресей қайраткерлерінің Қазақстан басшылығының шешімдерін түрлі сарында сынай беретінін атап өтті.

Алайда ірі федералдық ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Қ. Тоқаевтың ДХР мен ЛХР туралы айтқандарын жарияламады. Жаңалықтардан да көрсетпеді, мақала жазбады. Керісінше, үгіт-насихат журналистері «Қазақстан Президентінің бұл қоғамдық манифесі тікелей Ресейге қарсы бағытталған... Қазақстан қазірдің өзінде Ресейдің аумақтық тұтастығын мойындамайды және оны бұдан былай да солай істейді Тоқаев жон арқамызда пышақ сұқты» деген сияқты сөздермен қарсы бағытталған үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Өз кезегінде Қазақстанның Луганск пен Донецк сепаратистерін мойындамауы туралы хабарламаларды қазақстандықтармен бірге түрік және украиндық БАҚ пен журналистер көбірек таратты.

Президент В.Путиннің Қ.Тоқаевтың есімін үшінші рет дұрыс айтпақ болып әрекет жасауы да әлемдік аудиторияның сынына қалды. Бұл туралы белгілі ресейлік оппозициялық саясаткер, Екатеринбург қаласының бұрынғы басшысы Евгений Ройзман былай деді. «Мен бұрынғы шенеунік ретінде айтатын болсам, егер сіз кенеттен оның әкесінің атын ұмытып қалсаңыз немесе басқаша атасаңыз, бұл оны ескермегенді, яғни шындап қабылдамағанды білдіреді ... Бұл құрметтемеудің белгісі.»

Экономикалық форум оның Украинадағы соғыстың аяқталуы сияқты экономикадан алыс екенін көрсетті деп қорытынды жасауға болады. Әлемдік көшбасшылар мен форумның дәстүрлі қонақтарының жеке қатысуының болмауы Мәскеумен экономикалық қатынастардың қаупін көрсетеді.

Талибан мен сепаратистердің форумға қатысуы да мұндай ресейлік жобаларды саяси тәуекелдер мен екінші реттік санкциялардан гөрі тұрақтылық пен сенімді қажет ететін ірі бизнестен алшақтатады. Форумды ұйымдастырушылардың Путиннің харизмасымен көрермендердің қысымына деген үміті ақталмады. Қазақстан көшбасшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде ешкімге жалтақтамай Қазақстанның егеменді, тәуелсіз ұстаным ұстанатын ашық түрде айқындап айтып берді. Қ.Тоқаевтың мәлімдемесі «үшінші» елдердің қолдауының нәтижесінде ойластырылған жауап болуы да мүмкін. Дегенмен, ендігі уақытта барлық елдер мен басшыларды «бізбен немесе қарсылар» деп екіге бөліп қараған В.Путиннің шешімдеріне дайын болуымыз керек екені анық. Бұған дейін В.Путин мен Қ.Тоқаевтың 2019 жылы Валдай клубы аясында өткен кездесуінде Қазақстан Президентінің сөзін С.Хусейнмен салыстырғандай, жауап болмай қоймайды. М.Симонянның «бәлкім, қазір сөз таластырып отыратын кез емес екенін бәріміз түсінуіміз керек» деген «фрейдтік» ескертпесі де, Қазақстанмен дау-дамайдың «уақыты» болатынын анық растайды.

0
0
297

Осы тақырып бойынша

Ресейдің қазіргі насихатына Қазақстанның көзқарасы немесе экономикалық форумдағы «шулы» мәлімдемесі - Yvision.kz