Мазмұнға өту
Обложка сообщества Общество

Шала атауы және шала қазақтар туралы

Негізі "шала" тек "шала қазақ" деген атаумен біздің жұртқа ғана емес, сонымен қатар, Бұқар еврейлеріне қатысты екенін айтуымыз керек. Мысалы, Электрондық еврей энцикопедиясына қарасақ, шала ұғымы тәжік тілінде жартылай, толық емес деген мағына береді екен. Шала деп мысалы, Орта Азияның Ходжент, Самарқанд, Қаттақорған, Хиуа, Марғұлан, Шахрисябз, Бұқара және т.б. қалаларында тұрған, кейін ислам дінін қабылдаса да оқшаулау өмір сүрген жаңа мұсылман-еврейлерге қатысты айтады. Олардың саны мәселен, 1832 жылы Бұқарада 300 отбасыны құрағанан көреміз, ал, 1864-1884 жылдары 2500 адам болған. Дегенмен, ассимиляциялық әсерден байқағанымыздай, еврей шалалары кейін тәжік не өзбек халқының құрамына сіңіскен (тілдері еврей-тәжік тілі), дегенмен, 1989 жылы бірнеше шала отбасының Израильге қоныс аударғаны белгілі және Орталық Азиядағы шалалар ең алдымен өз ішінде отбасы құрады екен.

Ал, жалпы, кезінде саны көп болған Бұқар еврейлері (Орта Азия еврейлері) толықтай АҚШ, Израиль сияқты елдерге көшіп кетті. Орта Азия елдерінде аздаған бөлігі ғана қалды. Енді, олар біз үшін тек этнографиялық материал ретінде құнды.

Тиісінше, қазақ шалаларына келетін болсақ, ол туралы Шоқан Уәлиханов былай деген еді: “Чалаказаками, т.е. полуказак (киргизы называют себя казак, яғни қазақ), называются выходцы из среднеазиатских владений, вступившие в русское подданство с записанием в киргизские волости на общих с киргизами правах. Их очень много в округах восточной части Степи: Аягузском, Кокпектинском и в Большой орде”.

Ал, негізінде, шала қазақтарды көшпелі және отырықшы жұрттардың түйіскен тұсында байқауға болады. Мысалы, шала қазақтар Орта Азия халықтарымен, тараншылармен (ұйғырлармен), татарлармен және өзге де ұлыстар өкілдерінің қазақ қыздарымен не қазақ еркектерінің аталған ұлт қыздарымен некелесуінен туған ұрпақтардан тарағанын білеміз. Әрине, олардан өзге де жұрттар болуы мүмкін, мысалы, Қырғызстандағы Бішкек төңірегі мен Талас өзені аңғарында тұратын қырғызданған қазақтар кезінде шала қазақтар (үйсін қырғыз, Ұлы жүздің үйсіндері болса керек) деп аталғандары болған. Шала қазақ ауылы, қазіргі Қызыл әскер ауылы да Бішкеке түбінде орналасқан, тағы бір қызығы Қырғызстанның Хутор ауылында да қазақтар тұрады екен, бірақ, олардың шала болмаса да қызғыз халқымен бірігу үрдісі жүріп жатыр. Бір қызығы Ташкент төңірегі ғана емес, Қапал, сондай-ақ, Өзбекстанның Наманған облысының Жаңақорған (Янгикурган) ауданында да шала қазақтарды кездестіруге болады. Соған қарап, шала қазақтар ареалынын кеңейтуге болады деп санаймын. Жалпы, шала қазақтардың этногенезінде жоғарыда аталған халықтардан өзге, түркімендер мен қалмақтардың және т.б. ұлыстардың үлесін көруге болады. Ең қызығы, шала қазақтар бір-екі атадан кейін толықтай қазақылана бастайды, әрине, этнологтар үшін өте қызықты тақырып, дегенмен, мысалы, менің басты айтпақ ойым қазақ халқының ассимиляциялық әлеуеті әрқашан жоғары болған.

Мәселен, Н. Г. Маллицкий атты ғалым 1913 жылғы "Қазақтар" атты этнографиялық очеркінде қазақтардың ассимияциялық әлеуеті жөнінде былай дейді:

"Бөкей Ордасы құрамында Еділ татарлары мен қарақалпақтар қазақтарға, Қазалы және Ташкент өңірінде қызғыздың бағыш руы қазақтың бағыс руына айналды, Шымкент пен Ташкент түбінің және Қызылқұмның оңтүстік бөлігінің қарақалпақтары қазақыланды". Әуел баста қазақ-қарақалпақ не қарақалпақ-қазақ деп аталғанымен, енді оларды қазақтардан ажырату қиын екенін жазады.

Ташкенттің солтүстік мен жалпы Түркістанның (Орталық Азияның) кейбір басқа жерлерінде тұратын шала қазақтар (құрамалар) жартылай отырықшылық күй кешкенін жазып кетіпті. Бір қызығы, жоғарыда айтқан Наманған шала қазақтарының бір бөлігі осы құрамалар болса керек, өйткені, кейбір құрамалардың шамамен мың адамы Ферғанада, Наманған және Әндіжан жерінде қалып қояды!

Тақырып әлі де зерттеуді талап етеді, қалай десек те мұндай уақиға кез келген жұрттың (ұлттың) басынан өтетін жайт!

Суретте: 19 ғасырдағы шала қазақ еркегі мен әйелі (суреттер Түркістан альбомынан алынды)!

1
0
1029

Осы тақырып бойынша