Құрметті жерлестер
Құрметті жерлестер! Көктемгі су тасқыны еліміздің көптеген аймақтарына залал келтіріп жатырғаны мәлім. Өкінішке орай, ауданымыздың Талов және Жақсыбай ауылдарына келген су арналардан тасып, тұрғын үйлер мен түрлі нысандардың ішіне еніп кетуде. Соның салдарынан ауыл тұрғындарының мүлкіне шығын келіп, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуде. Бұл жағдайда, жергілікті атқарушы органдар тиісті мекеме, ұйымдармен бірлесе отырып, тұрғындарын құтқару, оларды қауіпсіз орындарға орналастыру, сондай-ақ табиғи апаттың салдарын жою бойынша қажетті шараларды қолға алуда. Бұл тұрғыда, ауданның барлық тұрғындары қалыптасқан ахуалға алаңдаушылық танытып, облыстық және аудандық мәслихаттардың бірқатар депутаттары Есқайыр Елемесов, Біржан Қуаналиев және Бауыржан Қарақұлов жергілікті тұрғындардың хал-жағдайын білу және орын алған ахуалдың деңгейімен танысу мақсатында осы елді мекендерге арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, белгілі мөлшерде зардап шеккендерге азық-түлік таратып беретін болады. Әрине, заңнама талаптарына сай мемлекеттік қолдау шеңберінде зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіліп, бұзылған және бүлінген мүлікті қалпына келтіру бойынша шаралар іске асырылады. Дегенмен, ауданымыздың жанашыр жандары тысқары қалмай жақсыбайлық және таловтық ағайындарға қолұшын беруге дайын. Сол себептен де жағдайдың күрделілігі мен ауырлығына қарамастан біз сабырлық пен ауыз бірлігімізді сақтауымыз қажет. "Бірлік болса, тірлік болады", демекші бұл жағдайды да біз бастан өткереміз. Біздің күшіміз - бірлікте.

