Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сымбат сән үйі

Қазақстан сән индустриясының негізін қалаушы «Сымбат» сән академиясы 1947 жылы тігін зертханасы негізінде құрылған. Осы кезеңнен бастап компания өндіре бастаған prêt-â-porter өніміне бүкіл ел жұртшылығы қызығушылық танытты.

Бастапқыда «Республикалық киім, аяқ-киім және трикотаж үйі» аталған ол бүгінде бүкіл әлемге танымал холдингке айналған. «Сымбаттың» құрылуы республикадағы тұңғыш сән журналының және сән театрының ашылуына жол ашты. «Сымбат» сән журналы 1958 жылдан бастап жарық көре бастады. Ал 1987 жылы Қазақстанда тұңғыш сән театрының негізі қаланды.

1972 жылы Қазақстан мамандарының қолымен жасалған сән алғаш рет шетел асты. Бұл жылы академия тарихында оның киім топтамалары өзге мемлекеттердің сән майталмандарының сарабына салынып, сынға түсті.

Топтамалар көрсетілімі 1972 жылы Болгарияда, 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жылы Италияда өткен халықаралық сән фестивальдерінде өтті. Ал 1988 жылы «Сымбат» сән үйі Чехословакияда өткен ұлттық нақыштағы киім топтамалары фестивалінің бірінші көрсетілімінде «Золотая Лента» бас жүлдесіне ие болды.

35 жылдың ішінде сән академиясы әлемдік деңгейде өткен 40-тан астам халықаралық сән фестивальдерінде өз көрсетілімдерін ұсынып, 30-дан астам мемлекеттің сән байқауларына қатысқан. 2000 жылы «Сымбат» «Бірінші халықаралық «Ұлттық костюмнің жоғарғы деңгейдегі сән үлгісі» байқауын» (первый Международный конкурс «Высокой моды современного национального костюма») ұйымдастырды.

Ол Сібірде, Мәскеуде, Дубайда, Вашингтонда өтіп тұратын сән апталықтарының тұрақты қатысушысы. «Сымбат» ұлттық киім үлгілерін заманауи сән талаптарына сәйкестендіре отырып, соны, ерекше, айрықша киім дизайндарын жасаумен айналысады. Сондай-ақ академияның сән мамандары Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының эталоны мен ҚР Президенті Н.Назарбаевтің штандартын жасап шығарған. 2007 жылы «Сымбат» сән үйі өзінің 60-жылдық мерейтойын атап өтті.

Компанияның «pret-a-porter» және «haute couture» топтамаларының көрсетілімі халықаралық подиумдарда жылына екі мәрте өткізіліп тұрады. Бренд пайда болғалы бері оның сән үлгілерінің саны 150 000-нан асты. Сән үйі жыл сайын өз киім үлгілерін Қазақстанда 20-ға жуық, ал шетелдерде 10-ға тарта көрсетілімдері арқылы көпшілікке ұсынып келеді.

Қазақстандағы ірі шетел фирмалары үшін арнайы киім дизайнын жасап шығаратын алғашқы және жалғыз компания болып саналады. Мәселен, «Must industries» (АҚШ, Нью-Йорк) секілді танымал компаниялар үшін аты әлемге әйгілі «Chico’s», «White and black», «Victoria secrets» атты сауда маркаларымен киім үлгілерінің айрықша дизайнін жасап шығарады.

2003 жылы Мәскеуде өткен кәсіби fashion – сән апталығында (Moscow fashion week) үздік киім топтамаларын ұсынды. Ресейден басқа да Дубайдағы (DIFW), 2007 жылы Вашингтондағы (DC Fashion week) және Сібірдегі сән апталықтарына (SFW) қатысып, елге үлкен сыймен оралып отырды.

«Сымбат» тек Қазақстанның және КСРО-ның үкімет мүшелері үшін ғана емес, сонымен қатар Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Корей мемлекеттерінің бірқатар үкімет басшылары үшін де сыйлықтық бұйымдар дайындады. 2006 жылы әйгілі голливудтық актер және продюсер Стивен Сигал Академиядағы арнайы «Сымбат» VIP салонында» ұсынылған 2007 жылғы көктем-жаз топтамасынан өзінің өмірлік серігі үшін бұйымдар алған болатын.

0
0
888

Осы тақырып бойынша